ffin.kz

«Тұғыры биік тау тұлға»

«Тұғыры биік тау тұлға» aqshamnews.kz

                                                                                  Әбілхан Қастеев – 120

 

 Бейнелеу өнеріндегі қайталанбас қолтаңбасымен танылған тума талант, еліміздің тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеев бейнесі Талдықорған төрінде бой көтерді. Суретшінің 120 жылдық мерейтойына орайластырылған тұғырлы мүсін Жетісу облысы орталығындағы көркемсурет галлереясының алдына орнатылды.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде қылқалам шеберінің бейнесін мүсіншілер Ринат Әбенов пен Ербол Зиябеков сомдағаны, ал игілікті іске академик Мырзатай Жолдасбеков ұйытқы болған айтылды.

Көпшілікті осынау айтулы жаңалықпен құттықтай келе, Мырзатай Жолдасбеков бұл игілікті істің оң шешімін табуына қолдау көрсеткен облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, бүкіл қазақтың рухын көтерген, қазақты әлемге танытқан теңдессіз талант Әбілхан Қастеев есімі, еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын және ұмытылуға тиіс еместігін жеткізді. Көп жылдан бері айтылып, бірақ орындалуы әртүрлі себептермен кейінге қалдырылып келген ескерткіштің тұрғызылуына ұлы тұлғаның туған топырағы – Жаркент өңірі азаматтарының да үлесі зор екені аталып өтті.

Шын мәнінде, Әбілхан Қастеевтің өмір жолы, көркемөнердегі еселі еңбегі бүкіл қазақ баласына, қазақ даласына үлгі, өнеге болды. Бейнелеу өнерінде Қастеев мектебі қалыптасты. Қастеевке қарап бой түзеп, көптеген жас өрендер өсті. Ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтті. Әбілхан Қастеевтің қылқаламынан туған дүниелер тек қазақ бейнелеу өнерін ғана емес, дүниежүзілік руханиятты байытты. Бұл ретте, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов айтпақшы, Қастеев ескерткішінің ашылуы тек Жетісу өңіріндегі ғана емес,  бүкіл қазақ руханиятындағы маңызды оқиға.      

Қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева рәсімге қатысушыларға, ескерткіштің тұрғызылуына себепші болған азаматтарға, мүсіншілерге алғыс айта отырып: «Әкемнің өзін көргендей болып тұрмын. Түрі де, отырысы да айнымайды. Ел-жұртқа шексіз ризамын» деп толқи сөйледі.

Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін жиналғандар суретші туындылары қойылған композициялық көрмені тамашалады. Мерейтойлық шара одан әрі қарай «Тұғыры биік тау тұлға» атты конференцияға ұласты. Конференцияға республиканың түкпірүкпірінен, алыс-жақын айтақтардан қонақтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ел тізгінін ұстаған азаматтар, сонымен қатар, қылқалам шеберінің Нұрқат Әбілханұлы бастаған ұрпақтары, Әбілхан атаның жерлесі, Еңбек ері Күләш Айтжанова бастаған, Панфилов ауданының барлық зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Ө.Жұбаниязов бастаған, Астана, Алматы қалаларының және Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының кәсіби суретшілері қатысты.

Жазиралы Жаркент өңірінің Шежін атты кішкентай ғана ауылында дүниеге келген, жастайынан тағдырдың ащы дәмін тата жүріп еңбекпен есейген Әбілхан Қастеевтің сан тараулы өмір жолы, шығармашылық ізденісі, жетістігі мінбеге көтерілгендер тарапынан кеңінен сөз болды. Жиынды ашқан облыс басшысы Бейбіт Исабаевтан кейінгі сөз кезегі Қазақстанның Халық жазушысы, Жетісу облысының Құрметті азаматы Бексұлтан Нұржекеұлына берілді. Әңгімесін: «Әбілхан аға жайлау мінезді, жаймашуақ кісі еді», деп бастаған жазушы: «Жайлаудың ауасы таза, суы таза, тау-тасы, шөбі, қыл аяғы, топырағына дейін таза. Әбілхан аға да сондай жаны таза, тәні таза, ниеті, пиғылы таза, өзі де, сөзі де таза адам еді. Бір қарағанда, момын адам болып көрінетін. Бірақ қажырлы, табанды, айтқанын істейтін, ойдағысын жүзеге асыратын тұлға болатын», деп сабақтады.

Әбілхан Қастеев өз картиналарымен XX ғасырдың шежіресін жазып кетті десек артық айтқандық емес. Б.Нұржекеұлы «бұдан кейінгі дәуірлерде XX ғасырдағы қазақтың өмірін, тұрмысын білгісі келген адам міндетті түрде Әбілхан ағаның суреттерін көруі керек» деген пікірде. «Жай ғана бір мысал, жас қалыңдық алып келе жатқан шал. Әлгіге құмартып, көзімен ішіп-жеп қарайды. Ал арттағы бәйбішесінің қызғаныштан жарыла жаздап келе жатқаны байқалады. Мұндай психологиялық суретті қазақтың өмірін егжей-тегжейлі білген адам ғана сала алады. Әбілхан ағаның шеберлігі де осында. «Колхоздағы той», «Сүт фермасы», «Жайлау» дейді. Ендігі ұрпақ «колхоз», «сүт фермасы», «жайлау» дегеннің не екенін білмеуі мүмкін. «Талас өлкесі» деген полотносы бар. Ауылдың бүкіл өмірі сол полотнода көрініп тұрады. «Кейінгі ұрпаққа бәрін көрсетіп кетейін» деп өзі соны мақсат еткен сияқты», дейді жазушы.

Көпшілік қауым сонымен қатар Махамбет Сейсенхан, Жанұзақ Мүсәпір, Әйгерім Еспенованың да бірегей тұлға жөніндегі ой-толғамдарын тыңдады. Салтанатты шара барысында суретшінің өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған «Өмір мектебі» кітабы мен Әбілхан Қастеев суреттерінен құрастырылған фото-альбомның тұсауы кесілді.

Мерейтойлық шара кәсіби суретшілердің «Күз бейнесі» атты пленэрімен суретшінің кіндік қаны тамған Шежін ауылында жалғасатыны айтылды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:15

19:44

19:17

18:45

18:09

17:15

17:06

16:49

16:26

16:15

16:12

15:51

15:35

15:13

14:11

14:10

12:59

12:57

12:39

12:37

12:16

11:59

11:39

11:26

11:11