Алматы спортшылары Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында 22 медаль жеңіп алып, Қазақстан ұлттық құрамасының жалпы нәтижесіне зор үлес қосты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қала өкілдері тарихи жеңіске қол жеткізіп, ұлттық рекорд орнатты әрі елімізді ондаған жыл бойы жүлде бұйырмаған спорт түрлерінен қайтадан жеңіс тұғырына көтерді.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында Азияның 45 елі мен өңірінің өкілдері қатысқан XX жазғы Азия ойындары өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 84 жүлдеге ие болды.
Жалпы нәтижеге Алматы спортшылары да қомақты үлес қосты. Олар спорттың 15 түрінен 22 медаль иеленді. Осылайша, ұлттық құраманың барлық жүлдесінің төрттен бірінен астамы Алматы өкілдерінің еншісінде, деп хабарлады Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері.
Қазақстан құрамасы сапындағы 558 спортшының 122-сі Алматының атынан сынға түсті. Яғни, ұлттық құраманың әрбір бесінші спортшысы – осы мегаполистің өкілі.
Алматы спортшыларының тарихи жетістіктері
Азия ойындарының басты оқиғаларының бірі – 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде таеквондодан алтын медаль жеңіп алған Тамирлан Тілеулестің жеңісі болды. Ол Азия ойындарының алтынын иеленген Қазақстан тарихындағы тұңғыш таеквондошы атанды.
Тағы бір тарихи жетістік Дамир Тоқтаровтың еншісінде. Алматылық спортшы Қазақстанға спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарындағы алғашқы медальді сыйлады. Қола жүлдемен қатар ол 4,76 секунд нәтиже көрсетіп, ұлттық рекорд орнатты.
Милад Каримидің еркін жаттығуда жеңіп алған күміс медалі осы спорт түрінен Қазақстанның Азия ойындарындағы соңғы 32 жылдағы алғашқы жүлдесі болды.
Алматылық бессайысшылардың өнері де тарихи жетістікке айналды. Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов командалық есепте қола медаль жеңіп алып, Қазақстанды қазіргі бессайыстан 16 жылдан кейін Азия ойындарының жеңіс тұғырына қайта шығарды.
Жеңіл атлетика, бокс және басқа спорт түрлеріндегі жүлделер
Алматы өкілдері жеңіл атлетикадан да жоғары нәтиже көрсетті. Кристина Морозова 21,095 шақырымдық спорттық жүрістен күміс жүлдегер атанса, Полина Иванова сырықпен секіруден қола медаль жеңіп алды.
Бокстан 51 келіге дейінгі салмақта сынға түскен әлемнің екі дүркін чемпионы Алуа Балқыбекова қола жүлде иеленді. Спортшы Азия ойындарына алғаш рет қатысты.
Татьяна Токарницкая бірден екі жүлдеге қол жеткізді. Байдарка және каноэде ескек есу жарысында ол 500 метр қашықтықта жұптық сында күміс медаль, ал әйелдер арасындағы төрттіктің құрамында қола жүлдеге қол жеткізді.
Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аянат Жұмағали күміс медаль жеңіп алды.
Семсерлесуден командалық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсеткен София Николайчук, Дарья Самоделкина және Нұрмұхаммед Жайлыбай қола жүлдегер атанды.
Жекпе-жек спорт түрлерінің өкілдері де жалпы нәтижеге елеулі үлес қосты. Дзюдодан аралас командалық жарыста Ғұсман Қырғызбаев күміс медаль иеленді. Еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов, WKF каратэден Бэлла Самашева, ал таеквондодан Рита Бакишева қола медаль жеңіп алды.
Джиу-джитсудан тағы екі медаль бұйырды: Нұржан Батырбеков күміс, ал Жібек Құлымбетова қола жүлдегер атанды.
Оқ атудан Ислам Сәтбаев пен Арина Малиновская қола медаль иеленді.
Командалық жетістіктер
Азия ойындарында күміс медаль иеленген Қазақстанның су добынан ерлер құрамасының жетістігін де ерекше атап өткен жөн. Ұлттық құрама сапында Алматының алты өкілі – Алексей Шмидер, Мұрат Шәкенов, Руслан Ахметов, Темірлан Балфанбаев, Михаил Рудай және Рустам Үкіманов өнер көрсетті.
Қазіргі бессайыстан командалық есепте Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов қола медаль жеңіп алды.
Алматы жоғары жетістіктер спортындағы орнын нығайтып келеді
Алматы өкілдері Азия ойындарында 22 медаль еншілеп, Қазақстан спорты үшін тарихи маңызы бар төрт жетістікке қол жеткізді. Бұл қала спортшыларының биылғы додадағы айтулы нәтижесі.
Қазақстанның таеквондодан Азия ойындарындағы алғашқы алтынынан бастап, спорттық құзға өрмелеудегі ұлттық рекордқа дейін алматылық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, ұлттық құраманың нәтижесіне қомақты үлес қосты.
Азия ойындарының қорытындысы Алматының жоғары жетістіктер спортын дамытуда, спорттық резервті даярлауда және Қазақстанның ұлттық құрамаларын жасақтаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады.