Кешен бес бағытты қамтиды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда Қазақстанның денсаулық сақтау басқармаларының басшылары И. Жекенова атындағы инфекциялық аурухананың жоғары технологиялық зертханасының жұмысымен танысты. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.
Ауданы 2 480 шаршы метр болатын кешен тәулігіне 15 мыңға дейін биологиялық сынаманы өңдеп, жылына 5 миллионға дейін зерттеу жүргізуге қауқарлы.
Негізгі технологиялық шешім – жасанды интеллект құрылымдары бар автоматтандырылған тректік жүйе. Ол биологиялық материалды қабылдау мен сынамаларды сұрыптаудан бастап, зерттеу жүргізу және нәтижесін жолдауға дейінгі барлық үдерісті қамтиды.

Автоматтандыру қолмен атқарылатын жұмысты азайтып, адам факторынан туындайтын қателіктерді барынша төмендетеді, диагностиканы жеделдетіп, биологиялық қауіпсіздікті арттырады. Зертхананың жұмысы диагностиканың тиімділігін арттыруға, нәтижені алу мерзімін қысқартуға және Алматының эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кешен бес бағытты қамтиды: автоматтандырылған зертхана, иммуноферменттік талдау (ИФТ), полимеразды тізбекті реакция (ПТР), микробиологиялық және паразитологиялық зерттеу.
Сондай-ақ қатысушыларға қаланың медициналық ұйымдарымен дерек алмасудың цифрлық жүйесі, биологиялық материалдарды орталықтандырылған тасымалдау және зерттеудің сапасын бақылау тәртібі таныстырылды.
Мұндай технологияны енгізу зертханалық зерттеулерді орталықтандыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алматы тәжірибесі еліміздің өзге өңірлерінде зертханалық қызметті дамытуға негіз бола алатын тиімді үлгі ретінде қарастырылып отыр.