«Тек кітап пен білім ғана бізді адамды шынайы сүюге, еңбегін құрметтеуге және оның үздіксіз еңбегінің тамаша жемісіне сүйсіне білуге қабілетті, рухы мықты, адал, ақылды адам ете алады» деген екен М.Горький. Мұның сыртында кітаптың, әдебиеттің айтулы бір міндеті оның тәрбиелік мәнімен астасып жататыны анық.
Бұл тұрғыдан алғанда, кезіндегі кеңестік жүйе әдебиеттің осы қырын өзінің идеологиялық жұмысына шебер пайдаланды. Сөйтіп, үлгілі октябряттан бастап, мінсіз пионер, алдыңғы қатарлы комсомол, адал коммунист, жалпы, социалистік қоғамның идеал азаматы бейнесінің үздік үлгілерін нақты әдеби образдар арқылы қалыптастырып берді. Бүкіл халыққа күн көсем Владимир Ильич Лениннің бейнесі үлгі етіп ұсынылды. Осы насихатқа күмәнсіз сенгендігіміз соншалық, бәріміз бала күнімізде кішкентай Володяның М.Шагинян шығармалары арқылы санамызға әбден сіңісті болған іс-әрекетін мүлтіксіз қайталауға тырыстық. Тура сол сияқты қыстыгүні биік төбеден тікемізден тік тұрып, қорықпай, құламай сырғанауға жаттықтық, жаздыгүні жап-жасыл бақтың оңашалау тұсына шағын ғана жазу үстелін жасатып алып, кітап оқуға, жазу-сызумен айналысуға әуестендік.
Кейінірек колхоздың күзгі жиын-терін нуқанында ерте жауған қардың астында қалған ұшы-қиырсыз егіс алқабындағы жүгеріні қолмен үзуге тура келгенде бригадирдің бәрімізге «Құрыш қалай шынықтыдағы» Павел Корчагинді үлгі еткені де есімізде. Бізден бөлек, жер-жердегі, ел-елдегі қаншама жасөспірім пионерлер отрядының жетекшісі Тимур мен оның командасының іс-қимылын қайталады! Былайша айтқанда, орыс әдебиетіндегі Павел Корчагин, Глеб Жеглов, Штирлиц сияқты басқа да көптеген кейіпкерлердің әралуан кезеңдер мен түрлі буындардың культтік тұлғасына айналғаны анық. Мәселен, өткен ғасырдағы орыс зиялысының бейнесі, әдетте, доктор Живагомен байланыстырылады. Ал замандастарын соңынан ерте білген Тимур бейнесіне балалар армиясының көшбасшысы тұлғасы топтастырылғаны даусыз.
Белгілі бір дәрежеде символға айналған осы кейіпкерлердің қай-қайсысы да – қаламгер қауымның қиялынан туындаған әдеби образ. Шындығында, бүкіл қоғам сол образдарға қарап бой түзеді, жаманынан жиренді, жақсысынан үйренді. Ұлт ұрпағына үлгі болатын мұндай кейіпкерлер қазақ әдебиетінде де бар, бірақ некен-саяқ. Балалар әдебиетіне қатысты айтқанда ойымызға оралатыны – Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы мен Сансызбай Сарғасқаевтың, Машқар Гумеровтің жекелеген шығармалары ғана. Қожаның әр балаға таныс кейіпкерге айналуының бірден-бір сыры – «Менің атым – Қожа» бойынша кино түсірілгендігінде. Ал С.Сарғасқаевтың «Қайсар қыз», «Сәуленің жаңа достары», «Сұлутөр», М.Гумеровтің «Тоғыз тосқауыл» тәрізді қызықты оқиғаларға толы, жас жеткіншектердің ой-арманы, қоғамға пайдалы істері, өнер-білімге деген құштарлығы, бір-біріне адалдығы, достық қарым-қатынастары суреттелген шынайы шығармаларын біреу білсе, біреу білмейді.
Қазақтың басқа да көптеген қаламгерлерінің балалар үшін аса пайдалы осындай туындылары бар. Өкінішке қарай, насихатының жоқтығынан көпшілікке жетпей жатады. Негізі, таспаға түсіріліп, кино тілінде сөйлеген жағдайда кез келген көркем шындықтың өміршең де, өтімді де болары анық. Бұл ретте, бұқараға әсерінің күштілігінен де «өнердің ішіндегі ең маңыздысы» саналған кино саласының құдіретін мойындамау әсте мүмкін емес.
Сайып келгенде, әдебиет пен кино жанрларының бір-бірімен салаласа, сабақтаса әрекет еткені, тығыз бірлікте дамығаны өнер үшін де, жалпы, қоғам үшін де әлдеқайда тиімді болар еді. Әсіресе ұлтымыздың жас ұрпағы өзгенің емес, өзіміздің әдеби кейіпкерлерімізге қарап ой түзесін, бой түзесін десек, осы жағын ескергеніміз абзал.