Учаскелік комиссияның жұмысы 4 қарашадан басталады
20 қараша күні еліміз үшін маңызды науқан – Қазақстан Республикасы Президентін сайлауы өтеді. Осыған орай, әр партиядан саяси ұйымдар өз кандидаттарын ұсынды. Сайлауға белсенді түрде қатысып, дауыс беру – әрбір азаматтың борышы. Осы ретте Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна АСАНОВАМЕН хабарласып, саяси науқанның барысы жайлы әңгімелескен едік.
– Жанна Бейсентайқызы, Президент сайлауына дайындық қалай жүргізілуде?
– Дайындық басталып кетті. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін нақтылауда. Сайлаушылардың дауыс беруіне қолайлы орта құру үшін сайлау учаскелерін тиісті материалдық-техникалық базамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сайлау заңнамасының негіздері және оны сайлау үдерісінде қолдану бойынша ұйымдастырушылардың кәсіби біліктілігі мен құзыретін арттыру мақсатында арнайы оқытулар ұйымдастырылған.
– Алматы қаласы бойынша сайлау комиссиялары құрылды ма?
– Қалада 609 сайлау комиссиясы құрылған. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары саяси партия және қоғамдық бірлестіктер ұсыныстары негізінде мәслихат арқылы сайланады. 609 сайлау комиссиясының 1-еуі қалалық, 8-і аудандық, 600-і учаскелік.
Қала бойынша 600 сайлау учаскесі бар. Оның 531-і тұрғылықты мекенжаймен, 69-ы уақытша тіркелгендер үшін құрылған (ауруханалар, санаторийлер, әскери мекемелер, т.б.)
Жалпы, сайлау комиссия мүшелерінің саны – 4759. Алматы қаласында бүгінгі таңда 1 млн 161 мыңға жуық сайлаушы тіркелген.
– Қалада тіркелмеген тұрғындар қалай дауыс береді? Уақытша тіркелгендер учаскесін қалай анықтайды?
– Сайлаушыларды сайлаушылар тізіміне енгізу – сайлауға қатысу үшін ең қажетті нәрсе. Сайлаушылардың тізімін тиісті әкімдіктер «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасының негізінде тұрғылықты жері бойынша жасайды. Нақты сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне қосу үшін, тұрғылықты жері бойынша тіркеу фактісі негіз болып есептеледі. Әр сайлаушы факт бойынша орналасқан учаске аумағына қарамастан, тіркелген аумағындағы учаскеге келіп дауыс беруі тиіс.
Алайда сізге сайлауға дейін 30 күн қалғанда белгілі болса, онда сіздің 2022 жылдың 21 қазанында тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге баруға мүмкіндігіңіз болмайтын болса, сіз өзіңіз орналасқан жеріңіз бойынша әкімдікке сізді сайлау күні сіздің орналасқан жеріңіз бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқыңыз бар.
Сіз сайлаушылар тізімдерінде өзіңіздің бар-жоғыңызды @almaty_sailau_bot телеграмм боты арқылы немесе https://open-almaty.kz/ru сайтынан ЖСН енгізу арқылы анықтай аласыз.
Егер сіздің тұрақты тіркеуіңіз болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу мүмкіндігі шеңберінде, сіз үйден шықпай-ақ еGov арқылы тұрақты тіркеуге тұруыңызға болады.
– Қалаға сырттан, шетелден келген бақылаушылар туралы айтып берсеңіз?
– Шетелдік бақылаушылардың келуі туралы ақпарат сайлау күніне жақындағанда анықталады. Әзірше Алматы бойынша ондай ақпарат жоқ.
– Сайлаушылар дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде дауыс беруіне бола ма?
– егер дауыс беруші денсаулығының жай-күйі бойынша;
- науқас отбасы мүшесін күту себебі бойынша;
сайлау учаскелері құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болып, дауыс беру үшін келе алмайтын болса, онда сайлау күні (2022 жылдың 20 қарашасы) жергілікті уақыт бойынша сағат он екіден кешіктірмей, учаскелік сайлау комиссиясына, өзі болатын жерде дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы. Арыз берген соң учаскелік сайлау комиссиясы сіздің болатын жеріңіз бойынша дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс.
– Сайлау учаскесіне келген кейбір тұрғын өздерін тізімнен таба алмай шағымданып жатады. Себебі неде?
– Біріншіден, сайлаушының тұрақты тіркеуінің болмауы, екіншіден, сайлаушының басқа сайлау учаскесіне қателесіп келуі, үшіншіден, сайлаушының басқа өңірде тіркеуде болуы себеп болып жатады.
Мұндай жағдай болмау үшін азамат дауыс беруге бармас бұрын алдын ала @almaty_sailau2022 телеграмм боты арқылы немесе https://open-almaty.kz/ru сайтынан сайлаушылар тізімінен өзін тексеріп алу қажет. Жоғарыда айтылғандай, сайлау құғығын иелендіретін әрекеттерді жасау керек.
Сонымен қатар, тағы бір қосымша жағдай – азамат сайлаушылар тізімінің тізімдер учаскесіне берілгеннен кейін тұрақты тіркеуге тұрып немесе 18 жасқа жаңа толуы мүмкін. Бұл ретте әрине, тізімде болмайды. Алайда, бұл жерде де шешім бар: дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы ол азаматты арнайы функционал арқылы тексеріп, егер сол учаскедегі тіркеуі дәлелденсе, тізімге жазбаша түрде қосады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА.