Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында жүктелген міндеттер аясында шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. 2026 жылғы 25 қарашада «Жібек жолы» (Түркістан облысы) және «Гишт-Куприк» (Ташкент облысы) жаңғыртылған өткізу пункттерінің бірлескен ашылу рәсімі өтті.
Жаңғырту жұмыстары аясында өткізу пунктінде жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы, сондай-ақ автокөліктерді тексеруге арналған аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын шатырлы құрылым салынды. Кіру бағытындағы жолақтар саны екіден алтыға дейін көбейтіліп, жолаушылар мен көлік ағындары бір-бірінен бөлінді. Ең қарбалас кезеңдерде инфрақұрылым тәулігіне 100 мыңға дейін адамды қабылдай алады. Сонымен қатар терминалдар паспорттық бақылауға арналған 82 кабинамен және автоматтандырылған 20 Q-gate жүйесімен жабдықталған. Рентген аппараттары, сканерлер, радиациялық бақылау жабдықтары, сондай-ақ автобустар мен жеңіл автокөліктерді тексеруге арналған кешендер орнатылды. Бұл қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, бақылау рәсімдерінің тиімділігін арттыруға, шекарадан өту уақытын қысқартуға және әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңартылған инфрақұрылым Қазақстан үшін бірқатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең алдымен, жолаушылар ағыны мен тұтынушылық сұраныс артады. Шетелден келушілердің тұруға, тамақтануға, көлікке, экскурсиялар мен саудаға жұмсайтын қаражаты ел ішіндегі тауар айналымын ұлғайтып, кәсіпорындардың кірісі мен салық түсімдерінің өсуіне, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Сонымен қатар елге келетін туристер санын арттыруға қолайлы жағдай жасалуда. Жаңғыртылған өткізу пункті екі ел аумағында автобус турларын, жеке автосаяхаттарды және аралас туристік бағыттарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазақстандық туроператорлар мұндай туристік бағдарламаларға Шымкент, Түркістан және басқа да бағыттарды енгізіп, шетелдік туристердің елде болу ұзақтығын арттыра алады. Бұл туристік қызметтер экспортын ұлғайтуға да жол ашады.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бұл қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары, сауда, экскурсиялық қызметтер мен жол бойындағы сервистің дамуына серпін береді. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік үшін маңызы зор: өзін-өзі жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейіп, сервистік инфрақұрылымға жеке инвестиция тартуға алғышарттар пайда болады.
Сонымен қатар заманауи инфрақұрылым тұрақты жолаушылар автобус қатынастарын және туристік тасымалдарды, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік бағыттарды дамытуға, сондай-ақ көршілес өткізу пункттеріне түсетін жүктемені қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Өткізу пункттерін жаңғырту шекараның екі жағында да үйлесімді жүргізілді. Бұл іскерлік сапарлар мен келіссөздер өткізуге, серіктестер табуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ екі елдің туроператорлары мен тасымалдаушылары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұдан бөлек, жаңартылған өткізу пункті отбасылық, білім беру, мәдени және іскерлік сапарларды ұйымдастыруды жеңілдетіп, азаматтар мен ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуға және Орталық Азиядағы көлік қатынасының өзара байланысын арттыруға ықпал етеді.
2024 жылдың өзінде «Жібек жолы» өткізу пункті арқылы 11 млн-нан астам адам өткен. Бұл аталған бағытқа сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Өткізу пункті жеке тұлғаларға, жеңіл автокөліктер мен автобустарға қызмет көрсетуге арналған.