Еліміздің Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасыл экономикаға өту жайлы айтты. Жолдауда болашақта бүкіл әлем жасыл экономикаға сөзсіз өтетіні туралы атап өтті. Оның басты себебі – климаттың өзгеруі. Ендеше, әлемдегі климат қалай өзгеріп жатыр, оған қатысты қандай шаралар жүзеге асуда және Қазақстанның орны қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
БҰҰ МҮДДЕЛІ
Қазір әлемде болып жатқан экологиялық белсенділік жайлы күнде естиміз. Оған етіміз де үйреніп қалды. Жер-жерден эко-белсенділер климат өзгерісі мәселесін көтеріп, наразылық акцияларын ұйымдастыруда. Шынында да, осындай мәселе қазір өзекті.
Грета Тунберг есімін көпшілігіміз естіген, не оқығанбыз. Ол Швециялық жас экологиялық белсенді. Оның есімі 2018 жылы әлемге белгілі болды. Жас белсенді Швецияның парламенті алдында климаттың өзгерісіне қарсы әрекет етуді талап еткен.
Климаттың өзгерісіне қарсы БҰҰ деңгейінде де шаралар қолданылады. Арнайы комитет те бар. Ұйымның көлемінде саяси-құқықтық негіз де қалыптасқан. Ең негізгі бастамалар 1990 жылдары қолға алынды. Одан кейін 2015 жылғы Париж келісімі бұл жұмысқа жаңа серпін берді. Келісімнің басты мақсаты – әлемдегі парниктік газдардың көлемін төмендету. Сол арқылы ғасырымыздың соңына дейін атмосфералық ауаның температурасын 2 градусқа дейін өсірмеу.
Ауаның ластануы жайлы зерттеу орталықтары да дабыл қағуда. Мысалы, Швейцариялық IQAir компаниясының 2022 жылғы есебінде әлемнің тек 5% елінде ғана ауа таза. Оларға Аустралия, Эстония, Финляндия, Гренада және Исландия енеді. Соларда ғана ауадағы зиянды элемент PM2,5 мөлшері аз. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының көрсетуінше оның көлемі жылына 5 мкр/м3-тан аспауы тиіс. Соған сәйкес әлемдегі ең лас елдер қатарына Чад (89,7 мкг/м3), Ирак (80,1 мкг/м3), Пәкістан (70,9 мкг/м3) және Бангладеш (65,8 мкг/м3) кіреді. Ал әлемдегі ең лас қалалар қатарында Лахор (Пәкістан), Хотан (Қытай), Бхивади (Үндістан), Дели (Үндістан) және Пешавар (Пәкістан) бар.
НЕ КЕДЕРГІ?
Бүгінгі күні Париж келісіміне 194 мемлекет қол қойған. Алайда, әлем елдерінің с аяси жігері жеткіліксіз болғандықтан әлі күнге дейін айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Оған түрлі факторлар әсер етеді. Екі дилемма бар. Бірі экономикалық, екіншісі экологиялық. Экологиялық бастамалар, яғни жасыл экономикаға өту көптеген елдер үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Оның үстіне әлемде геосаяси, геоэкономикалық текетірес бар.
Мұның жарқын мысалы Дональд Трамп президент болған тұстағы Америка Құрама Штаттары. Ол билікке келісімен Париж келісімінен АҚШ-ның шығатынын мәлімдеді. Мұндай мәлімдемені 2017 жылдың 1 маусымында жариялаған болатын. Себебі, келісімнен шығу бастамасы оның сайлауалды бағдарламасында бар-тұғын. Бұл арқылы сайлауда пайдалы қазбаларды өндіретін америкалық компаниялар мен ондағы жұмысшылардың дауысын алуға тырысты. Осылайша 2020 жылы 4 қарашада олар келісімнен толық шықты. Алайда, Джо Байден билікке келісімен АҚШ қайтадан Париж келісіміне оралды. Осындай шешім де оның сайлауда жеңіске жетуіне себепкер болды. Себебі, Америкада да экологиялық белсенділік жоғары.
Тағы мысал ретінде Үндістанның экономикалық саясатын атап өтсек болады. Жоғарыда біз ең лас қалалардың ішінде Үндістанның екі қаласын атап өттік. Алайда, мәселе мұнымен шектелмейді. Әлемдегі 50 ең лас қаланың 39-ы Үндістанға тиесілі. Оған әлемнің өндірістік орталығы боламыз деген экономикалық саясаты себеп болып отыр.
АТҚАРАР ІС КӨП
Қазақстан Париж келісіміне 2016 жылы қол қойды. Президенттің 20 шілдедегі Жарлығымен қол қойылған келісім 4 қарашада ратификацияланды. Бұл еліміз 2030 жылға қарай ауаға тарайтын зиянды СО-2 көлемін 328 млн тоннадан асырмау керек дегенді білдіреді.
EDGAR деп аталатын Еуропалық зерттеу мәліметі бойынша Қазақстан парниктік газдарды шығарудан ТОП-20 елдің құрамына енеді. Сарапшылар мұндай қорытындыға 1970–2018 жылдардағы мәліметтерді зерттеу арқылы келген. 1990 жылы жылына 381,7 млн т СО-2 бөлінсе, 2020 жылы 351,2 млн т болған. Ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркеліп, 401,7 млн тоннаны құраған. Тәуелсіздік тарихындағы ең төмен көрсеткіш 1999 жылы 235,9 млн тоннаны құрады.
Сарапшылар ауаның ластануының бірнеше себептері бар дейді. Ең басты сала «Энергетика». 2020 жылы ластанудың 75% осы салаға тиесілі екен. Олар жағдайды реттеу үшін энергияны қолданудың тиімді, үнемшіл жолдарын іздестіруді ұсынған. Бұл биылғы Жолдаудағы экономикалық модельдің үнемшілдік өзегіне сәйкес келеді. Одан кейінгі орында «Өнеркәсіп» саласы. Сол жылы 22%-дан астамы осы салаға тиесілі болған. Бір қызығы, ауыл шаруашылығынан да ауа ластанады. Ғалымдар бұл саланы барынша ақылды басқару мен диверсификация жасауға кеңес берген.
Мұның бәрін жүзеге асыруға қауқарымыз жетеді. Әлемдік сарапшылар да осылай дейді. Notre Dame-Global Adaptation индексі бойын ша 2019 жылы еліміз 40-орынды иеленген. Ал 2021 жылы 36-орынға көтерілдік. Бұл индекс елдердің климаттың өзгеруіне бейімделу деңгейін есептейді.
Оның үстіне Париж келісіміне қол қойғандықтан, жауапкершілік те алдық. Ол міндеттерді жүзеге асыруға саяси-құтықтық негіз де бар. 2021 жылы жаңа «Экологиялық кодекс» қабылданды. Ауадағы көмірсутекті азайту бағытында 2060 жылға дейінгі стратегия да қабылданды.
«Аlmaty-akshamy» №108, 12 қыркүйек, 2023 жыл