Алматылық бір топ журналист Түркияның астанасы - Анкараға барып, тағылымдамадан өтіп келдік. Бұл тәжірибе алмасу сапарына Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі («TIKA») қолдау білдірді.
«TIKA» туралы...

Тағылымдаманың басты қолдаушысы Түркия Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (Türk İşbirliği ve Koordinasyon Ajansı Başkanlığı, қысқаша — TİKA) екенін айттық. Біздің ел үшін аты таныс «TIKA»-ның атқарған шаруасы шаш-етектен. 30 жылдан астам тарихы бар ұйымның қызметінде түркі тілдес елдер мен қауымдастықтарға баса назар аударылады. Дамушы елдерге ресми даму көмегін ұйымдастыратын TİKA-ның алғашқы үйлестіру кеңселерінің бірі біздің елде ашылған. Мектеп ашу, кітапхана салу, шәкіртақы төлеу, ана мен бала денсаулығын сақтау, ауыз су жүйесін орнату сияқты өмірлік маңызды жобалар – «TIKA» жасаған жұмыстың бір бөлігі ғана. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас елдің біздің сапарымызға білдірген қолдауы да қазіргі заманғы медианарықтағы жаңашылдықты арттыруға сеп болатын, өзара тәжірибе алмасқан маңызды жобаның бірі болды.
«TIKA» тарихынан...

Біз үшін тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Түркия егемен елдермен тіл, тарих, мәдениет және этникалық қарым-қатынастардың қайта жандануына жол ашты. Сол шақта осы байланыстарды тереңдетіп, ынтымақтастықты жүйелі түрде ұйымдастырып, жүзеге асыратын құрылым құру қажеттігі туындады. Осындай қажеттіліктен Түркі мемлекеттері мен қауымдастықтарының дамуына жәрдемдесу деген ұлы миссияны арқалаған ұйым өмірге келген.
TİKA-ның Түркістанға не қатысы бар?
Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі барын білгенмен, біздің Түркістанға не қатысы барын білмеппін, дәріспен қатар жүрген мәдени бағдарлама аясында қаланың ортасында орналасқан агенттіктің ғимаратына барғанда сұрағыма жауап алдым.

TİKA басшысы Абдулла Ереннің орынбасары Фаһрие ханым бұл мекеменің әлем елдеріне көрсеткен көмегін, жасаған игі істерін слайд арқылы таныстырып өтті. Әлемнің жүзден астам елінде 170-тен аса жобасы бар бұл ұйымның мектеп, аурухана салуда, ескі тарихи, мәдени ескерткіштерді жаңғыртудағы қолтаңбасы ерекше екен. Біздің осы жолғы сапарымызға да септігі тиген TİKA дүние жүзіндегі талай маңызды қайырымдылық жобаларына қол ұшын созумен қатар Түркістандағы Ясауи кесенесін де жөндеуден өткізуге көмектесіпті. Осының айғағындай агенттік мұражайында Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің үлкен макеті тұр.
Дәріс арқауы - мобильді журналистика

TİKA қолдау білдірген тағылымдама Түркияның ірі мемлекеттік медиахолдингі «TRT»қабырғасында өтті. Аталған корпорацияның 2024 жылы ашылған «TRT» академиясы қазақ журналистеріне арналған оқыту бағдарламасын толығымен қазақ тілінде дайындаған. Спикерлердің сөзін толық түсіну үшін аудармашы қызметі қоса ұсынылды.

Цифрлық медиадағы контент туралы «TRT» академиясының Анкара және Стамбул филиалының мамандары білгенін ортаға салып, тәжірибелерін көрсетті. «TRT» өз өнімдерін экран арқылы ғана насихаттамай, қазіргі заманға сай әлеуметтік желілермен үйлестіре отырып жетістікке жетіп отыр, бұл жолда TikTok, Instagram, X, Facebook, YouTube арналарын сәтті пайдаланып, миллиондаған аудиторияны қамтығанын көрдік.

Бізді алғаш қарсы алған «TRT» академиясының басшысы Бирдже Алейна Сары ханымның айтуынша, ашылғанына жыл ғана толған академия оффлайн, онлайн түрде де білім береді екен. Қазақстандық журналистерге дәріс оқыған Гюльчен Сакария, Айша Шимшек, Ильхан Гүзел, Жандан Алейна, Ілияс Үміт Өзажар, Биркан Коч, Эмир Текер, Юсуп Шахин сынды спикерлердің бәрі өз ісінің маманы екенін танытты.

Дәріс оқушылар сабақ барысында жалаң ақпарат қана ұсынбай, сөздеріне слайдпен дәйек келтіріп, сұраққа жауап беріп, тағылымдаманы шәкірт-ұстаз деңгейінде емес, әріптес ретіндегі тәжірибе алмасу қалпында өткізді. Олардан әлеуметтік медианың мониторингі, мобильді журналистиканың ерекшелігі, іздеу жүйесі, цифрлық маркетинг тақырыптарында сабақ алдық.

5 күндік дәрістің соңында оқығанымызды жүзеге асырып қысқа хабар дайындап, сертификатқа ие болдық.
Сапарға себеп

Aqparat» медиахолдингінің басшысы Ержан Қалымбайұлы мен Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Suat Beylur қол қойған меморандум еді. Ықпалдастық құжатының нәтижесінде медиахолдинг қызметкерлеріне Нише Йылдырым ханым түрік тілі дәрісін оқытқан.

Түрік тілінің алғашқы деңгейін аяқтап, сертификат алған кезде үйренгенімізді іске асыру әрі әріптестермен тәжірибе алмасу үшін бауырлас елге бару мүмкіндігі туралы да айтылған. Сол сөз жерде қалмай, жүзеге асып, алматылық 7 журналист тағылымдадан өттік, оның бесеуі «Alatau Aqparat» медиахолдингіне қарасты БАҚ қызметкері.

Осы сапарға Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Suat Beylur және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шимшек мырза тікелей қолдау білдірді.
«TRT»-мен танысу

60 жылдан бері хабар таратып келе жатқан Түркия мемлекеттік телерадиокорпорациясының құрамында 18 телеарна мен 19 радио бар, 41 тілде хабар тарататын құрылым заман талабына сай жаңалықтар платформасына да ие.

41 тілде хабар тарататын құрылымның қытай тілінде хабар жеткізуші-дикторы жұмыс сәтінде.
Дәрістен соң әлемнің түкпір-түкпіріне үні жетіп, жаңалық жеткізіп отырған әріптестердің жұмыс орнын аралап көрдік.

Өзге тілмен қатар өз тілімізде де Анкарадан сөйлеп тұрған 3 әріптесіміз бар екен. Олармен де шұрқырай кездесіп, суретке түсіп, аз-кем тілдесіп үлгердік.

ТRT Haber-дегі радио қызметінде қазақша хабар тарататын қызметтің аудармашы-спикері (дикторы) Торғын Сезгін ханыммен бірге.


Осы таныстық кезінде тікелей толқында хабар таратып тұрған тележурналист әріптес пен сурдолог маманның жұмысына да куә болдық.
Мұраға толы мұражай

«TRT» заманауи құрылғымен бастан-аяқ жабдықталған, оны дәріс барысында көзбен көрдік, солай бола тұра өз тарихына бей-жай қарамайтын ұлт ретінде бүгінгі күнге дейінгі қолданылған құралдарды да ұмыт қалдырмай аялап, сақтап мұражайға қойған.

Сабақ аяқталғаннан кейін әріптестер бізге мұражайларын мақтана көрсетті.

Тақырыптық мазмұнына қарай бірнеше бөлмеге бөлінген мұражайда не жоқ дейсіз, тіпті алғашқы диктордың бейнесін де ЖИ көмегімен жасап, «отырғызып» қойған, мұнда бұл арнаның 60 жылдық тарихымен таныстық, арнайы гид маманы да бар екені мұражайдың маңызын арттырып тұр.
Ас – адамның арқауы

Қазақтың осы сөзін түрік бауырлар басты назарда ұстайтын сияқты. Анкарада көше бойы толған тағам сататын орын. «TRT»-лықтар да бізге сабақ үстінде су ұсынып, үзілісте тәтті дәмдісімен кофе мен шай беріп, түскі асқа апарып жүрді, олардың үзілісте кофе ішуі үшін арнайы жасақталған ас бөлмесі мен шай ішіп әңгімелесіп отыратын арнайы демалыс бөлмесі бар.

Қызметкерлерге шай мен кофе дайындап беретін арнайы "шайшы" маман - Фатма ханым осы арнада 15 жылдан бері жұмыс істеймін деді.

Қонақжай арнаның асханасында тамақтанғанда естігеніміз, штаттағы қызметкерлер 50% жеңілдікпен тамақ ішсе, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтіндер астың ақысын толық төлейді екен. Жалпы осы арнаның қызметкерлеріне барлық жағдай жасалғандай көрінді бізге. Олай дейтініміз, біз сабақ оқыған қабатта отырған журналистердің балалары дәлізде самокатпен қыдырып жүрді, бір бөлмеде балаларға арналған ойыншық кубиктерді де байқадық. Тіпті патшалар жаяу баратын жердің есігі де біздің елдегі қымбат қонақ үйдегідей алақаныңды жақындатсаң ашыла кетеді.
Шапан-аманат

Тағылымдамамызды ұйымдастырған Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің бас кеңсесіне де арнайы ат басын бұрдық. Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек мырза ол кезде іссапармен Қазақстанда жүр екен.

Кеңседе бізді осы мекеменің бас есепшісі Бурчин ханым қарсы алып, қонақжайлық танытып, сыйлық ұсынды.

Басшысының жоқтығын білдірмеген Бурчин ханымға Мұхиттин Шимшек мырзаға арнап апарған алғыс - шапанымызды аманаттап кеттік.
Анкараның жүрегі

Бізді 1 апта қонақ қылған City Hotel Ankara Чанкая ауданында орналасқан. Қаладағы елшіліктер мен үкіметтік мекемелердің көбі орын тепкен Чанкая - Анкараның ең үлкен ауданы. Жергілікті халық Чанкаяны "Анкараның жүрегі" деп атайды екен.

Қоқыс тастайтын орынға дейін тап-тұйнақтай Анкара тазалығымен тәнті етті.



Чанкая ауданының тазалығына жауапты қызмет компаниясы Süpürge деп аталады екен. Біз тілдескен Исмайыл мен Али қала тазалығына 12 жылдан бері қызмет етіп келеміз дейді.

Қонақ үйдің алдынан күні-түні зулай жөңкіліп жатқан көліктердің сигнал басқанын да, бір-біріне жол бермей таласқанын да көрмедік.

Сырт көзбен қарағанда жол ережесі де қатты сақталып жатқан жоқ сияқты, біздегідей самсаған камера да көрінбейді, соған қарағанда жүргізуші мәдениеті қалыптасқан деген ой келді.
Анкараны аралағанда...

Кешкі уақытта ғана сауда-саттық мекемелеріне кіріп, көшеде, саябақта серуендегеніміз болмаса, 5 күн бойы қыдыра алмадық. Сабақ аяқталған соң ғана ұйымдастырушылар бағдарлама бойынша Анкара қамалына алып барды.

Ankara Kalesi
Ankara Kalesi - Анкараның бағзыдан келе жатқан тарихи орындарының бірі.
Қамалдан гөрі қала десе жарасатындай.

Қамалды аралаушы да, келушілерге тауарын ұсынған сатушы да көп.

Тіпті келушілерге арналған музей кафесі де бар. Әр заманда салынған үйлер де әлі күнге қамалдың көркіне көрік қосып, өзінше бір өрнек беріп тұр.
Anıtkabir

Anıtkabir - Түрік Республикасының алғашқы президенті Мұстафа Кемал Ататүрік жерленген кесене.

Бұл кесененің авторлары Емин Онат пен Орхан Арда. Екі сәулетші ұсынған жоба 1941 жылы Түркия Үкіметі ұйымдастырған жарысқа қатысып, Ататүрікке арнап соғылатын кесененің 48 түрлі жобасының ішінен жеңіп шыққан. 1944 жылы салтанатты түрде кесененің іргетасы қаланып, 1953 жылы салынып біткен.
Ататүріктің мәйітін Этнография музейінен Анытқабірге тасымалдаған арба.
Ататүріктің салмағы 2200 кг-дық бұл қайығына кейіннен "Сары Зейбек" деген ат берілген.

Бұл мавзолейде Ататүріктің кітапханасы да бар. Біз аралап жүргенде келушілер қатары көп болды. Ата-анасымен бірге келген балалар да көп. Мектеп жасына де жетпеген бір бала анасынан: «Бұл Ататүріктің кітапханасы ма?» деп сұрағанын естіп таңғалып әрі қызығып қалдым. Кішкентай ғана бір көрініс бұл ұлттың тарихына құрметпен қарайтын патриот екенін байқатты.

Сонымен TİKA-ның қолдауымен, TRT базасындағы тағылымдама жоғары деңгейде өтті. Алматы мен Анкараның арасын жалғаған бір апталық сапар жағымды әсерімен есте қалды. Анкаралық бауырларға «Алатау-ақпарат» медиахолдингі мен «Қазақ газеттері» ЖШС атынан Алматының апорты мен «Қазақстан» шоколадын ұсындық.
Алматы - Анкара - Алматы