· 2025 жылы қаңтарда қытайлық DeepSeek стартапы жасанды интеллект нарығын дүр сілкіндірді. Жаңа чат бот америкалық ЖИ өнімдерін өндіруші компаниялардың акцияларының түсуіне әсер етті. Алайда, қор нарығы сарапшылары бұл қысқа уақытты қамтитын эйфория деп түсіндіруде. Жаңа дүние үнемі адамдарды өзіне тартымды етеді деген пікірде. Сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Америкалық технологиялық алыптар бәсекеге төтеп бере алмайды деп айта алмаймыз. Себебі, АҚШ-та қалыптастан инновациялық жүйені ынталандыру механизмдері өзінің тиімділігімен ерекшеленеді.
Мемлекеттік қолдау бар
АҚШ ЖИ саласында көшбасшы екені сөзсіз. Себебі, әлемдегі ең алғашқы чат бот стартаптар сонда пайда болды. Бұл стартаптар ірі компанияға айналып, ЖИ нарығы қалай дамитынын айқындауда. Қазір Бейжің Вашингтонға бәсекелестік жасауға тырысуда. Америкалық сарапшылардың пікірінше Қытай АҚШ-тан 2-3 жылға қалып барады. Алайда, қуып жету мүмкіндігі жоғары. Дегенмен, АҚШ та сол 2-3 жылда қол қусырып қарап отырмақ емес.
АҚШ мұндай жетістікке қалай жетті? Бұл сұраққа жауапты инновациялық жүйесінен іздеу қажет. Жүйенің құрылу қағидалары, оның элементтері маңызды рөл атқарады.
Американың инновациялық жүйесінің негізгі үш элементі бар. Олар мемлекет, университеттер және бизнес. Мемлекеттік қолдаусыз және қорғаусыз инновацияны дамыту мүмкін емес. Стартапты жасауға мемлекеттік қолдау әркез керек болмас. Алайда, ол өсіп ірі бизнеске айналуы үшін мемлекеттік қолдау мен қорғау қажет. Мысалы, Google компаниясының негізін қалаушылар мемлекеттік қаржыландыру арқылы өз идеясын жүзеге асырған. Мұндай мысалдар өте көп.
Қазір Трамптың саясаты да ЖИ саласын дамытуға бағытталған. Сол үшін де 500 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Ол бірнеше жылға берілетін қаражат екені сөзсіз. Дегенмен, бұл өте көп инвестиция. Салыстыру үшін мысал ретінде америкалық компаниялардың бөлген қаржыларын айта кетейік. Мысалы, Meta 2026 жылы 60 млрд, ал Microsoft биыл 80 млдр АҚШ долларын ЖИ-ге бөлген.
Өз нарығын қорғаудан тайынбайды
Вашингтон тек қаржылай қолдау ғана емес, ішкі нарықты қорғау шараларын да жүзеге асыруда. Биыл қаңтарда тағы бір маңызды құжат қабылданды. Ол әлемде ЖИ-ге қолжетімділікті бақылау үшін графикалық процессорлар саудасына шектеу қояды. Чат боттар жұмыс істеуі үшін біріншіден, ірі көлемде энергия көзі, екіншіден соңғы модельдегі қуатты чиптер қажет. Графикалық процессор (GPU) сондай чип болып табылады. Ал оны өндіруші әлемдегі ең ірі компания Nvidia АҚШ-та орналасқан. Әлемдегі GPU нарығының 80%-ы Nvidia-ға тиесілі. Яғни әлемдік монополист. Nvidia тұрғысынан қарайтын болсақ, әрине оның өнімінің әлемдегі саудасына мемлекеттің шектеу қоюы тиімді емес. Алайда, ұлттық мүдде мен қауіпсіздік тұрғысынан бұл шектеулер қажет.
АҚШ GPU саудасына қандай шектеу қоюда? Бұл мемлекеттерге бағытталған шектеу. Қытай, Иран және Ресей компаниялары мен олардың территориясына графикалық процессорлар мүлдем сатылмайды. Себебі, аталмыш елдер американың стратегиялық қарсыластары.
Ал 18 мемлекетке сауда шектеуі жоқ. Олар: Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Канада, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Ирландия, Италия, Жапония, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Оңтүстік Корея, Испания, Швеция, Тайвань. Әрине, АҚШ-тың компанияларына шектеу қойылмаған. Қалған мемлекеттерге ішінара шектеулер бар. Мұның бәрі ЖИ саласында американың көшбасшылығын нығайтуға бағытталған шаралар.
Ішкі бәсекелестік жоғары деңгейде
Америкада 7 технологиялық алып компания бар. Олар Alphabet, Amazon, Apple, Meta, Microsoft, Nvidia және Tesla. Қаңтарда өткен Дональд Трамптың ұлықтау рәсіміне аталмыш компаниялар басшылары да қатысты. Бұл нені білдіреді? Технологиялық алыптардың Вашингтонға лоббилік етіп жатқанын көрсетеді. Әсіресе, Tesla басшысы Илон Масктің ықпалы басым. Себебі, ол президенттің кеңесшісі әрі үкіметтің нәтижелілік департаментін басқарады.
Технологиялық алыптардың лоббилігі мен оларға деген мемлекеттің көңіл бөлуі инновациялық жүйенің әлсіздігін білдірмейді. Себебі, алыптардың өз арасында бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Қазір OpenAI компаниясының өнімі – ChatGpt америкада ғана емес әлемде көшбасшы. Бірақ 18 ақпанда Илон Масктің xAI стартапы Grok 3 чат бот моделін ұсынды. Оның сөзінше Grok 3 –әлемдегі ең ақылды чат бот. Grok-тың алдыңғы модельдеріне қарағанда функционалды. Алайда, сарапшылар ChatGpt-мен салыстырғанда әлсіздеу деп бағалауда. Дегенмен, осы модельді жасап шығарғанның өзі АҚШ-та бәсекелестік жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Екі алып арасындағы бәсеке тек технологиялық сипатта жүріп жатқан жоқ. Биыл Илон Маск OpenAI компаниясын сатып алуға ниеті бар екенін мәлімдеді. Ол үшін 97 млрд АҚШ долларын беруге дейін. Бірақ OpenAI басшысы С.Альтман одан бас тартты. Оның қарсыласуы қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Себебі, Масктің Twitter сияқты ірі компанияны сатып алу тәжірибесі бар.
Қазір бұл екі компаниядан бөлек өзгелер де ЖИ-ді дамытуға күш салуда. Мұндай қатаң бәсекелестік міндетті түрде АҚШ-тың әлемдегі көшбасшылығын нығайтады.