ffin.kz

Жазғы демалыс: барар жер де, басар тау да көп...

Жазғы демалыс: барар жер де, басар тау да көп... krasivoe-foto.ru

  • Бала – болашақ


Қасықтай қар, тобықтай тоң қалдырмай, жер-әлемнің аяқ-басын кеңітіп, жайдары жаз да келді. Бұл кезде біреулер үй-жайды реттеу қамымен құрылыс жүргізіп, жөндеу жұмыстарына кірісіп әбігерге түссе, енді біреулер жыл бойы сарыла күткен демалысын алып, теңізге тартады, ел көріп, жер көріп, тынығып қайту үшін алыс-жақын шет елдерге сапар шегеді. 


Оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралған таяудағы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов бірқатар маңызды жайттарға назар аудартты. Осы орайда, әсіресе, ішкі туризмді дамыту шеңберінде экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, балалардың табиғат аясына саяхаттарын көбейту, каникул кезінде оқушылардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорттық объектілерге тегін баруын қамтамасыз ету мәселесі өте орынды қозғалды.   



  • Каникул – танымдық туризм үшін таптырмас уақыт


Басқа-басқа, жазғы демалыс – бала атаулының асыға күтетін мезгілі. Дегенмен бұл перзенттері үшін алдағы үш айдың бос өтпеуін ойлап бас қатыратын ата-аналарға қосымша жүк, ерекше жауапкершілік жүктейтіні тағы бар. Уақытты тиімді өткізудің бір жолы – жазғы демалыс орындары екені рас. Бірақ бүгінгідей қымбатшылық жағдайында мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Баяғы тегін лагерьлер көзден бұлбұл ұшқан, барының бағасы қымбат. Сол себепті, Алматы, Астана сияқты үлкен шаһарларда тұратын балалардың дені қала маңынан ұзай алмайтыны тәрізді, көптеген ауыл балаларының да сол төңіректен аттап шығуға мүмкіндігі жоқ. Яғни жасөспірімдердің туған Отаны, атамекені туралы таным-түсінігі өзінің тұрғылықты жерінің аумағынан әріге аспайды. Дегенде, шынымен де, мектеп оқушылары үшін арнайы шара ретінде танымдық туризмді жолға қою мәселесі туындайды. Әсіресе, осы жазғы демалысты пайдаланып, ауыл демей, қала демей, жер-жердегі балалардың тарихи орындарға, көрікті мекендерге саяхатын ұйымдастыру ауадай қажет.


Негізі, бұл тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, алыстағы ауылда тұрғанымызға қарамастан, сонау кеңестік кезеңде мектебіміздің бір топ оқушылары «Батыр қалалар» маршруты бойынша Ленинград, Сталинград, Севастополь, Одесса қалаларын, Брест қамалын, Киевті, Мәскеуді көріп қайтқан. Ол кезде мұндай экскурсиялар Одақ көлемінде жиі ұйымдастырылатын және жолдама да сутегін болатын. Саясат салдарынан ба, бір өкініштісі, осы жоба өзіміздің ел аумағында жүзеге аспады. Басқаша айтқанда, біз сол кезде Шығыс Қазақстанда немесе Жетісуда қандай тарихи орындар бар екенін, атамекеніміздің нендей игіліктерімен мақтануға болатынынын ұқпасақ та, Ленинградтың Эрмитажы мен әйгілі ақ түндері, ашылмалы көпірі мен Крейсер Аврорасы, Ресей императорларының 1917 жылға дейінгі ресми резиденциясы болған Қысқы Сарайы, Мәскеудің Кремль куранттары мен Қызыл алаңы, Манежі мен Третьяков галереясы туралы бір кісідей-ақ білдік.



Осы тәжірибені қазір неге пайдаланбасқа?! Оқушылар үшін танымдық туризмді жандандыру және аталмыш жобаны мемлекет есебінен, сондай-ақ меценаттық қаражат көздерінен қаржыландыру, біріншіден, ұлт ұрпағының төл тарихын тани алуына ықпал етсе, екіншіден, үлкен қалалар мен еліміздің алыс аймақтарының арасын жалғап, мәдени дезинтеграция процесінің етек алмауына, яғни біртұтас жүйе байланысының бұзылмауына негіз болары даусыз. Сондай-ақ, оқушылардың жазғы демалысының қызықты, ең бастысы, мәнді, мағыналы өтуіне септігі тиер еді.



 



  • Әлем балалары әдемі демалады


Бұл ретте балалардың бос уақытын мағыналы өткізуге тырысатын тек біз ғана емес. Ғаламтордағы деректерге жүгінсек, Еуропа мен Америка мектептері де балаларды бір жақтарға саяхатқа апарып, қызықты нәрселелер көрсетуге жазғы демалысты қолайлы мезгіл ретінде қарастыратынын көреміз. Сөйтіп, олар оқушылар үшін танымдық сапарлар мен экскурсиялар ұйымдастырады және оның ауқымы өте кең. Яғни онда шет елдерге топтық турдан бастап табиғат аясына бір күндік саяхат та бар. Түрлі астаналарды, сол сияқты ірі қалаларды да көру, аралау үрдісі кең таралған. Міндетті болмағанымен, кейбір орындарға, мысалы, тарихи музейлерге, ұлттық парктерге бару өте қажет болып саналады. Мұның сыртында, анағұрлым қызықты турлар да кездеседі. Мәселен,  Миссисипи штатында оқушыларға асшаян аулау және пісіріп жеу бойынша да экскурсия ұйымдастырылады екен.


Еуропа мен Америкада лагерьлердің көпшілігі ақылы. Ұзақтығы бірнеше күннен бастап 8 аптаға дейін созылады. Ұлдар мен қыздардың лагерьлері бірге немесе әрқайсысыныкі бөлек те болады. Әдетте балалардың жазғы демалыс орындары белгілі бір бағытта, мысалы, спорт, көркемөнер немесе тіл үйрену мақсатына орайластырылуы ықтимал. Сондай-ақ, онда біздегі сияқты, негізінен, балалардың таза ауда тынығуына басымдық беретін, ал қалған уақытта ән айтып, би билеп, сурет салып жарысып, мәдени-демалыс шараларымен айналысуына жағдай туғызатын лагерьлер де бар.  


Кейбір шет елдерде ірі университеттер жанынан ұйымдастырылатын академиялық лагерьлер де кездеседі. 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған бұл демалыс орындарында балаларға өнерден бастап құқыққа дейінгі әртүрлі сала бойынша қысқамерзімді оқу-ағарту бағдарламалары ұсынылады. Арасында ойын-сауықтық шаралар да өткізіліп тұрады. Негізінен, дәрістер мен семинардан, тәжірибе сағаттарынан тұратын мұндай курстар көп жағдайда балалардың ертеңгі мамандық таңдауына да септігін тигізетіні мәлім.    


Тұрмыстық жағдайларға байланысты бізде мектеп жасындағы балалардың көпшілігі жаз мезгілінде көбінесе қара жұмысқа жегілетіні жасырын емес. Ауылдағылар егістіктің арамшөбін отау, егін суару, шөп шабу, маялау, мал бағу сияқты дала жұмыстарына араласса, қаладағылар көлік жуу, базарда арба сүйреу, жүк тасу, дәмханаларда даяшы болу сияқты шаруаларға тартылады. Көп жағдайда ол жұмыс жасына сай ма, енді ғана өсіп-жетіліп, қалыптасып келе жатқан бала организміне оның әсері қаншалықты, оны елеп-ескеретіндер шамалы.



Шет елдерде «бала мектепке тынығып, күш жинап баруы қажет» деген түсінік басым. Мектеп жасындағы балалардың аптасына белгілі бір сағатқа дейін ғана жұмыс істеуіне рұқсат етіледі, онда да оларды кез келген жерге жолата бермейді, әсіресе алкогольді ішімдік қолданылатын кафе, барларға жасөспірімдерді даяшылыққа, т.б. жұмысқа алмайды. Балалар көбіне парктердегі ағаштар мен гүлдерге күтім жасау, фермаларда жеміс жинау сияқты маусымдық жұмыстарға тұра алады.



 



  • Біздегі әңгіме ауаны


Ресми мәліметке жүгінсек, биыл жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн бала қамтылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы, қала сыртындағы 218 және мектеп жанындағы 10 мыңнан астам бейінді және шатыр лагерьлер іске қосылмақ.


Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жазғы демалыс аясында балалар үшін мәдениет саласы бойынша 500-ден астам, спорт және туризм саласы бойынша 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын алға тартқан. Оның ішінде мұражайлар мен киелі орындарға тегін экскурсиялар, кітапханаларды аралатып, спектакль көрсету, түрлі фестивальдар мен байқаулар бар.


Бұдан басқа республиканың барлық өңірінде балалар үшін туристік өнімдер желісі кеңейтілмек. Сонымен қатар Kids Go Free отбасылық туризм бағдарламасын іске асыру жалғасады, оның аясында туристік пакет ішінде балалардың ұшақ билеттерінің құны субсидияланады. Биыл 2 мыңнан астам бала осы бағдарламамен қамтылады деп күтілуде.


Алайда, осы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов: «Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», – деп, балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда жүрдім-бардым ұйымдастырылатынына меңзеді. Сөйтіп, жазғы демалысқа қатысты ескерілуге тиісті көптеген маңызды мәселелер бар екеніне назар аудартты.  


 



  • Қорыта айтқанда...


Балалар демалысын ұйымдастыру мәселесінде ескі ұстанымдар мен қасаң қалыптан шығып, жаңаша жол іздейтін уақыт жетті. Әрине, «күні бойы қараусыз қалмасын» деп, баланы мектеп жанындағы лагерьге бере салған оңай, бірақ бұл бәрібір толыққанды демалыс емес. Балалардың каникулды пайдалы әрі қызықты өткізіп, денсаулығын нығайтып, жақсы демалуына жағдай жасау керек. Әсіресе көпбалалы отбасылар қолдауға зәру. Бәлкім, кезінде жапппай жекешеленіп кеткен лагерьлердің бірқатарын жергілікті билік орындарына қайтару арқылы тым болмаса сондай тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтағы жанұялардың балаларын тегін демалдыруға болар ма еді?..



Қалай болғанда да, елімізде балалардың денсаулығын түзеу мен демалысын ұйымдастыруға мемлекеттік қамқорлық жасау туралы арнайы заң қабылданса, жасөспірімдердің танымдық туризміне, жазғы демалысына қатысты басқа да көптеген мәселелер шешімін табары анық.



 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04