Қазақ – қашаннан тойшыл халық. «Берекелі жерден мереке кетпейді» деп, көңілінің кеңдігін, дархандығын паш еткен халқымыз тойды қазынаға балаған.
Бала өмірге келгендегі шілдеханадан бастап, перзент өміріндегі айтулы оқиғалардың ешбірін атаусыз қалдырмаған ата-бабаларымыз бүкіл мал-мүлкін, дәулетін кейде сол бір ұлан-асыр той үшін жинайтындай көрінетіні де бар. Содан ба, «жиған-тергенің тойда шашылсын» деген сөз күні бүгінге дейін тілектің тілегі болып жалғасып келеді.
Әңгімені әріден бастасақ, қазақтың тойы – жай ғана ас ішіп, аяқ босату емес. Ол – тіні үзілмей келе жатқан озық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің жемісті жалғастығы, сабақтастығы паш етілетін тағылымды шара. Болған. Дегенмен, заман да, адам да өзгеріп, дәстүрлі құндылықтардың дені аяқасты болуға айналған бүгінгі таңда қазақтың тойы да түрленіп жатыр. Жақсы жағына болса бір жөн ғой. Өкінішке қарай, кейінгі кездегі кейбір тойларда ата салтымызда атымен болмаған ырым-жырымдар, келеңсіз көріністер бой көрсетуде. Оның ең сорақысы – үйлену тойына қатысты.
Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған бейнежазбадан бұрын-соңды көзіміз көріп, құлағымыз естімеген сұмдыққа куә болдық. Дап-дардай екі әйел той үстінде желек жамылған жас келіннің аузына кезек-кезек жабысып жатыр. Бақсақ, біреуі – үйленіп жатқан жігіттің шешесі, екіншісі – әжесі екен. Яғни, екеуі де – келіннің енесі есебінде. Ал мына тірліктері не десек, конфеттің бір ұшын өздері тістеп, екіншісін келінге тістетіп, тәттіні бөліп жеген түрлері болса керек. Мұндағы мақсат – ене мен келін болашақта бір-бірімен ауызбірлікте, тату-тәтті болсын деген ырым-мыс. Көрер көзге ерсі, мәдениетке қайшы осындай жиіркенішті тірлікке барған адамдардың қылығына қалай күймейсің, қалай денең түршікпейді?!
Біле-білсек, ене мен келін сыйластығының артуы олардың жұрт алдында ауыз жаласып, бір конфетті бөліп жегеніне қарап қалған жоқ. Отбасында дұрыс тәрбие алып, үлкенді үлкендей сыйлап өскен әдепті, көргенді қыз босаға аттағаннан кейін де сол әдебінен аспайды, ибалы келін болып, ата-енеге лайықты құрмет көрсетеді. Ал кезінде өзі де соның орнында болған парасатты ене жас келінге «ұлымның өмірлік серігі», «ұрпағымызды жалғаушы», «әулеттің ендігі отанасы» деп қарайды, білмегенін ақылға салып үйретіп, жаңа ортаға тез сіңісіп кетуіне септеседі.
Қалай болғанда да, елдің бүгінгі өмір үрдісі, тұрмыс-салты басқа. Жас келіннің басына әңгіртаяқ ойнатып, аюдай ақырып отыратын ене де, күйеуінен бұрын енесінен қорқып, соның айтқанымен ғана жүріп-тұратын келін де жоқ. Керісінше, көп жағдайда ененің өзі келінге – келін болатын заман қазір. Оны күнделікті көріп те жүрміз.
Өткенде бір ұзату тойында тілек айтқан қалыңдықтың туыстары құдағиға «қызымызды сізге тапсырдық» деп жатты. Әлденеше рет айтылған сол сөзге орай, күйеу жігіттің жеңгелерінің бірі: «Қызымызға қиын болмай ма, енесі қандай адам деп алаңдамаңыздар. Құдағиларыңыз құмырсқаға да қиянат жасамайтын, қақ-соқпен ісі жоқ, өте момын адам. Қайта біз сол енесін келінге аманат қып тапсырсақ па деп тұрмыз» деп жұртты ду күлдіргені бар. Қалжың болса да жаны бар сөз бұл.
Ұзату тойларында кейінгі кезде үрдіске айналған жораның бірі – қалыңдықтың артына қарай гүл лақтыруы және тұрмысқа шықпаған қыздардың соны алуға таласа-тармаса ұмтылуы. Бұрын мұндайды әлдебір шетелдік сериалдардан ғана көретінбіз және бұл оларда «қалыңдықтың лақтырған гүлін қай қыз алса, сол қыздың жолы ашылады, теңін тауып, көп ұзамай тұрмысқа шығады» деген ырыммен жасалатын нәрсе-тұғын. Тойды ерекше ғып түрлендіруіге тырысатын асабалардың шығарғаны ма әлде кинодан көргенін істегісі келген қалыңдықтың қалауы ма, әйтеуір қазір ұзатылу тойында гүл лақтырмайтын қыз кемде-кем.
Қазақы салт-дәстүрдің жай-жапсарына жетік белгілі қаламгер Зейнеп Ахметова барған сайын сіңісті болып бара жатқан бұл үрдісті ерсі санайды. Зейнеп апайдың бұл орайдағы пікірі: «Қазір қызды шығарып салар кезде бір топ қыз қалыңдықтың артына тұрады. Сөйтіп тұрудың өзі қазақтың қыздарына өте ыңғайсыз. Байсырап бара жатқандай, үлкен-кішінің, әке-шешеңнің көзінше гүлге таласу ұят. Күйеуге тиетініңді елдің бәрі біледі ғой, бірақ олай жария ғып керегі жоқ. Гүлді лақтырған сәтте бәрі улап-шулап, осы қазір күйеуге шығып кетердей айғайлайды. Бірақ қазақтың салтында ұзатылатын қыз гүл емес, тақиясындағы үкісін өзінен кейінгі жақын сіңлілеріне бөліп беріп кетеді. Неге осыны тойда жасамасқа?» – дегенге саяды. Орынды пікір, дәлелді уәжге ден қойып, құлақ ассақ, қанеки!..
Әдетте беташар кезінде сәлем салатын келіннің екі жағында екі жеңге, дұрысы, екі абысыны тұратыны белгілі. Олар бұл табалдырықты жас келіннен бұрын аттағандықтан, ендігі жерде оған жөн көрсетіп, әулеттің өзіндік тәртібін, қалыптасқан салт-дәстүрін түсіндіреді, ағайын-туыспен таныстырады, әркімнің жолын, жөнін ұғындырады. Сондықтан Зейнеп апай екі жеңгенің бұл арадағы ролі зор екенін айтады және келіннің қасына кім көрінгенді әкеліп, тіпті кейде жалаңбас, шалбармен тұрғыза салуды құптамайды. «Негізі, жас келінді талайға дейін үйрететін сол абысындары болған. Бізде дәстүрдің сыртқы көрінісін ғана қабылдайды, түпкі мағынасына мән бермейді. Өткенде екі келінді бір күнде түсірген ғой. Сөйтсе, олардың біреуін есіктен, екіншісін терезеден түсіріпті. Ол – не масқара? Терезеден түсетіндей ол келін ұры ма?! Қазақта мұндай нәрсе болмаған. Келін табалдырықты оң аяғымен аттап кіруі керек. Табалдырықты аттаған кезде үш қайтара сәлем жасайды, – дейді.
Жалпы, тойдағы сорақылықтар туралы елден естігеніміз де, ғаламтордан көріп жүргеніміз де жетіп артылады. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, әркім қиялы кеткен, шамасы жеткен жерге дейін шалықтауға, қалықтауға құмар. Бірақ осы тараптағы дарақы қылық, ерсі әдетімен ұлт мәдениетін мансұқтап, ата салтын аяқасты етіп жүргені солардың қай-қайсысының да қаперіне кірмейтіні өкінішті.