«Бақытқа жеткізетін еркін әрекет — тамаша әрекет»
Әл-Фараби
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында: «Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек» — деп атап өтті.
Бұл стратегиялық ұстаным еліміздің жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарауға және білім беру мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейтуге жол ашты. Осы тұрғыда еліміздің жетекші оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) нақты іс-шараларды қолға алып отыр.
ҚазҰУ – білім мен ғылымның ордасы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның ең ірі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де үлкен танымалдыққа ие университет. Биыл университет өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл – оқу орнының еліміздің білім беру жүйесіне қосқан үлесін, ғылыми жетістіктерін және кадр даярлаудағы рөлін айшықтайтын маңызды кезең.
1934 жылы құрылған университетке аты әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің есімі берілген. Ол – философ, математик, астроном, музыкант, сондай-ақ түрлі ғылым салаларында іргелі еңбектер жазған ұлы ойшыл. Әл-Фарабидің атымен аталуы университетке ерекше рухани және зияткерлік мағына береді. Ғұламаның «Бақытқа жеткізетін еркін әрекет — тамаша әрекет» деген сөзі бүгінде студенттер мен ғалымдар үшін бағдаршам іспеттес.
ҚазҰУ: білім, тұлғалық даму және инновация
ҚазҰУ-да оқу – бұл тек академиялық білім алу ғана емес, сонымен бірге тұлғалық даму мен шығармашылық ізденіске жол ашатын орта. Заманауи технологиялармен жабдықталған инфрақұрылым, жаңартылған оқу бағдарламалары мен халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру тәсілдері – студенттерге терең білім мен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Бүгінде университет еліміздің стратегиялық бағыттарымен үндес жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі – көлік-логистика саласын цифрландыру. Мемлекет бұл бағытты экономикалық даму драйвері ретінде қарастырып отыр. Жолдауда айтылғандай, Қазақстанның болашағы – ІТ-инфрақұрылымы дамыған, цифрлық мүмкіндіктері кең мемлекет болуында.
Логистика: цифрлық трансформация және кадр даярлау
Цифрландыру мен инновацияны логистика саласына енгізу барысында негізгі қиындықтардың бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Бұл тек техникалық немесе технологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар адами капиталдың жеткіліксіздігіне байланысты туындайтын жүйелі проблема. Сонымен қатар, жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауы мен бизнес ортада цифрлық платформаларды пайдалану деңгейінің төмендігі де өзекті мәселелердің қатарында.
Осы ретте ҚазҰУ-дың докторантура бағдарламасы мен үшін тек кәсіби біліктілікті жетілдіру алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа ғылыми көзқарастар мен инновациялық тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды платформа.
Біздің басты мақсатымыз – алған теориялық білімді нақты тәжірибеде қолдана отырып, Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және процестерді автоматтандыруға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу. Бұл салада жүргізілетін зерттеулер тек университеттік деңгейде қалмай, ұлттық деңгейдегі мәселелерді шешуге үлес қосуы тиіс.