Қалалық жедел жәрдем қызметіне күн сайын шамамен 3–3,5 мың шақырту түседі, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүгін Алматыда қаланың медициналық бригадаларына 468 смарт-бейнежетон табыстау рәсімі өтті. Құрылғылар шақырту кезінде болған оқиғаларды бейнетаспаға түсіруге, дабыл сигналдарын жіберуге және медицина қызметкерлерін қосымша құқықтық қорғауға мүмкіндік береді.
Іс-шараға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов пен «Қазақтелеком» АҚ өкілі Арман Машкенов қатысты.

Жалпы 378 бейнежетон Жедел медициналық жәрдем қызметінің көшпелі бригадаларына, тағы 90 құрылғы медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының мобильді бригадаларына берілді.
«Бұл медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға және олардың құқығын қорғауға бағытталған маңызды жоба. Бейнежетон шақырту кезінде болған оқиғаларды тіркеуге, дабыл сигналдарын жіберуге және бейнежазбаларды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл даулы жағдайды объективті түрде қарауға және медицина қызметкерлерін қосымша құқықтық қорғауға көмектеседі. Тек 2026 жылдың өзінде жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасаудың 11 дерегі тіркелді», – деді Марат Пашимов.
Смарт-бейнежетон медициналық бригадалар шақыртуға шыққан кезде бейнежазба жүргізуге және қауіп төнген жағдайда дабыл сигналын жіберуге мүмкіндік береді. Бейнематериалдар Жедел медициналық жәрдем қызметінің ішкі серверінде сақталады. Жазбаларды сақтаудың стандартты мерзімі – кемінде 30 күн, ал қосымша тексеру үшін қажет материалдар екі жылға дейін сақталуы мүмкін.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі тапсырманы орындау мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
«Қазақтелеком» АҚ жобаның технологиялық серіктесі ретінде қызмет көрсетуді және интернет байланысын қоса алғанда, техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.

Қалалық жедел жәрдем қызметіне күн сайын шамамен 3–3,5 мың шақырту түседі. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 196 көшпелі бригада жұмылдырылған.
Жүйе пилоттық сынақтан өтіп, қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Смарт-бейнежетонды енгізу – медициналық қызметті цифрлық тұрғыдан жаңарту ғана емес, күн сайын адамдарға көмек көрсетуге шығатын мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қосымша кепілі.