ffin.kz

Жошы хан және Қазақ тарихы

Жошы хан және Қазақ тарихы almaty-akshamy.kz

·        Жошы ұлысы – 800

 

    Қай кезде де ел тарихы туралы  ойланып, тебіреніп, назарымызды өткен жолымызға  қарай бұрсақ, ойымызға ең алдымен, бірнеше мыңжылдықтар бойы  ел аумағында үздіксіз және сабақтастық принциптер бойынша  тоқтаусыз жүрген тарихи  үдерістер,  ондаған жылдардан бірнеше ғасырға дейін  өмір сүріп,  ұмытылмастай терең із қалдырған  үлкенді-кішілі мемлекеттер,  аса маңызды, әрі  ауқымды ірі оқиғалар,  маңызы зор  шайқастар,  өркениет ошағы мен  мәдениеттердің  белгісі  болған көне қалалар мен қоныс-тұрақтар,  құпиялары әлі ашыла қоймаған  қорғандар мен обалар, ерекше сәулетті кесенелер мен мазарлар және де ең маңыздылардың алдыңғы қатарынан орын алатын,  артында  өшпестей  із қалдырған,  аса көрнекті, ұлы  тарихи тұлғалар түседі.

    Тіпті, кейде тарихтың өзі ірі тарихи тұлғалардың өмірі мен іс-әрекеттерінен тұратын сияқты боп көрінеді. Үстіміздегі 2024 жыл –  Жошы ұлысының 800 жылдық тарихи датасымен  сәйкес келуін және бұл датаның елімізде аталып өтіп жатқанын ескере отыра, газет оқырмандарын Жошы ханның өмірімен, ол негізін қалаған Жошы Ұлысының Қазақ Елінің тарихымен байланыстығын сөз етуді жөн көрдік.

 

   

Шыңғыс хан ұрпақтарының әлем тарихында қалдырған іздері көп...

 Қай елдің тарихында болмасын ірі тарихи тұлғалар жетіп-артылады. Солардың арасында  есімдері іс-әрекеттері арқылы ондаған халықтардың тарихында сақталып қалған, ұрпақтары да сондай елдердің тарихында із қалдырған тұлғалар болады. Сондай тұлғалардың бірі – атақты Шыңғыс ханның ұлы Жошы хан. Шыңғыс ханның ұлдары мен немерелерінің әлем халықтарының тарихында қалдырған іздері көп. Ал Бөрте бәйбішеден туылған Шағатай мен Жошы ұлдарының Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр тарихында алар орны ерекше.

Аталған ұлдардың есімдерімен тікелей байланысты Орталық Азия халықтарының тарихында – Шағатайлықтар мемлекеті, шағатай тілі, шағатай жұрты, Жошы ұлысы, жошылық ұрпақтар, Жошы ханның мавзолейі деген атаулар тұрақты түрде орын алған. Бұл дегеніміз, Шыңғыс ханның осы ұлдарының аталған аумақтың тарихында өшпестей із қалдырып, маңызды орын алғанын көрсетсе керек.

      Жошы ханның өмірі туралы ең алғашқы мәліметтер 1240 жылы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» (Сокровенное сказание. Монгольская хроника 1240 г.), Фазлаллах Рашид ад-диннің (1247-1318)  1310/1311 жылы жазылған  «Жылнамалар жинағы» (Жамиғ ат-тауарих) және қытай тіліндегі Юань ши (Юань әулетінің тарихы)  атты шығармаларда баяндалады. Ал кейінгі авторлар Жошы хан туралы мәліметтерді осы үш тарихи еңбектен алады.

Жошы хан – атақты Шыңғыс ханның ең құрметті,  ең сыйлы, алғашқы әйелі Бөртеден туылған төрт ұлының үлкені. Шыңғыс ханның Бөртеден 4 ұлы, 5 қызы болғаны белгілі.  Шыңғыс ханның  тұңғышы қыз, есімі – Фуджин-бегі, екіншісі ұл – Жошы. Жазба деректерде, соларға сүйенген ғылыми зерттеулерде Жошының туған жылы 1182 жыл, ал кейбір авторларда 1184 жыл деп көрсетіледі.  Рашид ад-дин шығармасында Жошының  дүниеге келуі былайша баяндалады. Оқиғаның қысқаша баяны мынадай:

Шыңғыс хан әлі билікке келмей, Моңғол үстіртінде аумалы-төкпелі заман орнап,  тайпалардың бір-бірімен алысып-жұлысып жатқан кезінде болады. Меркіт тайпасы ыңғайлы жағдайды пайдаланып, Темучин жоқ кезде Ордасына шабуыл жасайды да, мол олжамен бірге  екі қабат Бөртені тұтқындап кетеді. Меркіттер мен кереиттер арасында сол тұста бейбіт қатынас болғандықтан,  аяғы ауыр Бөртені меркіт билеушісі кереит ханына сыйлап жібереді.

 Ал өз кезегінде кереит ханы Шыңғыс ханның әкесімен кезіндегі достығын ескеріп, Бөртеге құрмет көрсетеді және «Әйеліңді алып кет» деп  Темучинге  хабарлайды. Темучин әйелін алып келуді ең сенімді серігі жалайыр Саба ноянға тапсырады. Саба ноян келіншекті алып келе жатқан кезде, орта жолда кенеттен Бөрте босанады. Жолдың қауіптілігін ескерген Саба ноян дорбадағы ұннан қамыр жасап, сол қамырға баланы орап, Темучинге  аман-сау жеткізеді. Балаға Жошы деп есім беріледі, ол «күтпеген қонақ» деген мағына береді екен. Жалайыр Саба ноян  Жошыға аталық болып бекітіледі де, кейіннен Саба ноянның ұрпақтары Дешті Қыпшақтың билігіне келген Жошы ұрпақтарына аталық болады. XVI-XVII ғасырлар шенінде  қазақ қоғамында  осы дәстүр жалғасын тауып,  тарихшы  Қадырғали Жалайыр Шығай ханның немересі  Оразмұхаммед сұлтанға  аталық, кеңесші қызметін атқарады.

еректер Жошының дүниеге келуін осылай баяндайды да, оның 25 жасқа дейінгі өмірі туралы еш мәлімет бермейді. Оның есімі тек 1206-1207 жылдардан бастап жазба деректерде ұшыраса бастайды. 

   1206 жыл – Темучиннің Моңғол үстіртінде барлық қарсыластарын жеңіп, жеке-дара билікке келіп, бүкілмоңғолдық Құрылтайда Шыңғыс хан атанып, Моңғол мемлекетін құрған жылы.

 

Көрші елдер мен халықтарды  бағындыру саясаты

Келесі жылдан бастап Шыңғыс ханның көрші елдер мен халықтарды бағындыру саясаты жүргізіле бастайды. Сол саясатты іске асыруда Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өте белсенділік танытады. Саба ноян бастаған тәрбиешілері өте жақсы тәрбие беріп, Жошы 25-ке дейін нағыз жауынгер, батыл, ержүрек қолбасы, ақылды, алыстан ойлайтын тұлға болып қалыптасады.

Ол бұрын талай шайқастарға көптің бірі ретінде қатысса, енді алғаш рет 1207 жылы Моңғолияның солтүстігіндегі «орман халықтарын» бағындыру үшін әскерге қолбасшылық жасап жіберіледі. Жошының ерекше әскери таланты арқасында «орман тайпалары», енисейлік қырғыздар, теленгуттер өте аз шығынмен бағындырылады. Жошы өте аз шығынмен, өте мол олжамен оралып, әкесі Шыңғыс ханды қуантады.

Келесі жорық 1213-1214 жылдары Цзинь патшалығына бағытталып, үш бөлікке бөлінген моңғол әскерінің бірін Шыңғыс хан мен кіші ұл – Төлей, екінші бөлігін – Шыңғыс ханның кіші інісі Хасар, ал үшінші бөлігін – Жошы, Шағатай, Үгедей басқарады. Бұл жорық та моңғолдар үшін өте сәтті аяқталады. Жошы бастаған моңғол әскерінің келесі сәтті іс-әрекеті 1216 жылы Дешті Қыпшақ аумағында, Ырғыз даласында меркіттерді талқандауы және кездейсоқ,  әскері өзінен бірнеше есе көп Мұхаммед  Хорезм шахпенен ұрысқа түсуі болды. Осы шайқасында Мұхаммед Хорезмшах моңғол әскерінің қандай екенін біліп, олармен ашық майданда ұрысқа түсудің қауіпті екенін түсінеді. Бұл әскери жорықта да Жошы моңғол әскеріне басшылық жасап, барлық шешімді өзі қабылдайды.

Шыңғыс ханның 1219–1221  жылдары  Хорезм шахтарының мемлекеті мен Дешті Қыпшақ аумағына жасаған жорығында 150 мыңдық моңғол әскерінің үш бөлікке бөлінгені белгілі. Тағы да әскердің бір бөлігіне Шыңғыс хан мен кіші ұлы Төлей басшылық жасаса, екінші бір бөлігіне – ұлдары Шағатай мен Үгедей және үшінші бір бөлігіне жеке дара Жошы басшылық жүргізеді. Әр бағыттағы әскерлерге нақты міндеттер жүктеледі. Жошы басқарған әскер тобына  Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы қалалар мен елді-мекендерді бағындыру жүктеледі.

Жошы бұл тапсырманы да  өзінің әскери таланты мен қабілеті арқасында бұлжытпай орындап шығады. Осылайша  Жошының осыншама жеңістері оның атақ-абыройын өсіреді. Дегенмен де,  Жошының неғұрлым атағы мен абыройы өскен сайын оны көреалмаушылық та белең ала түседі. Жазба деректерде және соларға негізделіп жазылған  еңбектерде Жошыны көреалмаушылардың алдыңғы сапында туған інісі Шағатайдың тұрғаны айтылады.

1223 жылы Шыңғыс хан Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр аумақтарына жасаған жаулап алу соғыстарын толығымен жеңісті аяқтап, мемлекетінің аумағын ұлғайтып, империя деңгейіне көтереді. Келесі жылы, яғни 1224 жылы Шыңғыс хан Құрылтай ұйымдастырады да, жаңадан қосылған аумақтарды басқару үшін Бөрте бәйбішесінен  туған төрт ұлына бөліп береді. Ұлдарының үлкені Жошыға Ертіс өзенінен батысқа қарайғы  Қыпшақ даласын басқаруға береді. Балқаш көлінің солтүстік жағалауы, Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойы, Арал маңы, Хорезм өңірі Жошыға беріледі.

Сондай-ақ,  болашақта «моңғол жылқысының тұяғы жеткен жерге» дейінгі аумақтарды  бағындыру тапсырылады. Ол жерлер – Иран мен Ирак, Сирия жерлері деп көзделеді. Бұл жерлерді 1256–1260 жылдары Төлейдің ұлы Хұлағу жаулап алып, жеке Елхан әулетін қалыптастырған кезде, Жошы әулетінің өкілі Берке хан  мен Хұлағу және оның мұрагерлері арасында ұзаққа созылған соғыстар басталып кетеді.

Шыңғыс хан екінші ұлы Шағатайға Мауереннахр аумағын, Шығыс Түркістанды береді. Бұл жерлер Шағатай ұлысының құрамына еніп, кейінгі деректерде ол жердің тұрғындарын жалпы атаумен шағатайлықтар деп атай бастайды. Үшінші ұлы – Үгедейге Шығыс Қазақстан мен Батыс Моңғолия жерлері тиді. Ал Моңғолияның қалған барлық бөлігі кіші ұл – Төлейдің басқаруына  беріледі.   

·  Үстіміздегі 2024 жыл –  Жошы Ұлысының 800 жылдық тарихи датасымен  сәйкес келуін және бұл датаның елімізде аталып өтіп жатқанын ескере отыра, газет оқырмандарын Жошы ханның өмірімен, ол негізін қалаған Жошы Ұлысының Қазақ Елінің тарихымен байланыстығын сөз етуді жөн көрдік.

Алтын Орда – Жошы Ұлысы

Жошыға берілген жердің бәрі тарихта Жошы Ұлысы деген атауға ие болады. Ал оны басқарушы хан лауазымымен айтыла бастайды. Шамамен 1224 жылдан бастап Жошы есімінің жанына  «хан» титулы қосылып айтылады. Жошы Ұлысының алғашқы аумағына қазіргі Қазақстан жерінің далалық бөлігі, Хорезм енді. Кейіннен 1236-1242 жылдары Жошының екінші ұлы   Батудың (Батый) «Батысқа жеті жылдық жорығы» нәтижесінде Ұлыс аумағы батыста Дунай өзеніне дейін кеңейеді. Осы аумақтағы мемлекет кейіннен кейбір деректерде және ғылыми әдебиеттерде  Алтын Орда деген атауға ие болады. Бүгінгі күндері кейбір авторлар тарапынан Алтын Орда атауы мен Жошы Ұлысы атауы синоним ретінде қолданылады.

 Жошы хан 1227 жылы Орталық Қазақстандағы Ұлытау өңірінде аң аулап жүріп, әкесі Шыңғыс ханнан 5-6 ай бұрын қайтыс болады. Шыңғыс ханның 1227 жылы тамыз айында қайтыс болғаны нақты дәлелденген, олай болса Жошы 1227 жылы  наурыз-сәуір айларының бірінде   қайтыс болған деуге болады. Жалпы, тарих ғылымында Жошы ханның қалай қайтыс болғаны жөнінде бірауызды пікір жоқ. Осы жөніндегі мәліметтерге көз жүгіртсек, бірнеше нұсқаны көреміз. Олар мыналар: 1) Жошы хан аң аулап жүріп, аттан құлап өледі; 2) Жошы хан аң аулап жүргенде әкесі Шыңғыс хан жіберген жасырын арнайы адамдар майып етіп өлтіреді; 3) Шыңғыс ханның тапсырмасымен жасырын түрде тамағына у қосып беріледі.

    Жошы ханның мавзолейі күні бүгінге дейін Ұлытау өңірінде Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы аумағында, Жезқазған қаласынан  солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырымдай жерде, Малшыбай ауылының маңында  тұр. Қазіргі кезде Жошы ханның мавзолейі сол өңірдегі Алаша хан мавзолейі, Домбауыл кесенесі секілді тарихи ескерткіштермен бірге  тарихи туристік орындарды қалыптастырып отыр. Жыл сайын бұл маңға келетін туристер саны артуда. Тек қана сол тарихи орындарға баратын жолдар жөнделіп, талаптарға сай болса, туристер саны еселеп артар еді.

 

Талас Құрылтайы: екі саясат, екі  қағидат

Жошы хан 40-тың ортасында қазіргі өлшем бойынша ерте қайтыс болса да оның Ұлыста  аз уақыт болса да жүргізген саясаты зерттеуші мамандардың назарынан тыс қалмады. Оның ұстанған принципі мен жүргізген саясаты бүкіл Моңғол империясының алғашқы кезеңінде жүргізілген саясат пен оның ішкі ағымдарына негіз болып қаланды. Зерттеуші мамандар XIII ғасырдың алғашқы ширегінен  XIV ғасырдың ортасына дейінгі аралықта  Моңғол империясының, Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың, Шағатай Ұлысының және  Ирандағы Елхандар әулеті билеушілерінің жаулап алынған елдер мен бағындырылған халықтарға қатысты жүргізген саясатында бір-біріне қарама-қарсы екі ағымның болғандығы жөнінде ойларын айтады. Бірінші ағым бойынша – бағындырылған халық өкілдерін билікке жақындатпау, билікке араластырмау, халықтың дәстүрлі шаруашылығын елемеу, моңғолдың көшпелі мал шаруашылығын күштеп енгізу, бағындырылған халықтарды үнемі талан-таражға салып, тонап отыру саясаты жүргізіледі. Бұл саясаттағы ағымды Шыңғыс қағанның өзі бастап,  ұлы Шағатай хан, немересі – Гүйік қаған одан әрі қолдайды.

Бұл ағымға қарсы екінші ағым саясаты тұрады. Ол бойынша мүлде кері саясат жүргізіледі. Бағындырылған халықтың өкілдері билікке араластырыла бастайды, жергілікті халықтардың дәстүрлі шаруашылықтарын құрметтеу және талан-тараждар мен тонауларды тоқтатып, оның орнына тұрақты салықтарды енгізу саясаты жүргізіле бастайды. Екінші ағымның басында Жошы Ұлысында жүргізген саясатымен Жошы хан тұрды. Жошының ұстанымы мен саясатын кейіннен Үгедей қаған, Мөңке қағандар жалғастырады. Екі ағым арасында күрестер өрбиді де, 1269 жылғы Талас Құрылтайында екінші ағым толығымен жеңіске жетіп, заңды құжат ретінде қабылданады.  Осылайша, Жошы ханның жүргізген саясаты мен ұстанған принципі өміршең болып, өзі қайтыс болғаннан кейін қолдау табады да, ақыры жеңіп шығады. Осы жерде айта кетуіміз керек, биылғы жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырылған  белгілі жазушы, драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» атты пьесалар жинағындағы «Жошы хан» атты туындысында  басты кейіпкер – Жошы ханның ішкі саясаттағы басқа ағым өкілі – інісі Шағатаймен қақтығысы, Жошы ханның гуманистік ұстанымы, жергілікті халық өкілдерімен тығыз байланысы туралы баяндалады.

ашид ад-дин еңбегінде және тағы басқа тарихи шығармаларда Жошы ханның сегіз әйелі және олардан туған 18 ұлы болған делінеді. Жошы ханның ұлдары ішінде өзіндік  тарихи болмысымен, жүргізген саясатымен тарихта қалғандары – Орда ежен, Батый хан, Берке хан, Беркежар, Шибан, Тұқай темір атты ұлдары. Батый хан әкесінен соң Ұлыс билеушісі болып, Ұлыс аумағын батысқа қарай екі еседей ұлғайтады. Оның беделі өте зор болып, империяның Қарақорымдағы тағына кімдерді отырғызу керек екенін шеше алады. Оның ұрпақтары Алтын Ордада «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген кезең –1359 жылға дейін 135 жыл билік құрады.

 

                                Жошы ұлысынан – Қазақ хандығына дейін

Жошы ханның үлкен  ұлдарының бірі Берке хан ағасы Батый ханнан соң 10 жылдай Алтын Орда тағын иеленіп, осы уақыт ішінде Алтын Орданы Моңғол империясынан оқшаулауға күш салады. Ал Алтын Ордада ислам дінінің кең таралуы,  осы Берке ханның есімімен тығыз байланысты екенін барлық зерттеуші мамандар мойындайды. Беркежар атты Жошының  тағы бір ұлы тарихымызда  Талас Құрылтайын дайындау және өткізумен жазба дерек мәліметтерінде  қалады.

Жошы ханның үлкен ұлы - Ордаежен, бесінші ұлы - Шибан және кіші ұлы – Тұқайтемірдің өздері де және ұрпақтары да Алтын Орда тарихында терең із қалдырады. Жошы ханның бұл ұлдарының ұрпақтары жөнінде көлемді зерттеулер бар, жеке-жеке монографиялық еңбектер де бар.

 Жошы ханның Тұқайтемір атты кіші ұлының ұрпақтары Алтын Ордада Батый әулетінің билігі тоқтатылғаннан кейін күшейеді де, сол аумақтағы  тақ үшін жүргізілген саяси күрестерге белсене араласады. Тұқайтемірдің ұрпақтары Алтын Орданың ыдырауы кезінде құрылған  Қырым, Қазан,  Қажытархан (Астрахан), Үлкен Орда хандықтарында билік етеді. Қырым хандығындағы - Меңлігерей хан, Алтын Ордадағы – Тоқтамыс хан, Үлкен Ордадағы – Кіші Мұхаммед хан, Ұлы Мұхаммед хан, Сейітахмет хан, сондай-ақ Қазандағы Қасым хандар, бәрі Жошы ханның ұлы Тұқайтемірдің ұрпақтары болып келеді.

Жошы ханның бесінші ұлы Шибан көзі тірісінде атақ абырой мен беделге ие болып, ұлыс басқарған тұлға болды. Ол Батыйдың жеті жылдық жорығына қатысып,  ерліктер жасайды, ағасынан сый-сияпаттар алады.Шибан секлді  ұрпақтары да ата жолын одан әрі асқақтатады. Алтын Ордадағы «дүрбелең кезеңде» және  одан кейінгі ыдырау кезеңде Шибан ұрпақтары таққа таласып, саяси күрестің отын маздатады. Сібірде шибандықтар билікке келеді, Сібір хандығын құрады. Атақты Көшім хан – Шибан ұрпағына жатады. Керей мен Жәнібек хандардың Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси қарсыласы Әбілқайыр хан – Шибан ұрпағының өкілі. Әбілқайыр ханның немересі  атақты Мұхаммед Шайбани хан қазақ хандары – Бұрындық пен Қасымнан жеңіліс тауып, 1500 жылы Орта Азиядағы Самарқан тағын иеленеді де, ол жақта бір ғасырға созылған шибанилар әулетінің билігін құрады. Дешті Қыпшақтан «өзбек» атауын Мауереннахрға алып барып, сол жаққа сіңіріп жіберді. 

Жошының тұңғышы Ордаежен  інісі  Батыйдың 1236-1242 жылдардағы Батыс Европа аумағына жасаған жорығына қатысып, үлкен ерліктер жасап,  жорықтың табыспен аяқталуына үлес қосып,  бауырынан сый алады. Ордаежен де, Шибан да  Батыймен бірге Жошы Ұлысында ұлыс басқарады. Ордаежен ұрпақтарының Ұлысы кейіннен Ақ Орда деген атауға ие болады. Ақ Ордада олар билік етеді. Атақты Орыс хан, Барақ хан – осы Ордаежен ұрпақтары. Көп ұзамай Орыс ханның шөберелері – Керей мен Жәнібек хандар XV ғасыр ортасында Дешті Қыпшақ аумағында,  бұрынғы Жошы Ұлысының жерінде Қазақ хандығының негізін қалайды.

    XV-XIX ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандары - Жошы ханның тікелей ұрпақтары болып келеді. Керей мен Жәнібек хандардан бастап Кенесары ханға дейінгі Ұлы Дала аумағындағы саяси тұлғалардың бәрі Жошы ханның ұрпақтары болып келеді. Сондай-ақ қазіргі таңда қазақ халқының құрамындағы төре деп аталатын этникалық топ – Жошы ханның ұрпақтары болып саналады. Біздің ойымызша, Жошы ұрпақтары арасында бүгінгі күндерге дейін өздерінің шығу тегін ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған төрелер әулеті – тек қазақ халқында ғана сақталған. Бұл да қазақ халқында тарихқа деген құрметті көрсетсе керек.

Жоғарыда айтылған ойларымызды аяқтап, тұжырымымызды  түйіндей келе, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның Қазақ тарихында алар орны ерекше деуге болады. Жеке болмысынан оның ержүрек, батыл жауынгер екенін, әскери өнерді жетік меңгеріп, жеңіліс көрмеген  қолбасшы  болғанын көреміз. Мемлекет қайраткері ретінде  адамгершілік принциптерді ұстанып, оны ел басқаруда қолданады. Ал оның ұрпақтары ата жолын ұстанып, XIII-XVIII ғасырларда Евразия аумағының саяси картасында  белсенді ойыншылар болады. 

Ұлттық сипаттағы Қазақ мемлекеттілігін құру мен оны төрт ғасыр бойы саяси басқару Жошы ханның ұрпақтарының үлесіне тиеді. Олар оны XIX ғасырға дейін  орындап келді. Сол себепті де Қазақ тарихында Жошы хан және ұрпақтарының алар орны ерекше деп санаймыз.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:54

19:06

18:48

18:05

17:55

17:50

17:40

17:22

17:10

17:04

16:46

16:38

16:18

15:51

15:23

14:55

14:45

14:18

14:11

13:38

13:12

12:58

12:49

12:41

12:17