Қазақ халқына шексіз ризамын!

Қазақ халқына шексіз ризамын! almaty-akshamy.kz

Майя Манезаның есімі Қазақстан тарихында ерекше аталады. Ауыр атлетика саласындағы айтулы зілтеміршілердің бірі,  Лондон 2012 Олимпиадасының чемпионы. Ол сынаққа толы жолдардан өтіп, жеңіске толы жылдардың куәсі болды. Спорттағы мансабын сәтті аяқтаған «толағай қыз» бүгінде өмірдің жаңа бетін ашты.

  Майя Салахарқызы, ең алдымен сізді көктем мерекесімен құттықтаймыз! Осынау әдемі күні сіз кімге ризашылығыңызды білдірер едіңіз?

– Әрине, мен ең алдымен Қазақстан сынды алып ел мен оның дархан пейілді халқына шексіз ризашылығымды білдірер едім. Бұл ел қазір менің туған үйіме айналды. Менің арманымның жүзеге асуына мүмкіндік берді. Менің өмірімде кездескен ең қиын сәтте де қолдау көрсетті. Мен бұл қолдауды кәсіби спорттағы алғашқы қадамымнан бастап, олимпиадалық тұғырға көтерілгенге дейін сезіндім. Әлі де сезініп келемін. Қазақстан мықты болуға, өзіме сенуге және ешқашан жеңілмеуге үйретті. Егер маған сенім білдірмесе, көп нәрсеге қол жеткізе алмас па едім, кім білсін?

Марқұм жолдасым Вячеслав Ершов менің жаттықтырушым ғана емес, менің өмірдегі арқасүйерім болды. Ол спорттан кейін де өмір барын, қалай өмір сүру керек екенін үйретіп кетті. Әрине, мен оны әркез сүйіспеншілікпен еске алып отырамын. Әттең, егер қасымда қазір болса ерекше алғыс айтар едім. Сонымен қатар, менің жаттықтырушыларыма, мені қатайтып, қиындықтарды жеңуге көмектескен жандарға, менің отбасыма сүйіспеншілігім шексіз.

Осынау 30 жыл бойы бізді біріктіріп келе жатқан, үлкен шаңырақ Қазақстан халқы Ассамблеясына ризамын. Мен әрқашан осынау бейбіт елде тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызды мақтанышпен айтып отырамын.

Менің артымда сенім артқан елім тұрды

Спортта сіз үшін команданың немесе жаттықтырушының сөзі шешуші сәт болған кезі болды ма?

– Иә, мұндай сәттер көп болды. Кейде сіз физикалық тұрғыдан дайын болсаңыз да, іштей қорқыныш болады. Міне, сол кезде жаттықтырушының бір ауыз сөзі мен команданың қолдауы бәрін өзгерте алады. Мәселен, платформаға шықпай тұрып қолдарым дірілдеген сәттер әлі күнге есімде. Сондай сәтте менің жаттықтырушымның «бұл сенің қолыңнан келеді немесе сен қолыңнан келгеннің бәрін жасадың» деген бір ауыз сөзі маған жетіп жатты. Өйткені, менің артымда маған сенім артқан елім мен командам тұрды.

Лондон 2012 Олимпиадасы сіздің мансабыңыздың шарықтау шегі болды. Қазір сол күнді еске аласыз ба?

– Әрине, бұл күн менің жүрегімде мәңгіге  қалды. Алғашында Олимпиада чемпионы болғаныма сенбей, әрі-сәрі күйде тұрғаным рас. Өйткені, бұл Қазақстанның жеңісі. Әрбір спортшы үшін өз елінің туын тұғырдың ең биік сатысында тұрып көтерген сәт маңызды. Міне, сол жолы мен де сондай бақытты сәтті басымнан кештім.

Сіздің спорттық жолыңыз оңай болған жоқ. Қиын сәтте спорттан бас тартқыңыз келген кез болды ма? Сізге кім, не көмектесті?

– Ең алдымен, өзіне деген сенім, сосын өз еліңе және халқына деген сенім дер едім. Қиын сәтте Қазақстан атынан қатысатынымды есіме түсірдім. Менің бас тартуға құқығым жоқ екенін білдім. Өйткені, маған сенім артқан отбасым, менің халқым тұр.

Қазақстан менің бойымдағы күрес рухын оятты

Жалпы, спортшылар жеңілістің өзінен көп нәрсе үйренуге болады деп жиі айтады. Сіздің сынақтан сабақ алған кезіңіз болды ма?

– Әрине, жеңілістерден де, жеңістерден де көп нәрсе үйренуге болады. Мен үшін ең маңызды сабақ қандай дейсіз ғой. Ешқашан бас тартуға болмайды. Қазақстан менің бойымдағы күрес рухын оятты.

Сіз Олимпиада медалінен айырылдыңыз, бірақ содан кейін ақталдыңыз. Қайта дәлелдеу қаншалықты қиын болды?

– Шынын айтсам, сол кез менің өмірімдегі ең қиын сынақтардың бірі болды. Бірақ мен шындықтың менің жағымда екенін білдім. Сондай қиын сәтте Қазақстан маған зор қолдау көрсетті. Бұл қолдау маған күш берді.

– Сіз спорттағы мансабыңызды аяқтағанда қандай сезімде болдыңыз? Жалпы, қазір немен айналысып жүрсіз? Жарыссыз, жаттығусыз уақытыңыз қалай өтіп жатыр?

– Бұл кезең маған оңайға соқпады. Өйткені, спорт – менің өмірім. Бірақ бұл жолда да Қазақстан менімен бірге екенін танытты. Қазір мен өзімді басқа қырымнан тапқандаймын. Отбасымдағы кішкентай ұлым мен қызыма аналық махаббатымды арнап, көп уақытымды бөлемін. Бірақ спорт менің өмірімнің бір бөлігі болып қала береді. Әркез өз тәжірибемді жас спортшыларға үйретуге дайынмын. Қазақстанның атын шығаратын көптеген чемпиондар шықса, оған өз үлесімді қоссам деймін. Кезінде жолдасыммен «Майя Манеза» атты шығыс медицинасы орталығын ашқан едік. Қазір сол орталықтың жұмысын жалғастырып жатқан жайым бар.

Ең бастысы – тілек пен рухтың күші

Ауыр атлетика әйелдердің қолы емес деген пікірге қалай қарайсыз?

– Иә, ондай пікірдің бар екенін білемін. Бірақ мен өзімді мысал етіп, спортта жыныс жоқ екенін дәлелдедім. Бұл жерде ең бастысы – тілек пен рухтың күші дер едім.

Ауыр атлетика адамның мінезіне әсер етеді деген пікірге көзқарасыңыз қалай? Сіз өмірде қандай адамсыз?

Кім білсін, бірақ мен олай демес едім. Мәселен, маған қараңызшы, үнемі күлімсіреп жүремін, мейірімді адаммын!

  Өмірде сізге қайта платформаға шығу мүмкіндігі берілсе, келісер ме едіңіз?

– Әрине, келісер едім. Өйткені, тұғырда тұрып Қазақстан байрағын көтеру бұйыра бермейтін бақыт!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:52

16:16

15:41

15:15

14:49

14:15

13:51

12:53

12:12

11:40

11:04

10:42

10:11

09:20

17:22

17:17

16:15

15:54

15:11

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06