Аlmaty-akshamy.kz сайтында жарық көрген осы аптадағы жаңалықтарға шолу
Елімізде Алатау атты қала пайда болады
Жетіген ауылының Алатау қаласы атануы туралы жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жарлық мәтінінде Алматы облысының Іле ауданынан Жетіген ауылын бөлу жолы, оның облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылуы, оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілуі туралы айтылған.
Рамазан айы қашан басталады?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылғы діни күндер кестесін бекітті.
Шариғат және пәтуа бөлімі бекіткен күнтізбеге сәйкес, Рамазан айы 11 наурызда басталады.
Мүфтият діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертті.
«Еурохаттама» қалай жүзеге асады?
Қосымшаның артықшылығы неде:
Біріншіден. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.
Екіншіден. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.
МӘМС-тің құны қанша?
Биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 000 теңгеден аспауы тиіс.
Сақтандыру мәртебесін мына жерден тексеруге болады:
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
- fms.kz ресми сайты;
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
- 1414 байланыс орталығы;
- Damumed мобильді қосымшасы;
- Halyk мобильді қосымшасы;
- BCC.KZ мобильді қосымшасы;
- Kaspi.kz мобильді қосымшасы;
- egov.kz электрондық үкімет сайты.
Оң рульді көліктер енді әкелінбей ме?
Индустрия және құрылыс министрінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен Қазақстанға 6 ай мерзімге оң рульді көліктерді әкелуге тыйым салынды.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Биыл біз 117 күн демаламыз
Бұл аптасына 5 күн жұмыс істейтін азаматтарға қатысты.
2024 жылғы мемлекеттік және ұлттық мерекелер күнтізбесі жарияланды.
«Аралдың табанынан су кеткенмен...»
Теңіздің түбінде сексеуіл отырғызу үшін 753 мың гектар жердің топырағы зерттелді.
Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған табанында 2025 жылға дейін жалпы аумағы 1,1 млн. га жерге орман мелиорациялық екпелер егу міндетін қойды.
Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескере отырып, министрлік халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорымен (ХАҚҚ), Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамымен (GIZ), АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен (USAID), Корея Орман қызметімен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.
Аты өзгергенмен, заты өзгере ме?
Жолаушылардың «ҚТЖ-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айтар шағымы көп.
«Ашық НҚА» порталында Көлік министрлігінің бірнеше теміржол стансасы мен разъездің атауларын өзгерту туралы қаулы жобасы жарияланды.
Көлік арзандай ма?
ҚР Ұлттық Статистика Бюросының мәліметтеріне сәйкес, желтоқсан айында автокөліктердің тұтыну бағасы қарашамен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеді.
2023 жылы жеңіл автокөліктер өндірісі де, импорт та айтарлықтай өсті.
Зорлық-зомбылықтың жазасы қандай?
Енді әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әрі сотқа отбасының шырқын бұзатын азаматтарды тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр. Бұдан бөлек, тұрмыстық жанжалдарды арнайы полицейлер тергемек.
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды
Прокуратура мен ІІМ өкілдері БАҚ-қа бұл іс бойынша күдіктінің ағасы қамауға алынғанын мәлімдеді. Оған ҚР ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылуы тиіс.
Қазақстанға қанша турист келген?
9 айда 900 мыңға жуық саяхатшы еліміздің табиғатын тамашалаған.
Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізге саяхаттайтын шетелдік туристердің географиясы жыл санап артып келеді. Мәселен, Қазақстанға жақын көршілерімізден бөлек, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттердің де саяхташылары көптеп келе бастады.
Ирек сызықтан – түзу сызыққа
Қырғызстан мемлекеттік туын жаңартты.
«Жогорку Кенеш» 20-желтоқсанда Қырғызстанның туын өзгерту туралы заң қабылдады және оған 22 желтоқсанда Президент қол қойған. Қабылданған заңға сай, Қырғыз Республикасының туындағы күн сәулесі иректен түзу сызыққа өзгертілді.
Qnet қаржы пирамидасының басшысы 6 жылға сотталды
136 жәбірленушіге 145 миллион теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілді.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басталды
Су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында 39 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан астам мотопомпа санында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштер мен құралдардың арнайы топтары құрылды.
Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық және оны тұрақты өткізу мақсатында ТЖ министрі әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларында және өңірлердің даму жоспарларында көзделген су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Қазақстанның ең қымбат футболшысы кім?
Тізімді Ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген бастап тұр. Шабуылшының нарықтағы бағасы 900 мың еуро. Үздік үштікті Максим Самородов пен Абат Айымбетов жалғайды. Ал қымбат аяқдоп шеберлерінің тізімін Сергей Малый 600 мың еуромен түйіндеп тұр.
Биылғы жаз былтырғыдан да ыстық болуы мүмкін
Ғалымдар 2024 жылы рекордтық аптап ыстық болатынын ескертті. Олардың айтуынша, 2023 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болды, бірақ 2024 жыл барлық рекордтарды бұзуы мүмкін.
Дүние жүзіндегі температураның бұл көтерілуі планетаны ғалымдар бірнеше жылдар бойы ескертіп келе жатқан қайтымсыз климаттық өзгерістерге қауіпті түрде жақындатады. Одан әрі жылыну дауыл, құрғақшылық, су тасқыны және орман өрттері сияқты экстремалды ауа райы оқиғаларына әкеледі.
Қызанақтан вакцина жасаған
Ғалымдар коронавирустың S1 антиген ақуызын кодтайтын ген фрагментін арнайы векторларға орналастырып, оны қызанақ жасушасының геномына енгізді.
Өзбекстан ғалымдары коронавирус инфекциясына қарсы алғаш рет қызанақ өсімдігінен тікелей тұтынуға болатын генетикалық векторлар мен қызанақ өсімдігіне негізделген COVID-19 жаңа буындағы вакцина жасады.
700 мыңға жуық бала қызылшаға қарсы екпе салдырған
Ел бойынша барлығы 10 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын қойылды, олардың ішінде балалар үшін шамамен 3 мың төсек-орын қарастырылған. 2023 жылдың соңында елде 29 мыңнан астам қызылша жұқтыру жағдайы тіркелді, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі.
Қару жасайтын 7 цех анықталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп заңсыз айналымнан 14 арнасын анықтап, оны қолдан жасаған 7 цех жойылды.
51 Калашников автоматы, 192 мылтық, 165 тапанша, 45 граната, 2 гранатомет, 4 дана снаряд пен миналар, 7 жарылғыш құрылғылар және әртүрлі калибрдегі 36 870 патрон тәркіленді.
«Путинді жақсы көретін әйел...»
Ақтөбелік тұрғын Ресей Федерациясына қосылу идеясын қолдап, кейіннен Қазақстан халқынан кешірім сұрады.
"Қазір бүкіл желіде тарап жатқан видео үшін кешірім сұраймын. Бұл видео үшін қатты өкінемін, мен, әрине, соғысқа да, референдумға да қарсымын. Мен Қазақстанымды сүйемін, бұл - менің Отаным, бұл - менің елім, мен балаларымды осында дүниеге әкелдім, немерелерім осында дүниеге келді. Біз мұнда тұрамыз, бізде бәрі бар. Бұл видео үшін тағы да кешірім сұраймын. Өйткені мен арандатушылыққа бой алдырдым және ойланбастан жауап бердім. "Бұл бейнені кім таратса да, бұл үшін қатты өкінемін", - деді ол.
Алматыда көз ауруларын емдейтін бірегей жаңа клиника ашылады
Бұл істі 15 жылдан бері Түркияның Ыстамбұл қаласында тұрып, аталған саламен тұрақты айналысып келе жатқан Сәтжан Тоқтарбай есімді отандасымыз қолға алған.
«Алматыда қаласында 15 қаңтарда «Asiakoz» деген көз клиникасын ашуды жоспарлап отырмыз. Оны ашу себебіміз – қазір көзге ем іздеп, шетелге баратындар көп, сонымен қатар көзіне күрделі ота қажет, бірақ, қаражат жағынан жолына ақша таба алмай, бізге жете алмайтындар да бар. Енді қазақстандықтар көзін емдету үшін Анадолыға бармайды, осы жерде-ақ емдете алады. Түркиялық білікті хирургтарды осында алып келеміз. Емханамыз толықтай соңғы технологиямен халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Түпкі мақсатымыз — клиникамызды Орталық Азиядағы көз емдейтін іргелі орталыққа айналдыру», деді ол.
Сусынға да салық бар!
Өзбекстанда энергетикалық және газдалған сусындарға акциздік салық енгізіледі.
Құрамында қанты бар газдалған сусындар үшін акциз салығы литріне 500 сум. Елдің денсаулық сақтау министрлігі қант диабеті көбеюі мүмкін деп алаңдайды. Жалпы 18 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сату және оларды жарнамалауға шектеу қоятын заң алты жыл бұрын қабылданған. Акцизден түскен қаржы медицина саласын дамыту қорына аударылады.
Іздеуде жүрген шетелдік азаматты Алматы облысының полицейлері ұстады
Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері көрші елдің құқық қорғау органдары іздеген 1969 жылғы азаматты ұстады. Іздеудегі адам өз елінің құқық қорғау органдарына табысталғанға дейін Қарасай аудандық ПБ УҰИ-ға қамауға алынды.
Гена – әлемдегі ең бай боксшы
Wealthy Gorilla басылымының мәліметінше, Головкиннің кәсіби мансабындағы табысы – 30 миллион доллар. Геннадий осы табысымен әлемдегі ең бай боксшылардың тізімінде 20-орында тұр.
3000 адам әскери дайындыққа шақырылады
Қорғаныс министрлігі "Әскери қызметке міндеттілерді 2024 жылға әскери дайындыққа шақыру туралы" бұйрық дайындады.
Бұйрық жобасы 23 қаңтарға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.
Мобильді аударымдардың бәрі бірдей тексерілмейді
Өз кірістерін жасыратын немесе жеке шоттарына қатарынан үш ай ішінде ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғалар ғана тексеруге жатады. Тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жұмыс істейтін адал кәсіпкерлер бақыланбайды. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді, бөлшек саудагерлер, қызмет көрсететін кәсіпкерлер, мысалы, шаштараздар осы режимді қолдана алады. Қазір салық міндеттемелерін адал орындау әлдеқайда тиімді.
Ұлттық тағам – ұлағатты ұрпақ
Алматы мектептерінде оқушыларға ұлттық тағамдар берілуі мүмкін. Диетологтардың айтуынша, дұрыс тамақтануды мектеп қабырғасынан бастау керек. Алматы қалалық білім басқармасы "Ұлттық салауатты тамақтану" орталығының мамандарымен бірлесіп, арнайы мәзір дайындап жатыр. Онда балалар үшін құнарлы әрі әр елдің ұлттық тағам түрлері енгізілмек.
Бүгінде Алматыдағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында 134 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылған. Бір баланың күндік тағам бағасы орташа есеппен 830 теңге.
Мен атамнан қаштым...
Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы 2021 жылы пайдалануға берілген Керуен сарай кешенінде сәнді декоративтің желмен домалап бара жатқан видеосы тарады.
Қатты желдің салдарынан сәндік (декоративті) шардың бірі үзіліп, су бассейніне түскен. Шардың салмағы 5 келіден аспайтын, жеңіл болуы себепті желдің екпінімен қозғалып үзілгенін және бұл келеңсіздіктен ешкім зардап шекпеген.
Көз жасы Қаракөлге тамған...
Қырылған аққулар саны 826-ға жетті.
Мамандар олардың құс тұмауынан өлгенін мәлімдеген еді. Қаракөл өзеніне жіберілетін суды зерттеу кезінде зиянды заттардың шамадан тыс мөлшері анықталды.
Халық көлге зиянды қалдықтардың төгіліп жатқанын жарыса жазды. Соның салдарынан аққулар қырылып жатыр деген болжам да жасалды.
Алматыда былтыр 334 концерт өткен
1,6 миллионнан астам адам келген.
Олардың арасында 50 Cent, Akon, Lara Fabian, Ne-Yo, Таркан, Outlandish, Arash және басқа да көптеген әнші бар. Айтпақшы, өткізілген іс-шаралардың 86%-ын коммерциялық және жеке компаниялар ұйымдастырған.
New York Times Алматыны таңдады
Қаламыз 2024 жылғы ең үздік туристік бағыттар тізіміне енді. Алматы тізімде 25 орында тұр.
Бұған дейін 2017 жылы Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында осы тізімге енгізілген болатын.
Көпбалалылардың жәрдемақысы көбейді
Әлеуметтік кодекстің 91-бабына сай, оның мөлшері мынадай: 4 балаға шамамен 59183 теңге, ал 5 балаға шамамен 74 мың, егер отбасында 8 немесе одан да көп болса, әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді.
Егер отбасында 8 және одан да көп бала болса, әр балаға 4 АЕК, яғни 8 балаға 32 АЕК (118 144 теңге).
Иттің етін жейсің бе?
Оңтүстік Кореяның парламенті иттің етін жеуге тиым салатын заң жобасын мақұлдады. Заңды бұзғандар үш жылға сотталады немесе 23 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ит өсірушілер мен мейрамхана иелеріне үш жыл мерзім беріліп отыр. Олар осы уақыт ішінде бизнесін тоқтатады не болмаса басқа бағытқа өзгертеді.
Шығармашылықтың салығы жеңілдей ме?
Кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын және қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Оның орнына жеке кәсіпкерлер үшін 2% - дан 4% - ға дейінгі, сондай-ақ ЖШС үшін 8% мөлшерінде бірыңғай салық енгізілетін болады.
Жаяу жүрудің де ережесі бар
Енді жаяу жүргіншілердің қиылыстарда жолды кесіп өтуі әлдеқайда қиындайды. Өйткені, олар бұрылу маневрін орындай алмаған көлікке жол беруге мәжбүр болады.
Бағдаршамның жасыл түсі жана салысымен көлік құралдары бұрын бастаған маневрді аяқтады ма немесе оның жаяу жүргіншілер жолының алдында тоқтауға мүмкіндігі бар ма деген мәселеге бас ауыртпай жолға шыға береді.
Байқауға барып, бағыңды сына!
Елімізде «Абай» атындағы байқау жарияланды. Үміткерлерді шығармашылық топтар мен одақ, мемлекеттік органдар ұсынады. Қатысушының бес жыл мен бір жыл аралығындағы шығармашылық жұмысы сараланады, дейді қазылар алқасы. Байқаудың талаптарына қатысты өзге де мәліметті Мәдениет және ақпарат министрлінің сайтынан оқуға болады.
Қазақстан әлемдегі ең мықты төлқұжаттар рейтингінде 66-орында тұр
Henley & Partners 2024 жылдың Төлқұжат индексін жариялады. Рейтинг басында Германия, Испания, Италия, Франция, Сингапур және Жапония тұр, бұл елдердің азаматтары 194 елге визасыз кіре алады. Сосын Финляндия, Швеция және Оңтүстік Корея елдерінің азаматтары 193 елге визасыз кіре алады екен.