Аумалы-төкпелі тарихи кезеңде қазақтың қаншалаған құнды жәдігері шетел асқан жұртымен бірге сергелдеңге түскені бізге беймәлім. Бұл күнде руханият жаршыларының еңбегі арқылы сол мұралар қайта оралып, туған жұртымен қауышып жатқаны қуантады. Өткен аптада Алматыдағы «Ахмет үйінде» – А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінде өткен хұснихат көрмесінде сондай жәдігерлердің бірқатары көрерменнің көзайымына айналды.
Көрменің арқауы болған Қытайдағы қандасымыз, мұра жинаушы Сағатхан Қамзаұлының елге жеткізген жәдігерлері болды. Айтуынша, кейбір хұснихат үлгілері ғасырдан астам уақыт сақталып келген. Оның жеке қорында әлі де жарыққа шықпаған жүздеген мұраның бар екенін айтады. Мұның бәрі – қазақ тарихының бір бөлшегі, ұлттың жоғалуға шақ қалған асыл мұрасы екенін көрмеге қатысушылар терең сезінгендей болды.
Аталмыш көрме қазақ руханиятындағы айтулы оқиғалардың бірі – «Қазақ» газетінің 112 жылдығымен тұспа-тұс келді.
· Тақырыпқа орай:
Әділет АХМЕТҰЛЫ, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, алаштанушы:
«Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбиді жалпы жұрт «төте жазу» деп біледі. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы осы жазуды ұлттық әліпби ретінде қалыптастырып, қазақ руханиятына үлкен жаңалық әкелді. Оған дейін қазақ халқы «шағатай» жазуын қолданған болатын. Төте жазу 1930 жылға дейін қолданыста болып, кейін Кеңес үкіметінің ықпалымен латын, одан кейін кириллицаға көшірілді. Соның нәтижесінде Қазақстанда бұл жазу біртіндеп ұмытылды. Алайда, Қытайға қоныс аударған қазақтар өз жазу дәстүрін сақтап, оны одан әрі дамытты. Төте жазуды меңгеру – бір бөлек, ал оны көркемдеп жазу – нағыз өнер. Бұл өнерді «хұснихат» деп атайды, ал ғылымда «каллиграфия» дейді.
Каллиграфия – адамзат мәдениетінің ортақ мұрасы. Бұл өнер Еуропаның рим, грек, латын жазуларында, Қытайдың дәстүрлі иероглифтерінде, әсіресе, араб мәдениетінде ерекше дамыған. Арабтар каллиграфияны қасиетті Құранды көркемдеу, мешіттерді безендіру үшін қолданса, қазақтар төте жазумен жазылған шығармаларды осындай жоғары көркемдік деңгейге көтере білді. Қытайдағы қазақтар бұл хаткерлік өнерді жоғалтпай, дамытып келді. Сол аймақтағы білім беру жүйесінде «Көркем жазу» сабағы енгізіліп, мықты жазушылар қалыптасты. Осылайша қазақтың төте жазуы Қытай қазақтарының арасында ғана емес, бүкіл түркі әлемінің құнды мұрасына айналды. Бүгінгі көрме – Қытайда жасалған осындай көркем туындылардың Қазақстанға оралғанының бір дәлелі.