Almaty Marathon балалардың денсаулығы үшін инновацияларды қолдайды

  • 16:57, 26 қыркүйек 2025
Almaty Marathon балалардың денсаулығы үшін инновацияларды қолдайды Алматы әкімдігі

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры AYALA қайырымдылық қорымен бірлесіп, Қазақстандағы нәрестелер мүгедектігінің деңгейін төмендету жұмыстарын жалғастыруда. 

Биыл Almaty Marathon қатысушылары мен серіктестерінің жарналары есебінен жалпы сомасы 145 000 000 теңгені құрайтын екі бірегей жоба іске қосылады. Олардың ортақ миссиясы – балалар мүгедектігін болдырмай, оларға бақытты болашақ сыйлау.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамырлық мальформациялар – балаларды өмір бойы ауырсыну, қан кету, ағза қызметінің бұзылуы, ал кей жағдайларда айқын косметикалық ақаулармен бірге өмір сүруге мәжбүрлейтін туа біткен дерт. Қазақстанда мұндай диагноз қойылған науқастарға медициналық көмек әзірге көрсетілмейді, сондықтан отбасылар емделу үшін шетелге жүгінуге мәжбүр. 2021–2024 жылдар аралығында мемлекет осы мақсаттарға 437 млн теңгеден астам қаржы бөлді.

Almaty Marathon спортшылары мен серіктестерінің қолдауының арқасында Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жаңа медициналық жабдық орнатылады. Ол дәрігерлерге мұндай диагнозы бар балаларды елімізде емдеуге жол ашады. Орталықтың дәрігерлер бригадасы Германиядағы тамыр мальформацияларын емдеуге маманданған жетекші клиникада оқудан өтеді.

Жоба аясында жыл сайын 100-ге жуық ота жасалып, 50-ге дейін балаға көмек көрсеіледі.

Корпоративтік «Бірінші болу - батылдық» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов атап өтті:

«Almaty Marathon – бұл тек спорт қана емес. Қазақстанның әр қаласында мыңдаған атлет жүректерін біріктіріп, жыл сайын игі істерге үлес қосып келеді. Қыркүйекте Алматыда өткен он төртінші марафон аясында біз екі жаңа жобаны бастадық. Олардың түпкі мақсаты – балалардың денсаулығы мен бақытты болашағы. Денсаулық сақтау министрлігі және AYALA қорының қолдауымен балалар медицинасының жаңа кезеңіне үлес қосып отырғанымыз бізге шабыт береді».

Жоба 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.

«Әлемді көремін»: шала туған сәбилердің көзіне жарық сыйлау

Ретинопатия – шала туған нәрестелерге тән ауру. Оның сыртқы белгілері болмайды: ата-аналар сәбиіне қарап, бәрі жақсы деп ойлайды, бірақ ол кез келген сәтте көру қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. Бұл дертті дер кезінде анықтап, ем жүргізу үшін жоғары білікті неонаталды офтальмолог пен арнайы жабдық қажет.

2025 жылы Шымкент қалалық перинаталдық орталығына қорлар ретиналды камера орнатып, жүздеген шала туған сәбилер дер кезінде диагностикадан өтіп, емделді. Жобаның сәтті іске қосылуынан кейін ол Түркістан облысында жалғасын табады – бұл өңірде жыл сайын 60 мыңнан астам сәби дүниеге келеді, олардың шамамен 5 мыңы шала туғандар.

Жақын арада Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталыққа лазерлік қондырғы жеткізіліп, шала туған балалардағы ретинопатияның асқынған түрлерін емдеуге мүмкіндік туады. Осылайша дәрігерлер сәбилерді тәуекелге салмай-ақ, Шымкентке немесе Алматыға шұғыл жеткізудің қажеті болмайды.

«Әлемді көремін» жобасы іске асқалы бері бес жыл ішінде еліміздің көптеген өңірінде жаңа туған сәбилер арасындағы көру қабілетін жоғалту деректері дерлік нөлге дейін азайды. Түркістан облысына әкелінетін жаңа лазерлік қондырғы оталардың 90 пайызын жергілікті деңгейде жасауға жол ашып, шала туған балалардың көру қабілетін сақтауға көмектеседі. Бұл ретинопатиядан және көздің өзге де патологияларынан болатын балалар соқырлығы қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Екі жоба да Қазақстанда заманауи медициналық технологиялардың енгізілуіне жол ашып отыр. Бір балалар үшін бұл – тамыр патологиясы мен ауырсынудан арылуға мүмкіндік болса, енді біреулері үшін – көру қабілетін сақтап, әлемді тану мүмкіндігі.

Almaty Marathon – Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру мерекесі. 2012 жылдан бері оның аясында жалпы сомасы 300 млн теңгеден асатын 30-дан астам қайырымдылық жобасы іске асты. Биылғы он төртінші марафон 28 қыркүйекте өтеді, оған 16 мыңнан астам адам қатыспақ. Жарыс басталмай тұрып-ақ екі жаңа рекорд орнатылды: шетелдік қатысушылар саны 1 200-ден асты, ал марафондық 42,2 шақырымдық қашықтыққа 1 500 адам өтініш берген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:14

18:10

17:40

17:34

17:19

16:57

16:50

16:31

15:40

15:30

15:12

15:07

14:04

13:55

12:59

12:46

12:34

12:14

12:02

11:53

11:39

11:22

11:05

11:01

10:43