Жазда температураның жиі ауысуы, кондиционер мен салқын тағам-сусындардың әсерінен ағза әлсіреп, күтпеген жағдайда сыр бере бастайды. Бұл жай ғана тұмау емес - асқынуға бейім, елеусіз қалдыруға болмайтын процесс. Осыған байланысты Аqshamnews.kz тілшісі медицина ғылымдарының докторы, Ньюкасл университетінің түлегі, интегративті терапевт-дәрігер Сағындықова Әлия Абханқызымен сұхбаттасып, жазғы суық тиюдің себебі мен салдары туралы әңгімелесті.
Әлия Сағындықова
терапевт-дәрігер
Жазғы суық неге ауыр өтеді?
Дәрігердің айтуынша, жазда суық тию кейде қысқа қарағанда ауыр өтуі мүмкін. Себебі адамның ағзасы ыстық ауа райына бейімделіп тұрады да, кенеттен кондиционердің немесе мұздай сусындардың әсерінен дене температурасы тез суиды.
"Қыста адамдар жылы киініп, сыртқы ортадан қорғануға тырысады, ал жазда ондай сақтық жоқ. Оның үстіне, жазда тұмау белгілеріне мән бермей жүре беру де жиі кездеседі. Бұл жағдай қабынудың асқынуына әкелуі мүмкін", - дейді дәрігер.
Кондиционерді дұрыс қолданудың ережесі
Кондиционер мен желдеткіш - жаздағы жайлылық кепілі ғана емес, дұрыс пайдаланбаса, қауіп көзі. Дәрігердің айтуынша, кондиционердің суық ағыны адамның бетіне немесе арқасына тікелей бағытталмауы керек.
"Температура айырмашылығы 5–7°C-тан аспауы тиіс. Ұйықтап жатқанда желдеткішті өзіңізге бағыттау - мойын мен белге суық тию қаупін арттырады", - дейді Әлия ханым.
Сонымен қатар, бөлмені жиі желдетіп, ылғалдылықты сақтау - тыныс алу жолдары үшін маңызды.
Иммунитет әлсіз болса, вирусқа жол ашылады
Дәрігер жазғы иммунитетті не әлсірететінін айтып берді.
"Иммунитет мықты болса, ағза кез келген суыққа қарсы тұра алады. Бірақ жазда дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы, артық стресс пен сусыздық иммун жүйесін әлсіретеді", - дейді дәрігер.
Иммунитетті күшейту үшін жеткілікті ұйықтау, теңгерімді рацион, таза ауада қозғалыс және күйзелісті азайту қажет.
Энергия жетіспеушілік неден туады?
Жазда адамдардың энергиясы азайып, үнемі шаршаңқы жүретіні жиі байқалады. Әлия Абханқызы мұндай жағдайда энергетик сусындарға жүгінудің орнына, табиғи өнімдерді тұтынуға кеңес береді. Оның ішінде көк шай, лимон қосылған жылы су, банан мен жаңғақтар, таңғы сұлы ботқасы мен йогурт - ағзаны қуаттандырып, ұзақ мерзімді сергектік береді.
"Жазда ағзаны тыңдау керек. Дене шаршағанын білдірсе - демалыс пен ұйқыға дұрыс көңіл бөліңіз. Бұл - шаршаудың ең жақсы емі", — дейді дәрігер.
Сондай-ақ, созылмалы стресс ағзаны әлсіретіп, суық тиюге бейім етеді. Мұндай жағдайда адамдар тұмау, герпес сияқты вирустық ауруларға жиі шалдығады. Ұйқысыздық, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, қан қысымының тұрақсыздығы сияқты мәселелер де ушыға түседі.