Алматы қаласында «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша «Мастерскиллс–2026» республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша «Мастерскиллс–2026» республикалық кәсіби шеберлік конкурсы ұйымдастырылды. Кәсіби сайысқа арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты. Олар наубайхана ісі бойынша теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын, заманауи технологияларды қолдану қабілеттері мен шығармашылық шеберліктерін көрсетті.
– «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша «Мастерскиллс–2026» байқауы Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің базасында үшінші жыл қатарынан өтті. Оның мақсаты – талантты, шығармашыл педагогтерді қолдау, олардың кәсіби құзыреттерін дамыту, озық тәжірибені тарату және педагог мамандығының беделін арттыру. Оған қатысуға биыл еліміздің 14 өңірінен оқытушылар келді, – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжі директорының оқу өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Ұлжалғас Дүйсенбаева.
Практикалық тапсырмалар төрт модульді қамтыды: дәстүрлі багет, шокупан (жапон сүтті наны), классикалық круассан және «Флора және фауна» тақырыбындағы декоративті арт-өнім. Қатысушылардың жұмыстары WorldSkills International стандарттарына сәйкес белгіленген критерийлер бойынша бағаланды. Қазылар алқасы конкурс қорытындысы бойынша 14 өңірден келген қатысушылар арасынан І-орын, екі ІІ-орын және екі ІІІ-орын иегерлерін анықтады. Атап айтқанда:
1-орын – Андрей Алексеев, Қарағанды облысы, Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері;
2-орын – Әйгерім Диханова, Алматы қаласы, Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің өндірістік оқыту шебері;
2-орын – Елдана Есен, Маңғыстау облысы, Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқыту шебері;
3-орын – Гүлжазира Үйсімбаева, Астана қаласы, Технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері;
3-орын – Ольга Жүсіпова, Абай облысы, Семей қаласының Технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері.
Байқау Алматы қаласының Білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды.
Досбол АТАЖАН