Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап қатысып келе жатқан балалардың жинақтары инвестициялық кірісті қоса есептегенде жалпы $370,56-ға жетті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ұзақмерзімді қолдау тетіктерінің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Аталған жобаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударалып отырады. Кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға болады.
Бағдарлама негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Алғашқы жылы оған 6,91 млн бала қатысып, олардың әрқайсысының шотына $100,52 көлемінде қаражат аударылды. 2025 жылы қатысушылар саны 6,92 млн балаға дейін артқан, ал жылдық төлем $129,38 мөлшеріне жетті. 2026 жылғы бөлу қорытындысы бойынша қаражат 6,91 млн балаға есептелді, бұл ретте жылдық төлем көлемі $130,71-ді құрады.
Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап қатысып келе жатқан балалардың жинақтары инвестициялық кірісті қоса есептегенде жалпы $370,56-ға жетті.
Үш жыл ішінде бұл бастама аясында жалпы $2,3 млрд бөлінді, оның ішінде кәмелетке толған балалардың шоттарына $238,5 млн-нан астам қаражат аударылды.
Бүгінгі таңда 297 мыңнан астам өтінім мақұлданды: оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 187 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы $33 млн-нан астам; білім алуға – 110 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы $19 млн-нан астам.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері аса маңызды. Қазіргі таңда бұл бағыттар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» жалпы қағидатымен үндестірілген.
Бұл бағыттағы негізгі басымдық ерте профилактикаға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға берілген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап елдің барлық мектептері мен колледждерінде нормативтік тәртіпте «ДосболLIKE» және KiVa антибуллинг бағдарламалары енгізілді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгез қарым-қатынас фактілеріне мемлекеттік органдардың бірыңғай әрекет ету алгоритмдері бекітілді. Өңірлік деңгейде барлық облыста мамандандырылған психологиялық қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеуде.
Сонымен қатар мемлекеттік бақылау айтарлықтай күшейтілді. Уәкілетті органдардың тексерістері енді міндетті түрде мектептегі тамақтану сапасын, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің толықтығын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарының сақталуын қамтиды.
2026 жылғы негізгі құқықтық өзгеріс – балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін тікелей әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі болды. Енді буллинг фактілерін елемеу, асханалардағы тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер немесе тиісті профилактикалық жұмыстың жүргізілмеуі үшін оқу орындарының басшылығы мен жауапты тұлғалар заң алдында жеке жауапкершілікке тартылады.
Осы жұмысты жергілікті деңгейде үйлестіру үшін әкімдіктер құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар түріндегі жеке салалық ведомстволар құрылуда. Олар мектептер, қамқоршылық органдары, психологиялық қызметтер мен әлеуметтік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды тікелей үйлестіреді.
Мамандардың жүктемесін азайтып, жұмыстың сапасын арттыру мақсатында алғаш рет заңнамалық деңгейде қамқоршылық органдары үшін қатаң кадрлық норматив бекітілді: 5 мың балаға кемінде бір инспектор қарастырылған.
Осылайша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген кешенді тәсіл шашыраңқы қолдау шараларын бірыңғай, ашық әрі технологиялық экожүйеге айналдыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды қаржыландыру, тікелей төлемдер, цифрлық ваучерлер және Ұлттық қордағы мақсатты шоттар – мұның барлығы елдің адами капиталына бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік инвестициялар. Үкімет өз тарапынан балаларды қорғау, қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, табысты пилоттық жобаларды кезең-кезеңімен кеңейтуді және әрбір жас қазақстандық үшін институционалдық кепілдіктерді күшейтуді жалғастырады.
«Ұлттық қор – балаларға»: болашақ ұрпақтың қаржылық іргетасы