Алматының Бостандық ауданындағы көрнекті орындар мен тарихи ғимараттар туралы қызықты деректерді қамтитын «Абай даңғылының бойымен» атты иммерсивті аудиоспектакль әзірленді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл – қаланың таныс көшелерімен серуендей отырып, оның тарихына үңілуге, сәулет өнерінің ерекшеліктерін тануға және Алматының атмосферасын өзгеше сезінуге мүмкіндік беретін ерекше форматтағы жоба. Бізге де осы аудиоспектакльдің тыңдаушысы болуға мүмкіндік туды. Яғни, Бостандық ауданы әкімдігінің мамандары БАҚ өкілдерін Абай даңғылының бойымен серуенге шақырды. Аудиосеруеннің жүргізушісі Меруерт Ахан бәрімізге құлаққап берді де, өзі жол бастады.
Аудиоспектакльдегі оқиға ең үлкен Абай даңғылы бойында өрбиді. Біз күн сайын осы көшенің бойымен жүріп өтеміз. Бірде жұмысымызға, сабағымызға асығамыз, кейде достарымызбен кездесеміз, ал бір жолы жаттығуға немесе спектакльге барамыз. Әйтеуір бір қарбалас тіршілік. Ал егер үйреншікті қаламызға басқа қырынан қарап көрсек ше?
Иә, «Абай даңғылының бойымен» – қала сахнаға, ал сіз серуеннің басты кейіпкеріне айналатын аудиоспектакль. Сіз әдеттегі көшемен жүріп келесіз, ал құлаққаптағы қыз бен жігіттің, яғни Данияр мен Алма атты кейіпкердің өзара әңгімесі, өзге де түрлі дыбыстар арқылы өткен кезең қайта жанданады. Телефон экранында архивтік фотосуреттер пайда болып, таныс орындардың қала үшін, сіз үшін қандай маңызды екенін түсінесіз. Ал күнделікті жүріп жүрген бағытыңыз бір сәт уақыт кеңістігіне, саяхатқа айналып шыға келеді.
– Аудиосеруен басталатын нүкте – Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысы, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы жағынан. Ал аяқталатын нүктесі – Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі. Форматы – аудио және чат-бот арқылы өтетін аудиоспектакль-серуен. Серуенге қажет заттар – интернетке қосылған смартфон, құлаққап және ыңғайлы аяқ киім. Жоба бір жыл бойы өткізіледі. Басты мақсат – алматылықтарға күн сайын көріп жүрген қаласын жаңа қырынан таныту. Енді Абай даңғылы арқылы өткен әрбір адам оның бүгінгі көрінісімен қатар, өткен тарихын да тыңдай алады, – дейді «Абай даңғылының бойымен» аудиосеруенінің жүргізушісі Меруерт Ахан.
...Аудиоспектакль кейіпкері – Данияр Тараз қаласынан Алматыға қыдырып келіп, Абай даңғылымен серуендеп келе жатыр. Ал онымен кездесуі тиіс екінші кейіпкер – Алманың күтпеген жерден үйінің есігі жабылып қалып, подъездің алдында шеберді күтіп отыр. Сонда да Алма Даниярға телефон арқылы қаланы «аралатып» шығады. Алма үшін бұл жерлер балалық шағы, отбасы және жеке естеліктері бар орын. Ал Данияр үшін – әдемі, сәулетті ғимараттар мен өзі бұрын-соңды байқамаған детальдар. Олар Орталық стадион, футбол, цирк және балалық шақ туралы әңгімелеседі. Сол сәтте екеуінің арасында қарапайым серуеннен әлдеқайда маңызды бір нәрсе басталады. Сезім ұшқыны тұтанады. Ал олар бір-бірін түсінуге тырысып жатқанда, сіз Алматыны, оның ең таныс әрі қарқынды дамып келе жатқан Бостандық ауданын жаңа қырынан тани бастайсыз.
Бұл жоба Бостандық ауданы әкімдігінің бастамасымен және қолдауымен жүзеге асырылды.
Нұржамал ӘЛІШ