ffin.kz

Бір баланы мектепке  толық дайындау үшін қанша қаражат керек?

Бір баланы мектепке  толық дайындау үшін қанша қаражат керек? Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Базардағы баға мың құбылып тұр


«Күн жылып, жаз келді. Енді демалып, көңіл жайланады» деген кезде ең жылы маусымның екі айы өтіп кетіпті. Ал тамыз айында ананың да, баланың да бойына уайым кіреді. Бүлдіршіндер «ту, қайтадан ерте тұрып сабаққа барамын ба» деп қам жесе, ата-ананың ойы бір бөлек. Үй үлкендері мектепте баласы ешкімнен кем болмай, еңсесін тік көтеріп жүру үшін жақсы бағада сапалы мектеп формасын, оқу құрал-жабдықтарын алуды ойлайды. Қыркүйек жақындаған сайын ата-аналардың баласын киіндіруге кеткен ақшасын айтып шағымданған бейнежазбалары әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жатыр. Бұл мәселеге біз де мән беріп, Алматыдағы үлкенді-кішілі базар мен сауда орталықтарын аралап, бағаны басты назарға алдық.



Базарға барарда біле жүріңіз


Алматыда керек-жарақтың қай-қайсысын да таба алатын бірден-бір базарлардың бірі "Алтын Орда" болғандықтан, алдымен ат басын осында бұрдық. Бірінші кезекте көзге түскені тиімді бағалар емес, Еуропаның тар көшелеріндей адамдар сапылысқан кішкентай жолдар болды. Олардың барлығы көпшіліктің еркін жүрісіне ыңғайлы деп айта алмаймыз. Әсіресе, балалар арбасымен асыққан адамдардың арасында жүру тіпті қиын. Сондықтан бұл мәселені де назарға алған жөн.


Ендігі кезекте базардағы бағаларға тоқталайық. Биыл Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасын қара-қою көк қылып бекітті. Журналист дегенде сескеніп, сатушылар баға айтудан тартынған соң, «қарындасыма, ініме алмақ едім» деп жүріп, киімдердің құнын білдік. Бастауыш сыныптың оқушыларына костюм-шалбар 7 мыңнан басталып, сапасына қарай 10–15 мыңға дейін жетеді. Ал 7–9-сынып арасындағы балаларға мектеп формасының ең арзаны 15 мыңға тұр. 18–20 мың арасында сатушылар сапалы деп ұсынған костюмді ала аласыз. Бойы да ойы да жетіліп, мектеп бітіргелі тұрған 10-11- сыныптағы түлектерге баға 20 мыңнан басталады. Мектептегі соңғы жылға ақша аямаймын десеңіз, 25–30 мыңдық форманы алуға болады.


Сапасы мен бағасы келіскен костюм-шалбар табылса, келесі ретте көйлек тұрады. Ақ жейденің тек өзін аламын десеңіз, 3,5–7 мыңның арасындағы баға айтылады. Кіші сыныптарға негізгі баға 3,5–4,5 мың болса, одан жоғары оқушылар үшін 6-7,5 мың арасында. Алайда, көйлекті, бүкіл формамен бір дүкеннен қарап көрсеңіз, сатушының қолы мен көңіліне қарай 1-1,5 мың теңге жеңілдік жасауы мүмкін.


Қаражаттың қомақты бөлігін алатын киімдердің бірі – туфли. Білім іздеп, үйден мектепке, мектептегі бір кабинеттен екіншісіне жүгіретін баласының аяғында ықшам әрі ыңғайлы аяқкиім болғанын барлық ата-ана қалайды. Мұны білген кәсіпкерлер әдетте осы бір киімнің бағасын аспандатып қояды. Алайда, «базарға, қарап тұрсам, әркім барар, іздегені не болса, сол табылар» деп Абай атамыз айтпақшы, базардан барлық бағадағы туфлиді таба аласыз. Бастауышта жүрген бүлдіршінге жақсы аяқ киімдер 4,5–6 мың арасында тұр. Ал бала өскен сайын, баға да соған сайланып, 7,5–8 мыңнан 15-16 мыңға дейін барады. Әрине, қаражаты жеткенге 20–30 мыңдық аяқ киімдер де бар.


Негізі, мектеп формасының қосымша керек-жарақтарын айтып өтсек, белдіктің орташа құны – 2-3 мың, галстук – 1-1,5 мың, бантик – 500 бен 1000 теңге арасында.


Мектеп формасы алынған соң, ата-ана жақсы сөмке алып, оның ішін қалам, дәптер, күнделік сынды мектеп жабдықтарымен толтыруды ойлайды. Осы себепті кеңсе тауарларына да бір көз жүгірткен едік. Базардағы ең арзан сөмкелер 4,5 мың теңгеге бағаланған. Жалпы, бастауыштағы балалар үшін орта баға 5,5–6,5 мың арасында қойылса, жасөспірімдер үшін 7,5–8,5 мыңдық сөмкелер таба аласыз. Егер керек-жабдықтың бәрін бір сатушыдан алсаңыз, сіз үшін 12 беттік дәптердің құны 20 теңге. Әйтпесе, 25 теңгеден кем беруге келіспейді. 36 беттік дәптерге баға 180 теңге, 96 беттікке 350 теңге қойылған. Сиясы нық түсетін қалам үшін 150 теңге, арзандауына 70–80 теңге жұмсайсыз. Ал баланың мектепте алған бағасын біліп отыру үшін күнделікке тағы 600 теңге керек. 12 данасы бар түрлі-түсті қарындаштар 800–1000 теңге арасында бағаланған. Оның бәрін жинақты алып жүретін қаламсауыттың бағасы – 1000–1200 теңгеден басталады.


Қорыта келе, орта бағамен бір оқушыны бар жабдығын жинап, бастан-аяқ киіндіріп көрелік. Костюм – 20 мың, жейде – 6 мың, туфли – 10 мың, сөмке – 6 мың,  белдік  - 2 мың, галстук – 1 мың және оған 10 мың көлемінде мектеп керек-жарақтарын қосқанда, жұмсалатын қаражат 55 мың болмақ. Ал спорттық киімдермен бірге есептесек, түпкі баға 8590 мыңға барады. Осыған қарай отырып, әлеуметтік желіде «базарға барып бір балама 86 мың жұмсадым» деген ананың айтқанына көз жеткіздік.



Жәрмеңкенің жайы қалай?


Базардан шыққан соң оның жанындағы «Апорт» ойын-сауық орталығына жол тарттық. Мұнда адам азырақ болар деген үмітіміз ақталмады. Сауда үйінде де киім іздеген халықтың қарасы көп. Мұнда істейтін қызметкерлер «қыркүйек келгенше адамдар азаймайды» дейді. Базар секілді ұқсас тауарлар бір қатарға жиналмаған ойын-сауық орталығының қай тұсына барамыз дегенде, жолымыз болды. Дайындық маусымының келгенін білген кәсіпкерлер мұнда мектеп жәрмеңкесін ұйымдастырыпты. Базар киімдері негізінен Қырғызстан не Қытай өнімдері болса, жәрмеңкеде отандық өндірушілердің киімдері екен. Келген бетте қабырғаға ілулі тұрған тізімге көзіміз түсті. Жәрмеңке сатушылары әр киімнің бағасымен қатар, жалпы киінуге кететін ақшаның қорытындысын жазып қойыпты. Отандық өндірушілерден мектеп формасын алсаңыз, бастауыш сыныпқа 33 мың мен 43 мың арасында (пиджак 13 20015 400 тг, белдемше 6600-8800 тг, шалбар 72007700 тг, қапсырма 610012 100 тг), 57-сыныпқа 34 мың мен 50 мың арасында (пиджак 1320019 800 тг, белдемше 6600-8800 тг, шалбар 75008800 тг, қапсырма 660013 200 тг), одан жоғары сыныптар 40 мың мен 53 мың арасында (пиджак 16 50019800 тг, белдемше 83009400 тг, шалбар 8800 тг, қапсырма 720014 300 тг) ақша жұмсайсыз.


Келесі кезекте жәрмеңкеде сатылып жатқан мектеп керек-жарақтарының бағасын сұрадық. Мұнда 12 беттік дәптер 29 тг, 36 беттік 200 тг. Қалам мен қарындаштарда да базарға қарағанда 20–30 тг өсім бар. Қаламсауыттың бағасы 2 мыңға дейін жетеді. Байқағанымыздай, жәрмеңкедегі тауарлар 15–20% қымбаттау түседі. Дегенмен, ойын-сауық орталығында қаншалықты адам көп болса да, қауіпсіз әрі ыңғайлы сауда жасауға барлық жағдай жасалғанын ұмытпаған жөн.


Осы орайда, интернет-дүкендерге де шолу жасап өтейік. XXІ ғасыр адамдары, әсіресе, карантин кезінде, бар керегін үйде жатып алдыруды әдетке айналдырды. Алайда, дәл осы балаларының мектеп формасына келгенде ата-аналар интернет-дүкендерден киім алуға тартынады. Онысы «балама дұрыс келмей қалса қайтем» деген уайымына байланысты. Дегенмен, ғаламтор арқылы сауда жасайтын дүкендердің көпшілігінде кері қайтару келісімі болғандықтан, нар тәуекел етіп, мектептің керек-жарағын онлайн сатып алатын адамдар да аз емес. Ондай тұтынушылар үшін тек бүлдіршіндер мен орта жастағы балаларға арналған интернет-дүкендерде ең арзан ақ жейденің бағасы 3299 тг басталады. Орта бағадағы көйлектер – 4499 тг, ал қымбат дегендері – 6999 тг. Оның сыртынан киетін қапсырманы 2899 тг мен 7999 тг арасында таба аласыз. Жеке шалбардың өзі 7999–11 999 теңге көлемінде бағаланса, толық мектеп формасының құны (пиджак пен шалбар) 29999 тг барады. Қыздарға арналған ең қолжетімді белдемше 3699 тг, ал қымбаттауы 7999 теңгеге дейін жетеді. Жігіттерге арналған туфлидің орташа бағасы 8799–11 399 теңге арасында болса, қыздарға арналғаны 8799–13 199 теңгеге табылады.


«Барахолкада» баға былтырға қарағанда 20%-ға өскен


Ата-аналардың көпшілігі мектеп формаларын арзан бағада табуға тырысады. Бұл кезде қара базардың саудасы қыза түседі. Қала тұрғындарының басым көпшілігі киінетін «Барахолкада» баға былтырға қарағанда 20%-ға өскен. Бұл жаңалық үйінде 4-5 баласы бар отбасылардың шамына тигендігін көріп отырмыз. Амал нешік, баға өсcе де, баланы киіндіру - ата-ананың міндеті. Сол үшін де тапқан табысының жарым-жартысын киіндіруге жұмсайды. Мәселен, қыз баланың жеңіл жейдесі 3500 теңгеден басталып, 7000 теңгеге дейінгі аралықта сатылымда. Белдемшенің бағасы 5500–10 000 теңгеге дейін, костюмнің бағасы 15 000 теңгеден басталады. Ескіден келе жатса да, әлі күнге сәннен жоғала қоймаған  сарафандар 4500–7000 теңге көлемінде қайта сатылымға шыққан. 7–12 жастағы қыздардың ақ, қара түсті классикалық аяқ киімдері 5500 теңгеден басталып, 12 000 теңгемен тұрақталады. 13 жастағы қыздарымыздың туфли, бәтеңкелері жеңілдікпен 8000–15 000 теңгені қамтиды. Ер баланы мектепке даярлауда қыздарға қарағанда көп қаржы кете қоймайтынын байқадық. Қалай дейсіз ғой, 1–7-сыныпқа дейінгі балалардың жейдесі 2500 теңгеден басталады. Жасөспірімдердікі 3500–5000 теңге аралығын қамтиды. Бір шалбарлы костюмнің бағасы – 12 500 теңге. Екі шалбарлы костюм 13 000 теңгеден басталып 18 000 теңгеге барады. Алайда, ер баланың аяқ киімдері қымбатқа шығады.



Мәселен, 1–11-сыныпқа дейінгі ұлдардың аяқкиімдері 7000–15000 теңге аралығын қамтиды. «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» демекші, ата-аналардың көпшілігі бағаның бұлай шарықтайтындығын күтпеген. Сондықтан болар, саудагерлермен келісуге тырысқан ата-аналарды көзіміз шалды. Обалы не керек, саудагерлер де халықтың қалауын тауып, көңілінен шығуға тырысады-ақ. Алайда, әрі кеткенде 500–1000 теңге көлемінде жеңілдік жасайды. Осы ретте киімдердің бағасы сапасына татымайтындығын айта кеткеніміз жөн.



Қазіргі уақытта базардағы киімдердің көпшілігі көршілес Қырғыз елінен әкелінеді. Тіпті, бұрындары самсап тұратын Қытай мен Түрік елдерінің киімдерін табу қиынға түскен. Ал отандық киімдерді базардан мүлдем кездестіре алмайсыз. Себебі, бағасы тым қымбат дейді саудагерлер. Оларды тек қаланың ортаңғы бөлігінде орналасқан сауда орталықтарынан ғана таба аласыз. Сауда орталықтарының бағаларын салыстырмақ болып, Grand Park сауда орталығына барғанда, баға бірнеше есе қымбат екенін байқадық. Қалтасы қалың болмаса да, «Бар жақсыны – балама» деген ұран ұстанған ата-аналар бұл жерде бағаға қарсылық білдіре қоймайтын көрінеді. Себебі, баға базарға қарағанда екі есе қымбат. Базардан кездестіре алмаған отандық өнімдерді осы жерден байқадық.



Елімізге етене танымал шетелдік материалдардан жасалған GLASMAN атты отандық өнімнің бағалары мынадай: Кішкентай балаларға арналған пиджак 12 000 тг, шалбар 7000 тг, жейде 6000 тг, қапсырма 12 000 тг, галустук 1500 тг, белдік 4000 тг басталады. Үлкен сыныптағылардың пиджактары 14 000 тг, шалбар 9000 тг, жейде 9000 тг тұрады, галустук 2000 тг, белдік 5000 тг құрайды. Ал қыздар қауымының сарафандары 10 000 тг, белдемше 9000 тг, пиджак 14-15 мың тг аралығында. Күздік жемпір 10 мың тг, жакет 7 мың тг басталады. Қыз бала мен ер балалардың аяқкиімдері 20 000 тг басталып сапасына қарай 40 000 тг дейін жетеді. Көпшілігіміз қызығатын Түрік елінің киімдері отандық өнімнен баға жағынан да, сапа жағынан да асып түседі. Қалай десеңіз, пиджактың бағасы 20 мың тг басталады, шалбар 16 мың тг құрайды. Ақ жейде 15 мың, сарафан 20 мың, күздік жемпір 13 900 тг құрайды. Ұл балаларға арналған итальяндық киімдердің пиджактары - 23 мың тг, шалбары - 22 мың тг. Күздік жемпірлер - 15 мың тг. Жейделері 17 мың тг басталады. Қыз бала мен ұл балаларға аяқ киімдер 30 мың тг басталып, 100 мың тг жалғасады.



Сіз бен біз менсіне қоймайтын көршілес Қытай мемлекетінің сапалы мектеп формаларының бағасы да біршама. Саудагерлердің айтуынша, бұл тауарлардың матасы өте жақсы деседі. Мысалға, қыз балаларға арналған сәнді сарафандар 13–19 мың тг аралығында. Пиджактардың бағасы 19 700 тг басталса, шалбардың бағасы - 15 мың тг. Түрлі ою-өрнектермен, тастармен көмкерілген ақ жейделер 13–15 мың тг құрайды. Күздік жемпір 17 500 тг тұрақталады. Ал ер балаларға пиджак 18 900 тг, шалбар 15300 тг, ақ жейде 10 500 тг басталады. Белдік 3000 тг, күздік жемпір 20 280 тг құрайды. Ер бала мен қыз балалардың аяқ киімдерінің бағасы шамалас – 15–30 мың тг аралығын қамтиды.



Ескере кететін бір жайт, сауда орталықтарының ішінде де базардың бағасына шамалас гипермаркет бар. Алайда, ол жақта киімдерге таңдау бар деп айта алмаймыз. Қыздарға арналған сарафан 5340 тг, ақ жейде 6540 тг, юбка 6540 тг. Ер балаларға арналған шалбар 7140 тг, ақ жейде 6540 тг. Қыз баламен ер баланың аяқкиімдерін 6540–8900 тг аралығында табуға болады. Гипермаркеттен байқағанымыз, бұл жерде кеңсе тауарларын, оқуға қажетті құралдардың бірнеше түрін кездестіруге болады.  Осы ретте салыстырмалы түрде, оқуға қажетті құралдардың базар мен гипермаркеттегі бағаларын назарларыңызға ұсынамыз.



























































































































 



Гипермаркет



Базар



Сурет салатын альбом



216–390 тг



200–250 тг



Қою  қалам (Фломастер)



570–1140 тг



500–1250 тг



Акварель



380–1320 тг



800 тг



Қайшы



450 тг



350 тг



Түрлі-түсті бояу



930–1770 тг



500–2500 тг



Ермексаз



450–950 тг



580–800 тг



Сызғыш



420–600 тг



60–90 тг



Санақ таяқшалары



618 тг



250–500 тг



Қалам



60-96 тг



80–250 тг



Қарындаш



114 тг



100 тг



Өшіргіш



96–204 тг



150–400 тг



Ұштағыш



180–414 тг



150 тг



Желім



200–650 тг



350–450 тг



Қисық жол дәптер, 12 бетті ( 1-2-сын.)



30 тг



20 тг



Торкөз дәптер,   12 бетті



30 тг



20 тг



Қаламсауыт



720–1740 тг



250–3000 тг



Сөмке



7000–15 000 тг



5000–15 000 тг



Күнделік



900 тг



700 тг



Дәптер қап



30 тг



25 тг



Кітап қап



50 тг



30 тг



Қорытынды:



15 364 тг



12 060 тг



 



 



 



 


Назира БЕРЕКЕЛДІ, ата-ана: Қалтаға салмақ түспесе екен деймін


     Базарда іздеген тауарыңыздың арзаны да, қымбаты да бар. Бәрі енді сапасына келіп тіреледі ғой. Үйде 4 баламыз бар. Оның 3-еуі мектепке барады. Мектеп формасының бағалары қымбаттағаны қалтаға қиындық тудырып жатқаны жасырын емес. Үйде жолдасым ғана жұмыс жасайды. Мен балаларымызға қарап үйде отырамын. Ақшамызды үнемдеп, әрқайсысына 2-3 заттан ғана алып жатырмыз. Мәселен, бүгінге бір баламды ғана киіндірдім. Оның ескіре қоймаған формаларын қалғандары киеді дегендей. Бірақ бағасына қарап, сапасыз киімдер алғандықтан, келесі жылы тоз-тозы шығып кетеді. Қазір жақсы болды ғой, кішігірім кредитке баламызды киіндіреміз. Кейін ол қаражатты ақырындап төлейміз, бізге кім 200-300 мың тг береді дейсіз. Амал жоқ, үйде жалғыз асыраушымыз болғандықтан, қалтаға салмақ түспесе екен деймін.


Ербол МЫРЗАХМЕТ, саудагер: Киімдерді көбіне доллармен аламыз


     Мектеп формасы қымбаттады, бағаны көтеруге  ұялмайсыздар ма деп жатады ата-аналар. Бұл біздің қолымызда тұрған жоқ қой, тауарды біз Қырғызстан, Қытайдан әкелеміз. Киімдерді көбіне доллармен аламыз, сондай-ақ, қазіргі таңда матаның жетіспеушілігі киімнің қымбаттауына әкеліп соқтырады. Осы ретте көп балалы ата-аналарға бір лайфхак айтайын.  Сапалы әрі сәнді киімдерді алғыңыз келсе, көтерме бағада алыңыздар. Сонда жарты бағаға арзанға түседі. Саудагерлікте жүргеніме 13 жылдың көлемі болыпты, елдегі инфляцияның әсерінен болар, саудамыз бұрынғыдай емес. Халықтың басым көпшілігінің жалақылары әлі өспеді. Бұл барлық сауда орталығына кері әсерін тигізіп жатыр.


 


Аман СЕЙТОВ, ҚР Оқу-ағарту Министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің басқарма басшысы:


Талаптар мен нормалар өзгермейді


Биыл мектеп формасына қойылатын талаптар  және оған қатысты заңнамалық нормалар өзгертілмейді. Яғни оқушылар бұрын сатып алған немесе биыл дайындаған мектеп формаларымен мектепке бара алады. Ең бастысы, классикалық стильде болуы тиіс. Ұлдардың мектеп формасы пиджак, қапсырма, шалбар, күнделікті және мерекелік жейделерден тұрса, қыз баланың формасы пиджак, қапсырма, белдемше, шалбар және классикалық жейдеден тұрады. Ата-аналар өндірушіні, мектеп формасын сататын сауда желісін өздері таңдай алады. Бұл ретте жекелеген өндірушілерге артықшылық жасауға жол берілмейді.



P.S. Алматының күндіз 30-40 градусқа ысып, түсте ақ жауын құйып  кететін ауа райындай, базар-сауда орталықтарындағы баға да мың құбылып тұр. Мектепке баратын уақыт жақындаған сайын, әр киімнің құны шарықтап бара жатқанына көз жеткіздік. Бір балаға кемі 90-100 мың кетеді. Бір айлыққа сүйенетін көпшілік қауымға мұндай қаражатты жарата салу оңайға түспесі анық. Ал көп балалы ата-аналарға түсетін ауыртпалық тіпті қиын. Сондықтан «Мектепке жол» республикалық акциясынан құр қалмайық. Акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Бұл акция 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында осымен он бірінші жыл өткізіліп отыр. Акция өткізілген он жыл ішінде 2 млн 600 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 17 млрд 800 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Мұқтаж жандарға көмектесуді, сондай-ақ демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез келген азамат еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілеттігінің «111» ұлттық байланыс орталығына немесе Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 74-25-28 сенім телефонына хабарласуына, қажетті ақпаратты комитеттің www.bala-qqk.gov.kz веб-сайтынан алуға болады.



Жақсылық жасап жарысайық!


 


Әзірлеген Досбол АТАЖАН, Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04