Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерекелік құттықтауын жеткізді, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Қала әкімі жыл өткен сайын соғыс куәгерлерінің қатары сиреп бара жатқанын айтып, майдангерлермен жүздесудің ерекше мәртебе екенін атап өтті.
«Соғыс жылдарын бастан өткерген жандармен кездесіп, алғыс айту, естеліктерін өз аузынан есту – мен үшін зор мәртебе», – деді Дархан Сатыбалды.
Сапар барысында әкім Берлинге дейін жеткен майдангер, көрнекті ғалым әрі ұстаз Зұлқарнай Сейітұлы Сейітовтің шаңырағында болды. Сондай-ақ, Еуропаны азат ету жолындағы шайқастарға қатысқан 101 жастағы Иван Бегуновпен де кездесті.
Дархан Сатыбалды ардагерлерге Президенттің құттықтауы мен алғыс сөзін табыстап, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі мен елдің бейбіт болашағына қосқан үлесі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.
Кездесу барысында ардагерлер майдан жылдары мен Жеңістен кейінгі өмір туралы естеліктерімен бөлісті. Қала әкімі оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.