Тоғыз жыл ішінде орталықты 3 467 адам паналаған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы тұрмыста зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетіп келеді. Тоғыз жыл ішінде орталық қызметін 11 586 адам пайдаланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Жан-Сая» дағдарыс орталығының директоры Гүлшара Сапарова мәлімдеді.
Орталық Алматының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты. Мұнда зардап шеккендерге алты айға дейін тәулік бойы немесе күндізгі уақытша паналау мүмкіндігі қарастырылған. Орталықтың жобалық қуаттылығы – 52 төсек-орын. Мұнда әйелдер мен балалар қажетті көмек алып, көңіл-күйін қалпына келтіріп, дағдарысты жағдайдан шығудың алдағы қадамын айқындай алады.
Гүлшара Сапарованың айтуынша, тоғыз жыл ішінде орталықты 3 467 адам паналаған. Олардың ішінде 1 184 әйел мен 2 283 бала бар. Психологиялық көмек 5 576 рет, заңгерлік көмек 1 845 рет көрсетілген. Сонымен қатар 846 адам орталықтың сайты арқылы кеңес те алыпты. 2026 жылғы 18 қарашадағы жағдай бойынша орталықта қазір 35 адам тұрып жатыр.
«Біз әйелдер мен балаларға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсетеміз, уақытша қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етеміз. Оларға қажетті көмек алып, қиын жағдайдан шығудың жолын анықтауға сеп болып, барынша оңалып кетуіне жағдай жасаймыз», – дейді директор.
Зардап шеккендерге тікелей көмек көрсетумен қатар, орталық мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, оның кез келген түріне төзбейтін көзқарас қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, кеңес беріп, кездесу өткізеді. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен, құқық қорғау құрылымдарымен, білім беру мекемелерімен және қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеудің маңызы зор.
Сондай-ақ жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық науқанына ерекше көңіл бөлінеді. Осы кезеңде қоғам назарын гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне аударуға, зардап шеккендердің құқығы мен қолжетімді қорғау тетігі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Зорлық-зомбылыққа тап болған әйел өзінің жалғыз емес екенін, көмек сұрай алатын жері барын, оны тыңдап, қолдауға дайын адамдар бар екенін білуі керек. Әр баланың қорқыныш, қорлық пен зорлық-зомбылыққа жол бермейтін қауіпсіз ортада өскені дұрыс», – деп түсіндірді Гүлшара Сапарова.
Спикердің айтуынша, зардап шеккендерге көрсетіетін көмек уақытша баспана немесе кеңес берумен ғана шектелмеуі керек. Олардың өзіне деген сенімін нығайтып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасау қажет. Гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, адам құқығын қорғау мен қауіпсіз орта қалыптастыру мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен тұтас қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді.