ОККУПАЦИЯДАҒЫ ӨМІР

ОККУПАЦИЯДАҒЫ ӨМІР Коллаж: Нұрбосын Өрісұлы

Соғыс жылдары партизандарға көмектескен қаршадай қазақ қызы жайлы не білеміз?

Ұлы Отан соғысының майдан даласында кеңес жауынгерлері милиондап шейіт болса, оккупацияда болған аймақ тұрғындары да аз шығынға ұшыраған жоқ. Жау қолында қалған жерлердің азаматтары партизан отрядтарын жасақтап, мұздай қаруланған фашистермен жан аямай соғысты. Оккупациядағы тұрғындар оларға барынша көмектесті. Жасырын түрде азық-түлік, киім-кешек тасыды. Фашистер жайлы деректер жеткізді. Сондай оккупацияда қалған аймақта фашистерге қарсы тұрған партизандарға көмектесіп, қаршадай қазақ қызы Камила да жүрді.

Бұл күндері Екінші дүниежүзілік соғыстың  тікелей куәгері – ғасыр жасаған Камила әже Алматыда, үлкен қызы Жанаттың қолында тұрады. Жасы жүзге келсе де әлі тың, бақуатты, тіпті ұлттық бұйымдар, киім-кешек тігіп, өлең де шығарады. Асыл әжеміздің өмірінің бастауы ата-бабадан жеткен тектіліктен өрілген. Ол кісінің сонау балалық шақтан бастап, әжелікке дейінгі ғұмыр жолы батылдық пен қайсарлыққа толы өр мінездің, тынымсыз адал еңбектің нәтижесі.

Талайлы тағдыр

Камила Қасымова әжей 1925 жылдың 16 мамырында Батыс Қазақстан облысының Орда аймағында дүниеге келіпті. Бұл совет үкіметінің билікке келіп, байлар мен кедейлерді екі тапқа бөліп, ұжымдастыру саясаты  басталып жатқан кезең еді. 1928 жылы конфискацияға іліккен ауқатты әкесі Ғазиз отыздай отбасымен бірге Ресейдің Ставрополь өлкесіне жасырын көшуге мәжбүр болады. Қызыл биліктің қыспағынан қашып жүріп, Терск мекеніне тұрақтайды.

Көшпелі, қуғын өмір Камила қызды ерте ширатты. Жеті жасында үлкендер пішіп берген киімдерді тігін машинасында тіге беретін. Ал он екі жасынан ешкімнің көмегінсіз-ақ киімді өзі пішіп, өзі тіге бастады. Бұл өнер кейінгі өмірінде талай қажетіне жарады Камиланың. Тектінің тұқымы Ғазиз әкесі Камилаға сегіз жасынан көнеше ілім беріп, намаз үйретеді. Сегіз жасынан үйренген намазын бүгінгі күнге дейін үзген емес. Қаршадай Камила ата-анаға қолғанат бола жүріп, 1935 жылы мектептің бастауышына барды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, бастауыштан кейінгі оқу жалғаспай қалды. Оқу былай тұрсын, елдімекенге фашистер басып кірген еді сол жылы.

 Майдан мен тылдың мақсаты бір

Соғыс басталған жылы-ақ неміс солдаттары Камила тұратын елдімекенге басып кірген. Неміс окупациясындағы елдімекеннің ер азаматтары партизан отрядтарын құрып, орманды тұрақ етті. Оккупациядағы село тұрғындарының барар жер, басар тауы жоқ, амалсыздан бұйрық солай деп өмір сүріп жатты.

Ол жылдарда майданның да, тылдың да мақсаты біреу – Отан қорғауға үлес қосу болатын. Оккупациядағы елмен бірге Камила да партизандарға жасырын азық-түлік, киім-кешек тасыды, селодағы немістер жайында ақпарат жеткізді. Кәмелетке толмаған қыз бала үшін бұл үлкен ерлік еді.  

Былайша айтқанда, қазақ қызы Отан қорғауға осылай үлес қосып жүрді. Бұғанасы қатаймай соғысты өз көзімен көрді. Бұлар тұрған село 1941-1942 жылдары жарты жылдан астам уақыт оккупанттардың қарамағында болып, Қызыл Армия жақындағанда фашистер елдімекенді тастап қашады. Ізбе-із келген кеңес әскерлері елдімекенді фашистерден тазартып, тыныш өмір қайта басталады.

Тыныш дейтіндей емес, елдімекендегі үйлер мен қораларды қалпына келтіру, ауылды түлету дегендей жұмыстар басталады. Осы кезде Камила қыз пеш салуды меңгеріп алады. Онысы кейін де талай пайдасына жарады. Әсіресе, 1942 жылы Черноземель ауданына қоныс аударғанда. Неміс басқыншыларынан азат етілген ауданда өмір қайта басталып, совхоз құрылып еді сонда. Азат етілген ауданда шашылып кеткен малды жинап, мал қораларды, үйлерді жөндейді. Жеркепелер жасап, пеш соғады халық. Он алты-он жеті жастағы Камила сол тірліктердің бел ортасында жүрді. Осында жүріп Камила 1944 жылы тұрмыс құрады, бөпелі болады. Бұл ұрыстардың совет жерінен «көшіп», сол соғысты бастаған елдің аумағында жүріп жатқан кезі еді...

 

Соғыстан кейінгі жылдар

 Қаһарман қыз 1947 жылы Каспий жағалауындағы Логань елдімекеніне қоныс аударады. Бұнда да соғыстан кейінгі жағдай. Балық аулау мезгілінде шағын кемелермен теңізге шығады. Қыста совхоз малын күтіп-бағады. Камила бұнда да еңбектен аянып қалған жоқ. 1958 жылы жастық шағы өткен Черноземель елдімекеніне қайта көшіп келеді. Онда да Камиланың істемеген жұмысы қалмады. Ширақ қыз қара жұмысшы да, сатушы да болды. Трактор бригадасында есепші, партия ұйымының қоғамдық негіздегі хатшысы болып еңбектенді. Тігіншілігін де тастамай, көркемөнерпаздар үйірмесіне де қатысты. Осы мекенде кешкі мектепке барып, орташа білімі туралы аттестат та алды. Бір сөзбен айтқанда, соғыстан кейінгі еңбек майданының бел ортасында жүрді тынымсыз Камила. Ол сондай кезең еді.

 

Туған топыраққа оралу

Талайлы тағдыр иесі, нәресте кезінен туған жерден жырақта болған Камила Қасымова 1973 жылы ғана тарихи Отанына оралады. Алматы облысындағы Есік қаласына қоныстанады. Осы жылы Есік қаласындағы тігін фабрикасына жұмысқа шықты. Кішкентайынан еңбекпен өскен Камила абыройлы болды. Жұмысқа 3-разрядты тігінші боп кіріп, жылға жетпей 8-разрядты шебер атанды. Озат тігінші 1977 жылы «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Еңбек ардагері 1980 жылы зейнетке шықты. 

Камила апайдың туған жерде екінші тынысы ашылды десе болғандай. Шығармашылық тынысы. 2004 жылы «Шаттық шуағы» деген атаумен өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұдан соң тағы екі өлең жинағы шықты. Ал 2017 жылы «Есте қалған елестер» деген  өмірбаяндық повесін жариялады. 2019 жылы Камила Қасымованың шығармашылығы бойынша зерттеу монографиясы жарық көрді.

Сонау балауса кезінде әкесі Құран үйреткен Камила апай 2017 жылы Алматыдағы медреседе араб тілін меңгеріп, құранды араб тілінде оқу дәрежесіне жетеді. Қолөнер шеберлігі мен өнерге жақындығын да тастамаған Камила апай 2016 жылы Түркістан қаласында өткен Абылай ханның 300 жылдығына қатысып, бұйымдары жоғары бағаланып, «Халықаралық қолөнер шебері» алтын медалімен марапатталды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:22

16:15

15:54

15:11

14:41

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06

10:40

10:05

17:15

15:05

15:05

14:41

14:14

13:43

13:13

12:52

12:12

11:34

11:06

10:45