ffin.kz

Жер сілкінісін алдын ала болжай аламыз ба?

Жер сілкінісін алдын ала болжай аламыз ба? Сурет: ашық дереккөз

Алматыдағы жер сілкінісі тұрғындардың үрейін ұшырды.


Алматылықтар қала сыртына немесе жер үйге сабылып, абыр-сабыр күйге түсті. Әлеуметтік көңіл-күй аласапыранға түсіп, түрлі алыпқашпа ақпараттарға ере кетуге бейім болды. Тіпті, арасында «Үкімет қайда қарап отыр, неге жер сілкінісі туралы алдын ала ескертіп, хабарлама таратпайды?» деген кейістері де айтылды. Мәселе де осында.


Шынтуайтында, табиғи апаттар арасында жер сілкінісін алдын ала болжауға бола ма? Болуы ықтимал зілзаланың нақты нүктесі мен уақытын көрсету мүмкін бе?


Бірден айтайық, бұл мүмкін емес. Әрине, қазір ғылым-техниканың дамуы өзінше биік деңгейде. Алайда, біз жасап жатқан жұмыр шардың біз танып болмаған сырлары молшылық. Жер сілкінісінің туу себептері, зардаптары туралы молынан ғылыми тұжырымдар таба аламыз. Бірақ, алда болатын сілкіністер туралы нақты болжам жасау қазірше адамзаттың қолынан келмейді.


Сейсмологтар бұның бірқатар себептерін көрсетеді:  


Біріншіден, бір-біріне баяу соқтығысқан алып құрлықтардың әрекетін бақылау қиын. Жер шарының сыртқы қабатындағы алып құрлықтар бірнеше үлкен кесектерге бөлінген. Олар қозғалмайтын кесектер емес, керісінше үнемі қозғалыста болатын қалқымалы алып құрлықтар. Былайша айтқанда, балқыған мантиялық қабаттың сыртында қалқып жүреді. Әрі ұдайы бір-бірімен соқтығысып, әсерінен жанар таулар атқылайды немесе жер сілкінісі болады. Бұндай әрекеттер өзара соқтығысып жатқан қыртыстардың шекаралас өңірлерінде ұдайы қайталанады. Айталық, Жапония осындай аймақта орналасқан.


Екіншіден, бір алып қалқымалы кесектің астыңғы қабатында да тау жыныстары ұдайы қозғалыста тұрады. Жер асты жыныстарының қозғалысы тұрақсыз, әрі миллиондаған жылдарға созылатын баяу қозғалыстар. Осы тым ұзақ үрдістер Жер түзілістеріне әсер етеді. Яғни, таулы өңірлерді, жазық даланы немесе ойпаттарды қалыптастырады. Оларды қысқа уақыт бақылап, қозғалысын дәл анықтау мүмкін емес.


Осы және өзге де толып жатқан себептер сейсмологтарға жер сілкінісін дәл болжауға мүмкіндік бермейді. Дәл қазіргі уақытта жер сілкінісінің қашан және қай жерде болатынын, оның қаншалықты күшті болатынын болжау мүмкін емес. Дегенмен, сейсмологтар ықтималдықтар мен болжамдарды есептеу арқылы ғана зілзала қай аумақтарда болуы ықтимал екенін болжай алады. Соның өзінде болжамдардың бәрі 100 пайыз дұрыс шыға бермейді.


Бұл болжамдар нені білдіреді?


Жер сілкінісінің ықтималдығы белгілі бір магнитудалық жер сілкінісінің сол аймақта бірнеше жылдар бойы орын алу мүмкіндігін білдіреді. Оны сол аймақтағы бұрынғы сейсмикалық белсенділіктің орташа жиілігі негізінде есептеуге болады. Бұл әдістің қолдану тарихы ұзақ емес. Тек өткен ғасырдан бері ғана тіркелген жер сілкініс нүктелеріне қатысты деректер бойынша есептеледі.


Бұдан тыс, ғалымдар көне тарихта болған жер сілкінісінің геологиялық жазбаларын зерттеу үшін зілзалада пайда болған аңғарларда зерттеу жүргізеді. Оның астынғы қабатынан дәлірек болмаса да, қосымша ақпарат ала алады.


Жер сілкінісінің ықтималдылығын математикалық есептеулер арқылы да шығаруға болады. Мысалы, сейсмологтар екі процесті есепке ала отырып, келесі ықтимал уақытты табуға тырысады.


Осы ғылыми әдістер арқылы қысқа уақыт аралығындағы жер сілкінісінің ықтималдығы туралы ақпаратты беруге болады. Болжамдар әдетте жер сілкінісі өткенней кейін жиілігі мен магнитудасының төмендеуі немесе жоғарлауы бойынша дүмпудің қайталану-қайталанбауын ықтимал болжап көрсетеді.


Дегенмен, жаңа технологиялардың дамуына ілесе болашақта адамдар жер асты жыныстарының, алып материктік кесектердің қозғалысын үзіліссіз бақылай алатын жасанды жер серіктерін жасауға тырысып жатыр. Бұл құлшыныстар жүзеге асса миллиардтаған адамдардың болашағына өз септігін тигізбек.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58