Талқылаудың жеке бір бөлігі дербес деректерді қорғау мәселесіне арналды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда MedTech саласын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Алматыда медициналық технологияларды дамыту мен денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялауға арналған Freedom Talk кездесуі өтті. Сарапшылар жасанды интеллект пен цифрлық платформалардың медицина саласын қалай өзгертіп жатқанын, қазақстандық әзірлеушілер үшін қандай мүмкіндіктер ашылатынын және болашақ медицинасының қандай болатынын талқылады.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі медициналық қызметтерді цифрландыру болды. Заманауи технологиялар пациенттер мен медициналық ұйымдар арасындағы қалыптасқан байланыс жүйесін біртіндеп өзгертіп келеді. Қазір цифрлық сервистер арқылы қажетті маманды табуға, пациенттердің пікірлерімен танысуға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және кеңес алуға болады.
Осындай шешімдердің бірі – Freedom SuperApp қосымшасына біріктірілген iDoctor сервисі. Пайдаланушылар бұл платформа арқылы дәрігерлер туралы ақпарат алып, олардың рейтингтері мен пациенттердің пікірлерін көре алады. Сондай-ақ дәрігердің қабылдауына онлайн жазылу мүмкіндігі қарастырылған.
Freedom Lifestyle Group компаниясының бас директоры Алексей Ли бұл қызметке сұраныстың қарқынды өсіп жатқанын айтты. Мәселен, қазан айында SuperApp арқылы дәрігер қабылдауына шамамен 4 мың адам жазылған. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда екі есе көп. Дегенмен iDoctor арқылы қабылдауға жазылушылардың едәуір бөлігі әлі де қосымшадан тыс сервистерді пайдаланады.
Спикердің айтуынша, онлайн медициналық қызметтерге қызығушылықтың артуы – цифрлық технологиялар дамуының заңды жалғасы. Билет сатып алуға, азық-түлікке тапсырыс беруге және қаржылық қызметтерді интернет арқылы пайдалануға үйренген адамдар енді денсаулық сақтау саласында да цифрлық шешімдерге көбірек жүгінуде.
Кездесуде таныстырылған тағы бір жаңалық – Freedom SuperApp арқылы ДНҚ-тестілеу қызметінің іске қосылуы. Зерттеу құны – 20 мың теңге.
Алғашқы кезеңде бұл қызмет адам ағзасының генетикалық ерекшеліктерін, соның ішінде белгілі бір ауруларға ықтимал бейімділігін, зат алмасу ерекшеліктерін, тамақтану мен дене белсенділігіне қатысты генетикалық көрсеткіштерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Тестілеуден өту үшін пайдаланушы арнайы жинаққа тапсырыс беріп, нұсқаулыққа сәйкес сілекей үлгісін жинауы керек. Одан кейін биоматериал DHL курьерлік қызметі арқылы зертханаға жеткізіледі. Зерттеу Генетика институтымен бірлесіп, халықаралық Illumina компаниясының технологиялары негізінде жүргізіледі.
Алексей Лидің айтуынша, жобаны дайындауға шамамен бір жарым жыл уақыт кеткен. Осы кезеңде команда генетика және биоинформатика саласындағы қажетті құзыреттерді қалыптастырып, технологиялық процестерді жолға қойған және тексеру жұмыстарын жүргізген. Жобаның бастапқы кезеңінде алынған үлгілердің шамамен 60 пайызы ғана сәтті өңделсе, қазір компания мәліметінше, бұл көрсеткіш 99 пайызға жеткен.
Талқылаудың жеке бір бөлігі дербес деректерді қорғау мәселесіне арналды. Freedom SuperApp компаниясының бас атқарушы директоры әрі Freedom Bank басқарушы директоры Вячеслав Ким цифрлық сервистердің жұмысына қойылатын талаптар, пайдаланушылардың жеке ақпараттарына қол жеткізу және оларды үшінші тараптарға беру үшін келісім алу тетіктері туралы айтты.
Оның сөзінше, қосымша растау кезеңдері кейде сервисті пайдалануды күрделендіргенімен, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Компанияда ақпараттық қауіпсіздікке жауап беретін жеке бағыт жұмыс істейді. Ал цифрлық платформалардың қызметі тиісті талаптарды ескере отырып ұйымдастырылған.
Қазақстанда медицина саласының цифрландыру деңгейін статистикалық мәліметтер де көрсетеді.
Freedom Lab компаниясының бас атқарушы директоры әрі MED365 басқарушы директоры Шыңғыс Құлахметов Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйене отырып, елімізде электронды форматта 215 миллион медициналық қызмет көрсетілгенін, ал онлайн түрде 8,5 миллион анықтама берілгенін жеткізді.
Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанның шамамен 5 миллион тұрғыны онлайн медициналық кеңес алған.
Кездесуге қатысушылар саланың болашағы зор бағыттарының қатарында телемедицина мен мобильді диагностикалық кешендерді атап өтті.
Сондай-ақ денсаулық көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік беретін тағылатын құрылғылар нарығына шығу және ақылды сағаттар әзірлеу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Дегенмен MedTech саласын дамыту тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмейді. Бұл бағытта медициналық өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын қатаң талаптарды сақтау да маңызды.
Юлия КОН