Үлкендердің отау құрған, танысқан тарихын сұрасаң, көбіне той-томалақта, жұмыс барысында, туыс-туғандар арқылы табысқан болып шығады. Расымен, бұрынғы кітаптың кейіпкерлері де пойызда, кітапханада немесе көшеде кездейсоқ танысатын.
Бүгінгі таңда махаббаттың жолы да, мекені де өзгерді. Бұрын хат арқылы сырласып, кездесу сағатын тағатсыздана күткен жұптар енді смартфонның экранынан басталатын сезімге сенеді. Қазір жүректер әлеуметтік желілерде соғады, көзқарастар лайк арқылы тоғысады, ал алғашқы «сәлем» деген хабарлама тағдырдың жаңа парағын ашуы әбден мүмкін, сөйтіп виртуалды байланыстың шынайы өмірде жалғасып, мәңгілік махаббаттың әуеніне айналған кезі көбейіп келеді.
Желіде табысқан жүректердің тарихы — қазіргі заманның заманауи ертегісі. Олар қашықтық пен уақытқа қарамай, бірін-бірі тыңдай білу мен сенімнің арқасында табысады. Бірақ экран артында да сезімнің шынайылық атты ең басты өлшемі өзгермеуі тиіс.
Танысу қосымшалары мен әлеуметтік желілер тек қарым-қатынас құралы ғана емес, махаббаттың да мекеніне айналды. Талай жұп дәл осы виртуалды кеңістікте табысып, шынайы өмірде отбасын құрып жатыр. Дегенмен, көпшілікті алдымен ойландыратыны — мұндай таныстықтың өміршеңдігі.
«Интернет – адамға өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береді, бірақ сол еркіндік кейде бейнені идеализациялауға да әкеледі. Яғни адам шын мәніндегі тұлғаны емес, экранның артындағы идеал бейнені сүйіп қалуы мүмкін. Алайда онлайн таныстықтың бәрі бірдей өткінші емес. Егер жұп бір-бірін тек жазба арқылы емес, нақты өмірде де танып-білуге ұмтылса, сезім де, сенім де беки түседі», – дейді психолог Нұрлыгүл Айған.
Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз — Бағлан мен Жанар да әлеуметтік желіден басталған таныстығы махаббатқа ұласып, шаңырақ көтерген жарасымды жұп.
«Бүгінгі заманда махаббат пен тағдырдың тоғысу жолдары сан алуан. Біреулер өмірлік жарын университет қабырғасынан тапса, енді бірі қызмет барысында танысады. Ал кейбіреулер үшін бақытқа бастар жол әлеуметтік желіден бастау алады. Солардың бірі – біздің хикаямыз», дейді олар.
Алғашқы таныстықтың әсері жүректен өшпейді ғой, әсіресе бойжеткен үшін тағдыршешті таныстықтың маңызы зор. Жанар да сегіз жылға шегініс жасап, танысқан күнді есіне түсірді:
«2017 жылы ВКонтакте желісі арқылы басталған қарапайым хат алмасу, уақыт өте жүрек жылуын оятқан ерекше байланысқа айналады. Бірнеше күн әңгімелескен соң, жігіт мені киноға шақырады. Сол кезде мен жұмыстан кеш, түнгі 22:00-де шығатынмын. Бірақ алғашқы кездесу ниеті жеңіп, әріптестерімнен ертерек сұранып, кездесуге бардым. Кездесудің мекені – АДК сауда үйі, ал көрсетілген фильм – «Человек-паук». Кинода отырып сөйлескісі келген жігітке мен күліп: «Кинода сөйлескен біртүрлі ғой, шыққан соң әңгімелесеміз», – дедім. Осы сәттегі ыңғайсыздықты әлі күнге дейін еске алып, күліп отырамыз. Сол кештен бастап екеуміздің арамыз ажырамастай болып, әңгіме мен кездесулерге, сенім мен сағынышқа толы махаббат дастаны басталды.
Бағлан мені жұмыстан кеш шыққанда әркез күтіп алып, үйіме дейін шығарып салатын. Кейде қалтасында көлікке жетер қаражаты болмай қалса да, жаяу келіп, жаяу қайтатын. Сол бір қарапайым, бірақ ыстық көңіл мен қамқорлықтың арқасында махаббатымыз нығая түсті. Сол жазда мен магистратураның шетелдік тәжірибесіне байланысты Европаға кеттім. Ал жігіт болса, қызғанышын жасыра алмай, күн сайын уайымдап, «келген соң үйленеміз» дегенді қайта-қайта айтатын. Уәде еткеніндей, елге оралған соң көп ұзамай мені алып қашты».
Әрине, ұнатып қалу, жақсы көру деген сезімнің ұлысы, дегенмен бар нәрсенің төрешісі – уақыт. Махаббаттың да уақыттың сынынан өтпей қалатын кезі болады. Ал Бағлан мен Жанар уақыттың сынын да, тіршіліктің түйткілін де махаббатқа жеңдіруге болады деген пікірде.
«Содан бері сегіз жыл өтті. Бүгінде біз – бақытты жұп, екі сүйкімді қыздың ата-анасымыз. Өткенге көз жүгіртсек, күлкі мен сағынышқа толы сәттердің бәрі жүрегімізде ерекше естелік болып қалған. Сол бір алғашқы кездесу, ыңғайсызданғанымызды жасырған күлкіміз бен кешкі серуендер – бәрі бүгінгі бақытқа апарар жолдың бастауы екен. Кейде жүректерді тағдыр ғана емес, әлеуметтік желі де табыстырады. Бірақ шынайы сезімді сақтап қалу – тек екі адамның ниеті мен махаббатына байланысты. Ал біздің тарихымыз соның айқын дәлелі», дейді махаббат хикаясын баяндаған жұп.
Жоғарыда жазғанымыздай, шынайылық пен өзара құрметке негізделсе интернет арқылы табысқан жұптардың одағы да берік болуы әбден мүмкін, бүгінгі кейіпкерлер осы сөзімізге дәлел бола алады. Өйткені махаббаттың күші кездескен жерден емес, жүректен бастау алады.