Заманына қарай спорттың кей түрі де сәнге айналып, дамып келеді. Алматылық жастар арасында урбанистік спорттың 10 түрі танымал.
Алматы елімізде мәдениет саласында ғана емес, спорт саласында да басты трендсеттерге айналды. Оңтүстік астанада жыл сайын Қазақстан үшін жаңа спорт түрлері пайда болып, қарқынды дамып келе жатыр. Олардың көбі қаланың тұрмысына әбден еніп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Назарларыңызға Olympic.kz сайты тізімдеген танымал спорт түрлерін ұсынамыз.
Урбанистік және экстремалды спорт түрлерін жақсы көретін жандар үшін бір-бірімен ақшалай сыйлықтар үшін сайысқа мүмкіндік бар. Сондай алаңдардың бірі — Almaty Urban Fest. Биыл іс-шараның бағдарламасына 10 спорт түрі еніп, 1000-нан астам қатысушының басын қосты.
Баскетбол 3х3 – Халықаралық олимпиада комитетінің жүргізген зерттеуі бойынша қалалардағы ең танымал спорт түрі. 2017 жылы Олимпиада бағдарламасына енгізіліп, алғаш рет Токио Олимпиадасында таныстырылды. Классикалық баскетболмен салыстырғанда спорттың бұл түрінде әр командада 3 адам ойнайды. Ойын 10 минутқа немесе тараптардың бірі 21 ұпай жинамағанға дейін созылады.
Стрит ворк-аут – 2000 жылдардың басында АҚШ-тың кедей аудандарында таралған бұл бағытты жәй көше гимнастикасы деп қарамай, спорт субмәдениеті деуге болады. Воркауттың дамуына интернет үлкен әсер етті. Көше жаттығуларының видеосы жастар арасында үлкен қызығушылықты тудырып, кейін Қазақстанға да жетті. Бүгінде еліміздің әр қаласында арнайы ворк-аут жаттығуларына арналған алаңдарды кездестіруге болады.
Армрестлинг – барша әлемде кең танылған спорт түрлерінің бірі. Олимпиада бағдарламасына енбеген. Алайда қарапайымдылығына қарамастан қатысушылар мен көрермендердің арасында үлкен қызығушылықты оятады.
Көше билері – би студияларынан бөлек қалыптасқан би стилі. Бидің басқа бағыттарының көптеген элементтерін біріктіреді және көп жағдайда импровизацияға жүгінеді. Алматылықтардың арасында спорттың бұл түрі өте танымал. Апта сайын көше бишілері өз шеберліктерін көрсету үшін әртүрлі алаңдарда жиналады. Соңғы жылдары Tik-Tok қосымшасының арқасында бұл бағыт қайта гүлдене бастады.
Агрессивті роликтер, кик-скутер, скейтбординг – ролик, скутер және скейтбордты экстремалды сырғанау деп айтуға болады. Сырғанаудың негізгі элементтері – секіру және тайғанау. Оларға әуеде акробатикалық трюктерді қосуға болады. Оңтүстік астананың жылы климаты мен жер бедерінің (төмен түсетін және жоғары көтерілетін) ыңғайлы болуына сәйкес алматылық жастар арасында кең таралған. Қазақстанның өзге қалаларында да спорттың бұл түріне қызығушылық артып келеді. Сол себепті жаңа скейт-саябақтары мен скейт-жолдары салына бастады.
BMX – велоспорттың ең тартымды әрі экстремалды түрі. Арнайы велосипедте секіріп, әртүрлі трюктер жасауға болады. Спорттың бұл түрі де Қазақстанда тұрақты дамып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде BMX жанашырлары бар екенін айта кеткен жөн.
Паркур – секіру элементтерін қолдана отырып, кедергілерден жылдамдықпен өту. Стрит ворк-аут сияқты спорт түріне қарағанда субмәдениетке жақындау. Паркурдың мақсаты – әртүрлі кедергілерден өтіп, жылдам ауысу. Алғаш рет Almaty Urban Fest бағдарламасына енгізілді.
Киберспорт (Dota 2) – спорттың бұл түрін урбанистік деп айту қиын. Алайда бұқаралық жағынан жастар арасында өте танымал болғандықтан Almaty Urban Fest бағдарламасына қосылды. Көпшілік ойнайтын Dota 2 компьютер ойыны 2013 жылы шыққанына қарамастан, араға 10 жыл салып әлі де маңызын жоғалтпай, қызығушылық азаймады. Біздің елімізде 2018 жылдан бастап ресми спорт түріне айналды. Ал отандық 5 киберспортшы еуропалық аймақтың үздік ондығына енеді.
Урбанистік спорт сайыстары ерекше жағдайды және қомақты қаражатты талап етпейді. Соның арқасында жылдам бұқаралық спорт түріне айналып бара жатыр. Азаматтар бос уақытын тегін әрі сапалы өткізе алады. Almaty Urban Fest сынды іс-шаралар Қазақстанда қалалық спорт түрлерін кеңінен насихаттайды. Сонымен қатар жастарды салауатты өмір салтын сақтауға шақырады.
Айта кетейік, гранд-финал сайыстары 17 қыркүйекте сағат 10:00-де «Алматы Арена» спорт кешенінде басталады. Финал тартыстары аяқталған соң 18:30-де жеңімпаздар мен жүлдегерлерде марапаттау рәсімі өтеді. Көрермендер мен қатысушыларды 20:00-де мерекелік бағдарлама күтеді.