«Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының көп қырлы қызметі жайлы талай мақалалар жарық көрді. Семей ядролық полигонындағы сынақтарды тоқтату туралы халық талабынан кейін құрылған қозғалысқа биылғы 28 ақпан күні, міне, 33 жыл толды.
1949–1989 жылдары ашылған деректер бойынша Семей сынақ полигонында 468 ядролық сынақ өткізілген екен. Жалпы 616 ядролық және термоядролық құрылғылар жарылды, оның 125-і атмосфералық, 343-і жер астындағы ядролық сынақтар. Ядролық сынақтарды айтпағанда, мұнда химиялық заттарды қолданумен 175 жарылыс, оның ішінде 10 тоннадан астам зарядпен 44 жарылыс жасалды. Сонымен қатар, толық емес тізбекті реакциялары бар ондаған гидроядролық және гидродинамикалық сынақтар – жарылыстар жүргізілді.
Семей полигонында атомдық және сутектік қарудың алғашқы үлгілеріне сынақ жүргізілді, әлемде ядролық заряды бар бірінші баллистикалық зымыран ұшырылды, мұнда ядролық жарылыстың зақымдаушы факторларының әсеріне беріктікке сынақ жасалды, зымыран техникасының үлгілері мен шахталық ұшыру қондырғылары сыналды.
Тәжірибелік алаңдар
Полигонның тәжірибелік алаңы бірнеше алаңға бөлінді: П-1 алаңында – алғашқы атом бомбасы сыналды, одан кейін сутегі, одан бөлек , ол басқада жерүсті сынақтарында қолданылды; П-2 – жердегі ядролық сынақтарға арналды; П-3 – шағын және орта қуатты ядролық бомбаларды әуеде сынау үшін пайдаланылды; П-5 – жоғары қуатты ядролық бомбалардың әуе сынақтарына арналды; П-7 – қуаты аз жақын ядролық жарылыстың сейсмикалық әсерін сынауға арналды.
Ядролық жарылыстардың қуаты 50 мегатоннан асты. Полигоннан тыс жерге 55 әуе және жерүсті жарылыс тарының радиоактивті бұлттары мен 169 жерасты сынақтарының газ фракциясы таралды. Дәл осы 224 жарылыс Қазақстан аумағының барлық шығыс бөлігінің радиациялық ластануына себеп болды. Радиоактивті жауын-шашын 304 мың шаршы шақырым аумаққа жайылды. Жерасты жарылыстары жер қыртысының деформациялануына әкелді. Әрбір үшінші жағдайда радиоактивті заттардың жер бетіне таралуы орын алды.
Республика тұрғындары ядролық сынақтардың салдарынан радиациялық сәулеленуге ұшыраған өңірлерде аурушандық пен өлім-жітімнің өсуіне бірталай алаңдаушылық білдіргенімен бұл шағымдар жауапсыз қала берді. Нендей бір сыбыс КСРО басшылығына жеткен жағдайда да бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабыл данбады, оның орнына олар «бүкіл елдің қауіпсіздігі қауіп-қатерге душар болу алдында тұр» дегенді алға тартумен болды.
Ал ядролық жарылыстардың салдары туралы кез келген ақпарат үнемі «Құпия» белгісі бар папкаларда жабулы күйінде сақталған.
Ауруларға дұрыс диагноз қоюға тыйым салынды
Семей полигоны халқы тығыз аймақта орналасқан. Оған іргелес жатқан ауылдардың аумағы жүздеген рет ядролық ыдырау өнімдерімен ластанған. Су қоймалары, совхоз жерлері және жеке мал жаюға арналған жайылымдар радиациямен уланды. Сүтте, жануарлардың етінде, көкөністер мен жемістерде радионуклидтердің көп мөлшері жиналды. Су мен тамақ арқылы адамдар радиацияның қосымша мөлшерін қабылдады. Полигонға жақын жерде тұратын тұрғындар арасында онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары, орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылуы жиілеп, өлім-жітім артты.
Оған қоса, дәрігерлерге радиацияның әсеріне байланысты ауруларға дұрыс диагноз қоюға тыйым салынды. Сондықтан адамдар ядролық сынақтардан басқа барлық аурулардан «емделді».
Шағын қалашыққа айналған полигон ешқандай географиялық картада көрсетілмеген. Операцияның ерекше құпиялылығына байланысты полигон түрліше аталып келді: Мәскеу-400, Семей-21, соңында Курчатов болды. Ал ондағы тұрғындар әскери болсын, азаматтық болсын ядролық сынақтарды жүргізу бойынша жұмыстарды қамтамасыз етті. Мұнда ғылыми және зерттеу зертханалары, дәрігерлер мен биологтар, математиктер мен физиктер орталықтары, шахта құрылысшыларының, бұрғылаушылардың, геолог-барлаушылардың, құрылысшылардың өндірістік базалары шоғырланған. Мәскеуден ұшақтарды қабылдайтын өз аэродромы, теміржол мен автобус станциялары, мәдениет сарайы, мұражайлар, жергілікті телеарна мен газеті болды. Ядролық жарылыстар күркіреген алаңдарға бетон жолдар, ал терең жер астына – құпияланған коммуникациялар созылып жатты. Тәулік бойы орталық пен сынақ алаңдарын байланыстыру, қорғау және қолдау бойынша вахтаны күндізтүні алып жүрген радарлық қондырғылар мен радиоантендердің айналары аспанға қарап тұрды.
Деректер құпия болып қала берді
1957 жылы Алматыдан келген дәрігер-ғалымдар полигонның жанында тұратын халыққа алғашқы іріктемелі зерттеу жүргізді. Нәтижесінде организмдегі биохимиялық процестер мен метаболизмнің қалыпты ағымының бұзылуына әкелетін иондаушы сәулеленудің әсеріне байланысты патологиялық белгілердің нақты кешені анықталды, Бірақ бұл деректер де құпия болып қала берді.
1987 жылы Семей арқылы радиоактивтілігі сағатына 350–400 микрорентген газ ағыны өтті. 711 елді мекенде халықтың сәулелену дозасы бэр (рентгеннің биологиялық баламасы – адамның сәулелену дозасының бірлігі) жылдық нормасынан асып түсті. Барлық сынақтар барысында максималды дозалар 448 бэрге жетті. Ал сәулеленудің рұқсат етілген дозасының қабылданған халықаралық нормасы – адамның бүкіл өмірі үшін бар болғаны жеті рентген…
«Невада–Семей» қозғалысына – 33 жыл!
Халық наразылығының соңғы тамшысы 1989 жылы 12 және 17 ақпанда жүргізілген сынақтар болды. Ол кезде радиациялық фон максимумге жетті. Полигонның сыртында (Шаған кенті) радиоактивтілік деңгейі сағатына 3000 микрорентгенге дейін тіркелді. Бұл туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үміткер, белгілі ақын Олжас Сүлейменов те білді. 25 ақпанда ол теледидарда сөз сөйлеп, өзінің сайлауалды бағдарламасының орнына СЯСП төңірегіндегі көптеген жылдар бойғы ядролық сынақтардың салдарынан орын алған сұмдық жағдай туралы айтып берді. Ол жерлестерін 28 ақпанда Алматыда митингке келуге шақырды. Нәтижесінде біз білетіндей, аталмыш шақырудан кейін БҰҰ-ға дейінгі барлық мүдделі инстанцияларға өтініш қабылдаған мыңдаған халық, мұндай әділетсіздікке бейжай қарай алмайтын адамдар қарасы жиналды. Бұл құжатқа бірнеше күн бойы миллиондаған қазақстандықтар қол қойды, оларды алыс-жақын шет елден де жақтаушылар қолдау көрсетті. Осылайша әлем бойынша атом қаруларын сынауды тоқтатуда, КСРОның басты ядролық полигонын – өзінің қуаты жөнінен әлемдегі төртінші орынды жабуда үлкен рөл атқарған халықаралық антиядролық «Невада–Семей» қозғалысы дүниеге келді.
Семей полигонындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жасалды. Ол кезде полигон орталығы қуатты зертханалық-эксперименттік базасы бар Курчатов қаласында орналасқан ғылыми-сынақ кешеніне айналған-ды.
1992 жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде СНВ-1 шартына Лиссабон хаттамасына қол қойды, онда ядролық қаруды таратпау жөніндегі өз міндеттемелерін тіркеді. Қазақстан КСРО-дан қалған қуатты арсеналға қарамастан, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің біріне айналды (Украина және Беларусьпен бірге). Біздің республика осы батыл және игілікті істе бірінші болды. 1993 жылғы желтоқсанда Ресей Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, Семей полигоны (ресми – 2-ші Мемлекеттік орталық сынақ полигоны) таратылды.
«Қайнар синдромы»
1992 жылы Семей облысының Абай, Бесқарағай және Жаңасемей аудандарында Денсаулық сақтау министрлігі биофизика институтының кешенді экспедициясы жұмыс істеді. Ғалымдар ядролық полигонның айналасында өмір сүретін адамдарда бұрын анықталмаған жаңа белгілердің бар екенін растады. Олар барлық өмірлік маңызды органдардың өзгеруімен – терінің зақымдалуымен, шаштың бұзылуымен, жүрек-тамыр жүйесіндегі патологиялық өзгерістермен және иммунитеттің күрт әлсіреуімен сипатталды. Сонымен қатар, радиацияның әсері дененің ерте қартаю процесін, онкологиялық аурулардың және суицид жағдайларының өсуін тудырады. Бұл симптомдар кейіннен жаңа аурулар алғаш рет табылған ауылдың атауына сәйкес «Қайнар синдромы» деп аталды.
Қайнар ауылы тау жотасының етегінде, полигонның жанында орналасқан. Мұнда сынақ жылдарында онкологиялық аурулардан 396 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, пациенттерде, әдеттегіден басқа, тілдің, көздің, қалқанша безінің, жүрекшенің, терінің қатерлі ісігі сияқты сирек кездесетін формалар болды. Ауылда онкологиядан адамы қайтыс болмаған ешбір отбасыны таппайсыз. Атом жарылыстары басталған 1950 жылдан бері мұнда небәрі бір жылдың ішінде балалар өлімі 5–10 есе өсті, өмір сүру ұзақтығы 3-4 жылға қысқарды. Полигон жанындағы ауылдарда мутант-балалар дүниеге келе бастады.
1993–1995 жылдары Полигонның инфрақұрылымын жою бойынша бірлескен қазақстандық-американдық жоба әзірленді, ол өз мәресіне 2000 жылғы 29 шілдеде жетті. 181 штольня мен 13 ұңғыма жабылды. Бұл жұмыс «Невада–Семей» қозғалысы белсенділерінің ықпалымен және жеке бақылауымен жүргізілді.
2000 жылы Семей полигонындағы ядролық сынақтардың соңғы штольнясы жойылды.
Екі миллионға жуық адам ядролық сынақтардың құрбандары деп танылды, алайда олардың саны әлдеқайда көп еді. Өйткені, зардап шеккендердің құқықтарын растайтын куәліктерді тек 1 057 000 адам алды. Бұрынғы полигонның қауіпті аймақтарында, ядролық сынақтардың салдары үлкен аумаққа әсер еткендіктен, радиоактивті фон әлі де сағатына 10–20 миллирентгенге дейін жетті. Полигонның аумағы нашар күзетіліп, 2006 жылға дейін жергілікті жерде белгіленбеген еді.
КЕРЕК ДЕРЕК:
Жер бетінде барлығы 2000-нан астам ядролық сынақ жүзеге асырылды.
Оның ішінде АҚШ-та 1030 жарылыс, Кеңес Одағында 716, Францияда 210, Қытайда 45, Ұлыбританияда 44, Үндістанда 6, Пәкістанда 5 жарылыс жасалды және ядролық технологияларға ие елдердің саны жыл сайын артып келеді.
Ғылыми-техникалық әлеует бейбіт атомға және адамзаттың болашағына жұмыс істеуі керек
Тек 2005 жылы жұртшылықтың талап етуімен және ҚР Парламентінің ұсынысымен полигонның шекараларын бетон бағаналармен таңбалау жұмыстары басталды. Жұртшылық пен Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының күш-жігерінің арқасында 2008 жылы адамдар мен малдың кіруіне жол бермеу үшін полигонның неғұрлым ластанған учаскелерін инженерлік қорғау құрылыстарын құру басталды. 2009 жылы Дегелең сынақ алаңының әскери күзеті ұйымдастырылды.
Семей полигоны – аумағында адамдар тұрып жатқан және оның жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын әлемдегі көптеген ядролық полигондардың бірегейі болды. Бұдан басқа, 1990 жылдардың басынан бастап «Балапан» алаңынан 10–20 шақырым қашықтықта «Қаражыра» көмір разрезі әзірленуде, оның өнімдері Ресей, Қазақстан және Қырғызстанның электр станциялары мен кәсіпорындарына жеткізіледі.
Бүгінде полигонға іргелес жатқан жерде мыңдаған зардап шеккендер мемлекеттің қолдауынсыз қалып отыр. 1992 жылдың желтоқсанында республикадағы тұрақсыз экономикалық жағдайға байланысты «СЯСП ядролық сынақтарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданғанына қарамастан, ол толық күшінде жұмыс істемейді. Қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығы мен табиғатқа келтірілген зор кесапатты залалдың орнын бір Қазақстан мемлекеті ғана толтыра алмайтыны белгілі. Сондықтан «Невада–Семей» ХАҚ ардагерлері мен белсенділері әлемдік қоғамдастықты бірнеше рет ядролық сынақ құрбандарына, бірінші кезекте балаларға көмек көрсетуге шақырды.
КЕРЕК ДЕРЕК:
1993 жылы Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды.
-
1994 жылғы желтоқсанда әлемнің ядролық державалары Қазақстанға қауіпсіздік кепілдіктері туралы Меморандумға қол қойды. Осы жылы ел аумағынан барлық ядролық қаруды шығару аяқталды.
-
1995 жылы СИЯП-тағы соңғы ядролық заряд жойылды.
-
1996 жылы Қазақстан ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қатысушы болды.
-
1997 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтардан зардап шеккен ҚР өңірлеріне көмек көрсету туралы қарар қабылдады.
Полигон жабылғаннан кейін оның базасында ҚР Ұлттық ядролық орталығы құрылды. Оның қызметі сынақтардың салдарын зерттеу мен жою проблемаларына, атом энергетикасының қауіпсіздігі міндеттерін шешуге бағытталған. Полигонды демилитаризациялау мақсатында АҚШ Қазақстанға оның инфрақұрылымын жоюға қаражат бөлді. 1996 жылдың қыркүйегінде Курчатовта электрондық өнеркәсіпке арналған баспа платаларын өндіру бойынша бірлескен қазақстандық-американдық кәсіпорын іске қосылды. Мұнда халықаралық радиоэкологиялық орталық құрылды. Қазақстандықтар бұрынғы ядролық полигонның ғылыми-техникалық әлеуеті бейбіт атомға және адамзаттың болашағына жұмыс істеуі керек деген сенімде. «Невада–Семей» қозғалысы халықаралық антиядролық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып табылады. Осынау бірлескен күшжігерге қарамастан, әлем жаңа тәуекелдермен және қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуде. Әлемде қарулану жарысы артып, халықаралық терроризм күшейе түсті. Бұл жағдай қозғалыс белсенділерін қатты алаңдатады және олар жаппай қырып-жою қаруын жою және жердегі өмірді сақтау үшін әрі қарай күресуге дайын. Осы мақсатта біз барлық жинақталған тәжірибе мен қолда бар әлеуетті пайдаланатын боламыз.
«Невада– Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Омарұлы Сүлейменовтің пікірінше, ядролық сынақтардың салдарын жою мәселелері – біздің жадымыз бен қайғымыздың Мәңгілік қоңырауы. Соны ұмытпаған абзал...