Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры, QyzPU түлегі Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Айтулы шараға университеттің ректоры Гүлмира Қанай, профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер, қоғам қайраткерлері, Оразкүл Асанғазының туыстары, достары және замандастары қатысты.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ректоры Гүлмира Қанай, жазушы, педагогика ғылымдарының докторы Совет-Хан Ғаббасов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың аяулы ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева, заң ғылымдарының докторы Жалаири Өмірәлі Шакарапұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойгелді Мәмбет Құлжабайұлы қатысып, кітаптың қызыл лентасын қиды.
Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы – қоғамда өз орны бар, ұлттың тілі, дәстүрі және мәдениетін сақтау жолында белсенді қызмет етіп келе жатқан көрнекті тұлға. Бұл кітап жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау, отбасы берекесін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттілігін түсіндіру мақсатында жазылған.
«Мен алғашында «Отбасы берекесі» тақырыбында дәріс оқып жүрдім. Кейін осы дәрістерімді жинақтап, кітап етіп шығардым. Кітап үш тараудан тұрады: «Отан отбасынан басталады», «Отбасы берекесі махаббатта», «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін...». Яғни, дәрістерімде қолданған әңгімелерімді өз өмірлік тәжірибеммен сабақтастырып жаздым. Кітаптың ең басты ерекшелігі – оның өміршеңдігі. Ол отбасы құруды жоспарлаған жастарға да, өмірдің талай белесін артқа тастаған қарияларға да арналған»,-деді Оразкүл Асанғазықызы.
«Отбасы берекесі» кітабы – ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін маңызды еңбек. Кітапта қазақ отбасындағы тәрбиенің маңызы, ата-ана рөлі, ұрпақтар сабақтастығы және отбасындағы берекенің сақталуы туралы ойлар мен ұсыныстар қарастырылған.
«Кітапты оқып шықтым. Болашақ жастар үшін нағыз бағдаршам десем, артық айтқаным емес. Кітапты оқи отырып, авторымен сұқбаттасып отырғандай әсер алдым. Кейбір өмірлік сұрақтарыма осы туынды арқылы жауап таптым. Қазақтың тектілік мәселесі тереңінен талқыланған құнды еңбек. Баршаңызға оқуға кеңес беремін!»,-деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Айсұлу Кенжан Молынбайқызы.
Кеш барысында кітаптан үзінділер оқылып, автордың ойлары мен туындысының негізгі идеялары талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар кітаптың өзектілігі мен отбасы тәрбиесінің қазіргі қоғамдағы орны туралы пікір алмасып, рухани жаңғыруды қамтамасыз ету жолдары жайлы сөз қозғады.
Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» кітабы – отбасы құндылықтарын насихаттайтын құнды туынды. Бұл кітап тек жастарға ғана емес, отбасылық өмірдің мәнін тереңінен ұғынғысы келетін әрбір жанға арналған.