Қазақстан экономикасы соңғы жеті жылда айтарлықтай өзгерді. Елдің жалпы ішкі өнімі ұлғайып, жан басына шаққандағы табыс өсті. Шағын және орта бизнес экономиканың негізгі тіректерінің біріне айналды. Инвестиция көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ең бастысы, Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енді. Осы өзгерістердің ауқымын нақты сандар арқылы бағалап көруге болады.
Экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты
2018 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 61,8 триллион теңге болатын. Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 159,6 триллион теңгеге жетті. Яғни жеті жыл ішінде экономиканың номиналды көлемі 2,6 есеге ұлғайды.
Доллармен есептегенде де өсім айтарлықтай. Қазақстан экономикасының көлемі 306 миллиард долларға жетіп, 2018 жылғы деңгейден 70,6 пайызға жоғары қалыптасты.
Бұл өзгерістер халықаралық рейтингтерден де көрініс тапты. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі экономикалар рейтингінде 55-орыннан 48-орынға көтерілді. Осылайша еліміз жаһандық экономиканың алғашқы елу елінің қатарына қосылды.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім де өсті. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,8 мың доллар болса, 2025 жылы 15 мың долларға жетті. Өсім 52,9 пайызды құрады.
Бір қызығы, экономикалық өсім тек мұнай өндірісінің есебінен қалыптасқан жоқ. Соңғы жеті жылда құрылыстың көлемі 2,4 есеге ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі 41,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 25,6 пайызға, сауда 44,1 пайызға өсті. Байланыс қызметтерінің көлемі 56,4 пайызға, көлік қызметтері 38,4 пайызға артты.
Бұл сандар Қазақстан экономикасында нақты өндіріс пен қызмет көрсету салаларының да елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Енді әрбір екінші жұмыс істейтін қазақстандық шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Соңғы жеті жылдың маңызды экономикалық өзгерістерінің бірі кәсіпкерліктің кеңеюі. 2018 жылы шағын және орта бизнес саласында шамамен 3,3 миллион адам еңбек етсе, бүгінде олардың саны 4,5 миллионнан асты. Жеті жылдағы өсім 36,7 пайызды құрады.
Қазір Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың 48,6 пайызы шағын және орта бизнес секторында еңбек етеді. Демек, еліміздегі әрбір екінші жұмыс орнына жуығын кәсіпкерлік қамтамасыз етіп отыр. Бұл саланың экономикадағы салмағы да күшейді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40,9 пайызға жетті. Жеті жылда көрсеткіш 9,2 пайыздық тармаққа өсті.
Елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,2 миллионға жетті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 63,5 пайызға көп. Ал олардың шығарған өнімінің көлемі 3,2 есеге көбейіп, 2025 жылы 104,8 триллион теңгені құрады.
Кәсіпкерлік құрылымында да назар аударарлық ерекшелік бар. Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,1 пайызын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкерлер арасында бұл көрсеткіш тіпті 52,6 пайызға жеткен. Яғни кәсіпкерліктің дамуы тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, халықтың экономикалық белсенділігін де кеңейтіп отыр.
Кәсіпкерлікке 10,2 триллион теңгенің несиесі берілді. Бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау бағдарламалары елеулі үлес қосты. 2019–2026 жылдар аралығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және кепілдендіру құралдары арқылы 176 716 бизнес-жоба қамтылды. Осы жобаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 10,2 триллион теңгені құрады. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан кәсіпорындар 2019–2025 жылдары шамамен 695 мың жұмыс орнын сақтап, қосымша 60,5 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар 128 триллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 триллион теңге салық төледі.
Қазақстанға 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды
Экономиканың кеңеюінде инвестицияның орны ерекше. Қазақстанда негізгі капиталға салынған жылдық инвестициялар көлемі 12,6 триллион теңгеден 23,5 триллион теңгеге дейін өсті. Ал 2019 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі кезеңде елге келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 162 миллиард доллардан асты.
Бұл қаражат өндіріс орындарын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіп пен басқа да экономикалық салалардағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды қаржы көзі саналады. Осы жылдары Қазақстанның шикізаттық емес экспорты да едәуір ұлғайды. Оның көлемі 15,8 миллиард доллардан 28,8 миллиард долларға дейін жетіп, 1,8 есеге өсті.
Еңбек өнімділігі жалпы экономика бойынша 21,7 пайызға артты. Әсіресе, ауыл шаруашылығында өнімділік 66,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 32 пайызға көтерілді. Бұл экономикалық дамуды тек өндіріс көлемінің өсуімен емес, еңбек тиімділігінің жақсаруымен де бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіш.
Әлеуметтік төлемдер де ұлғайды
Экономикалық өсімнің халыққа тікелей қатысты тұстарының бірі – әлеуметтік стандарттардың өзгеруі. Жеті жылда Қазақстанда ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсіп, екі есеге артты. Ең төменгі зейнетақы 36,1 мың теңгеден 69 мың теңгеге дейін көбейді.
Әрине, әлеуметтік төлемдердің номиналды өсуі халықтың нақты сатып алу қабілеті де дәл сондай қарқынмен артты дегенді білдірмейді. Мұнда инфляцияның әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Дегенмен ең төменгі әлеуметтік кепілдіктер көлемінің ұлғаюы – соңғы жеті жылдағы маңызды өзгерістердің бірі.
Жеті жылдағы экономикалық көрсеткіштер Қазақстанның даму ауқымы кеңейгенін көрсетеді. Жалпы ішкі өнім ұлғайды, кәсіпкерлік экономикадағы орнын нығайтты, инвестиция көлемі артты, жаңа жұмыс орындары құрылды.
Алайда келесі кезеңнің міндеттері бұрынғыдан күрделі болмақ. Енді экономикаға тек көлем жағынан өсу жеткіліксіз. Өнімділігі жоғары өндірістерді көбейту, шикізатқа тәуелділікті төмендету, сапалы жұмыс орындарын ашу, инвестицияның тиімділігін арттыру және халықтың нақты табысын өсіру алдыңғы қатарға шығуы тиіс.
Үкіметтің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасында жыл сайынғы экономикалық өсімді кемінде 5 пайыз деңгейінде ұстап тұру және 2028 жылға қарай инфляцияны 5–7 пайызға дейін төмендету көзделген.
Қазақстан жеті жыл ішінде әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Ендігі үлкен мақсат – экономикалық ауқымды халықтың әл-ауқатына, жоғары өнімді еңбекке және тұрақты табысқа айналдыру. Өйткені экономиканың шынайы жетістігі оның қанша триллион теңгеге өскенімен ғана емес, сол өсімнің әрбір қазақстандықтың өміріне қаншалықты әсер еткенімен өлшенеді.