Семинар офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 4 қарашада «Talap» КЕАҚ жоспарына сәйкес Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің Оқу әдістемелік бірлестіктің ұйымдастыруымен «Білім беру бағдарламаларында қазіргі еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес экономикалық құзыреттерді трансформациялау» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Семинар офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылып, оған еліміздің 50 колледжінен 70-тен астам педагог, әлеуметтік серіктестер, сарапшылар және колледж басшылары қатысты.
Іс-шараның ашылуында «Talap» КЕАҚ вице-президенті Бахытжан Үмитбековна Биекова сөз сөйлеп, экономикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын жетілдіруде озық тәжірибені жинақтау мен таратудың маңыздылығын атап өтті.

Оқу-әдістемелік бірлестіктің төрағасы А.К. Мукажанова Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру және әлеуметтік серіктестікті дамыту бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.
Пленарлық отырыста еңбек нарығының сұраныстарына сай білім беру бағдарламаларын жаңарту, жұмыс берушілермен серіктестік, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және кәсіби стандарттарды енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар бизнес өкілдерімен бірлесіп, 2026 жылдан кейін бухгалтерлерге, маркетологтар мен менеджерлерге қажетті кәсіби құзыреттер туралы пікірталас өтті.
Практикалық сессияда қорытынды аттестаттаудың заманауи форматтары – Demo Exam, AI-кейстер және Startup- жобалары таныстырылды.
Семинардың басты мақсаты – колледждер тәжірибесін біріктіру, білім беру сапасын арттыру және экономикалық мамандарды еңбек нарығының жаңа талаптарына сай даярлау.