Алматыда шамамен 1,2 миллион әйел тұрады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыруға көп көңіл бөлгелі жатыр. Бұл жұмыста мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланысы, қиын жағдайға тап болғандарды ерте анықтау мен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды рөл атқарады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі кеңесшісі, қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Айгүл Шалбаева осылай деді.
Алдағы іс-шараның бірі – 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы. Оның мақсаты – әйелдер мен қыздарға жасайтын қиянаттың алдын алуға қоғамның назарын аудару, азаматтарға қорғану тетігі туралы ақпарат беру мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбейтін мәдениет қалыптастыруға барынша қолдау көрсету.
«Біздің басты қағидатымыз – әр әйел мен әр баланың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау. Әсіресе қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету керек», – деп толықтырды сөзін Айгүл Шалбаева.
Спикердің айтуынша, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін полиция, денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдары, әлеуметтік қызмет пен үкіметтік емес сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екен.
Сонымен қатар әйелдердің құқығын қорғау олардың экономикалық дербестігі мен кәсіби тұрғыдан дамуына жағдай жасауды да көздейді. Спикердің мәліметінше, 2026 жылы Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына 43 060 әйел жүгінген. Оның 17 228-і жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен және әлеуметтік қорғау бағдарламаларымен қамтылған. 9 617 әйел тұрақты жұмысқа орналастырылып, тағы 597-сі кәсіби оқытуға жіберілген.
Өз кәсібін ашуды жоспарлаған әйелдерге де қолдау көрсетіледі. Биыл 122 әйел бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 094 адам оқудан өтсе, Skills Enbek.kz платформасында 2 152 әйел білім алған.
Алматыда шамамен 1,2 миллион әйел тұрады. Бұл қала халқының 52 пайызын құрайды. Олардың 613 мыңнан астамы еңбек қызметімен айналысады, 60 мыңнан астамы басшылық лауазымдарда жұмыс істейді. Қалада 38 136 көпбалалы отбасы бар. Ұсынылған мәлімет бойынша, құрамында 8 286 адам бар 1 654 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Олардың қатарында 836 көпбалалы отбасы бар.
Айгүл Шалбаеваның айтуынша, комиссия жұмысының нәтижелілігі, ең алдымен, қала тұрғындарының өміріндегі өзгеріс арқылы бағалануы тиіс.
«Біздің ортақ міндетіміз – әр әйел өз әлеуетін жүзеге асыра алатын, әрбір отбасы мемлекеттің қолдауын сезінетін, ал әр бала қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп-жетілетін жағдай қалыптастыру», – деп түйіндеді спикер.