Бүгін Ұлттық құрылтайға 3 жыл толды. Бұған орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті деканы Қанат Әуесбай талдау жасады, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
Қанат Әуесбайдың айтуынша, 3 жылда ұлттық құрылтай қоғамдық институт ретінде тиімділігін көрсетті.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" аясында құрылғаны кеше ғана сияқты еді. 3 жылда көп шаруаның басы қайырылыпты. Мойындау ләзім, Ұлттық құрылтай қоғамдық институт ретінде тиімділігін көрсетті. Көрсетіп те келеді. Құрылтай аясында "Қандай істер атқарылды?" деген өміршең сұраққа қысқа қайырып, нақты айтсам:
- Ұлттық құрылтай билік пен халық арасындағы тиімі зор шынайы диалог алаңына айналды. Қоғамның түрлі топтарын, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қауымдастықтар және сарапшылар қоғамдастығы өкілдерін біріктірді.
- Саяси реформаларға ықпал етті. Расын айту керек, Ұлттық құрылтай еліміздегі ауқымды саяси реформаларды іске асыруға белсенді атсалысты. Нақты айтқанда, жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заңымызға өзгеріс енді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкімет жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарып, Конституциялық Сот құрылды.
- Жергілікті билікті жаңғырды. Ұлттық құрылтай қолдауымен жергілікті билік тармағы да маңызды өзгерісті бастан өткерді. Соңғы үш жылда ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екен. Пилоттық жоба ретінде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Биыл барлық аудан әкімін халық тікелей сайлайтын болды", - деді ол.
Сондай-ақ, Қанат Әуесбай заңнамалық бастамаларға тоқталды. Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар аясында 16 заң қабылданыпты.
Олар:
- "Республика күні" ұлттық мереке мәртебесіне ие болды.
- "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң қабылданды.
- "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" заңға түзетулер енгізілді.
- Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру үшін 9 құрметті атақ бойынша түзету енгізілді.
- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыс ретінде танылды, педофилдерге қатысты жаза қатайтылды.
- "Митингілер туралы демократиялық заң" қабылданды.
- Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізілді.
"Құрылтай қоғамды біріктіру және жалпыұлттық құндылықты дамытуға басымдық берді. "Балалар кітапханасы" жобасы іске асты, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға мән берілді. 3 жылда 1300 білім ордасын жаңғырту, оның ішінде 900 ауылдық мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 188 медициналық нысан салынып жатыр екен", - дейді ол.
Қоғамдық қауіпсіздік және тәртіп: Ұлттық құрылтай құқық қорғау және заңдылықты нығайту бағытында да жұмыс жүрді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесі кең ауқымда талқыланды. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекіді. Жастар санасын уалаған вейпті елге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы заң қабылданды.
"Тоқетерін айтқанда, Ұлттық құрылтай – Қазақстан қоғамын ортақ мақсатқа жұмылдырып, жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналғаны рас. Қалай болғанда да шығар күндей шындық осы", - деді Қанат Әуесбай.

Қанат Әуесбай