«Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Жанша Жанасов көзі тірі болса, 15 наурызда 100 жасқа толар еді. Атақты Рахымжан Қошқарбаевтың майдандас досы болған, Польшаны азат ету үшін шайқасқан, Берлинді алуға қатысқан қазақ офицерінің ерлігі, бейбіт өмірде 60 жылдай еңбек еткен, үш бірдей мұнай өңдеу зауытының құрылысына атсалысқан Жанша Жанасұлының өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге.
Жанасов Жанша Жанасұлы 1924 жылы 15 наурызда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанға дейін тоғыз сыныпты бітіреді. 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылып, алдымен сержант мектебінде оқиды. Ол кісінің болашақ Батыр қазақ Рахымжан Қошқарбаевпен таныстығы осы жерден басталған-ды. Екеуі де сержант мектебінде, кейін Фрунзеде жаяу әскер – әскери училищесінде де бірге оқиды, майданға да бірге аттанады. Жанша 1-ші Беларусь майданының 23-гвардиялық дивизиясында, ал Рахымжан 150-дивизияда соғысқан. Жанша Жанасов маршал Георгий Жуковтың басшылығымен 1-ші Беларусь майданының атқыштар взводының командирі лауазымында шайқасты. Майдандас достар содан кейін соғыс аяқталғанда ғана қайта қауышады.
– Біз Магдебург қаласында кездейсоқ кездестік. Взводқа шекарадан өтуге тырысқан немістерді күзетіп, тұтқынға алу үшін шекара бөлімі берілді. Мен өзімнің учаскемді мотоциклмен аралап жүргенде кездейсоқ басқа взводтың учаскесіне кіріп кеттім. Сол жерде Рахымжанды кездестіріп, үш күн бойы бірге болдық. Кейін Германияда біраз уақыт бірге қызмет еттік. Ал елге аман-есен оралған соң, Алматыда жиырма жылдан астам уақыт жақын араласып кеттік, балаларымыз да жолдас болды, – деген еді ардагер бір естелігінде.
Жанша Жанасұлы взводымен бүкіл Еуропаны жүріп өтіп, Польшадағы шайқастарға қатысты. Әсіресе, Висла өзенін алу кезінде Варшава маңындағы шайқастар сұрапыл болды.
– Мен табанымнан сыз өте жүріп, бүкіл Еуропаны жаяу араладым. Негізінен орманда, жауын-шашынның астында, қар жастана ұйықтадық. Егер елдімекен кездессе, біз қуандық, өйткені жергілікті тұрғындар түнеуге кіргізетін. Бірінші ауыр сынақ – Висла өзенінен өту болды. Көпір жоқ, арғы жағаға қолдан жасалған понтондық көпірлер арқылы өттік. Жасырынатын жер жоқ, сен көпірде ашық нысана болып тұрасың, ал немістер болса, көктен де, жерден де оқ жаудырып жатыр, сол жағалаудан артиллериямен сұлатып, ал ұшақтардан бомбалайды. Бомба көпірге түскен кезде оны дереу жөндеуге кіріседі, қосымша тіректермен бекітеді, ал сарбаздар күтуге мәжбүр, сол кезде тағы да оқтың астында қалды. Көбісі сол жерде қаза тапты. Бұл – жан берісіп, жан алысқан шайқас болды, – деп есіне алған еді соғыс ардагері сұхбаттарының бірінде.
Взводты басқарған жас офицер сол жолы «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен марапатталады. Жанша Жанасұлы Берлинге «қақпа» ашқан Одер өзенін алу шайқастарына қатысты.
Сондай-ақ, Жанша Жанасұлы 1945 жылдың 16–19 сәуірі аралығында Берлиннің шығысында орналасқан Зеело биіктіктері үшін батыл шайқасты, содан кейін Берлинге жалпы шабуыл жасалды. 17 сәуірде взвод командирі Аль-Одердің жағасында (Одердің жеңдері) жарақат алып қалады. Жеңіс туралы жаңалықты ол госпитальда естиді.
Соғыс ардагері Жанша Жанасов «Қызыл жұлдыз» және «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерінің кавалері, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медалдерінің иегері, Иосиф Сталиннің атынан құттықтау хат алған офицер.
Жанша Жанасұлы соғыс туралы айтқанды ұнатпайтын. Ардагер «соғыстың аты соғыс, оның өз мінездемесі бар, оны дәріптеп керегі жоқ» деп отыратын. Ол кісі саясат бейбіт жолмен жүргізілуі керек деген сенімде болды. Жанша Жанасовтың бейбіт өмірдегі еңбек жолы алпыс жылдан асады. Оның қырық жылын металлургия саласына арнаған.
Бейбіт өмірге оралған Жанша ары қарай оқу керектігін түсінеді. 30 жасында төрт баласы бар азамат оқу туралы шешім қабылдайды. Өмір оның дұрыс екенін көрсетті. Қарағанды тау-кен институтын бітіріп, «тау- кен инженері-электромеханигі» мамандығын меңгеріп шығады. Еңбек жолын Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен металлургия комбинатында құю-механикалық зауытында бастаған. Ол қатардағы инженерден бастап, он алты жылда зауыт директоры лауазымына дейін өседі.
Білімді, ұйымдастырушылық қабілеті зор Жанша Жанасұлы 1966 жылы Алматыда түсті металлургия министрлігіне «Қазцветметремонттың» бас инженері лауазымына ауыстырылды. 1971 жылы ол Қазақстанның барлық өнеркәсіптік объектілерін салумен және пайдалануға берумен айналысатын «Қазмеханомонтаж» тресінің басқарушысы болып тағайындалды.
Сондай-ақ, Жанша Жанасұлы Қарағанды металлургия комбинатының құрылысына қатысты, Шымкент мұнай-химия зауытының құрылысына, сондай-ақ Гурьев, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жабдықтарын салу мен монтаждауға және мұнай құбырларын салуға үлес қосқан азамат.
Жанша ата жұбайы Қадиша апамызбен 75 жыл отасып, бақытты ғұмыр кешті. Ол кісілердің ұлдары да әкелерінің ізін басып, инженер мамандығын меңгеріпті. Қарияның жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты ойлары жаңашылдығымен ерекшеленетін.
– Жастарымыз заман талабына сай жаңа технологияларға, техникалық мамандықтарға, ғылымға ден қоюлары керек. Тек қана жоғары білім алуға ұмтылмау керек. Тамаша жұмысшы біліктіліктері бар, мысалы, реттеуші, монтаждаушы сияқты. Шет тілдерін көбірек меңгергендері дұрыс, – деген-ді Жанша ата.
Еліміздің металлургия саласын дамытуға қосқан еселі еңбегі үшін Жанша Жанасов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағына және «Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін» зейнетақыға ие болды.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ