Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары журналистерге арналған «AI-QazMedia» қазақтілді жасанды интеллект моделін қолданысқа енгізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Платформа қажетті ақпаратты жылдам табуға, көлемді мақалаларды талдауға және деректерді жүйелеуге көмектеседі.
Платформаның дерекқорына 300 мыңға жуық бірегей мақала енгізілген. Олардың арасында республикалық газет-журналдардың мұрағаттарынан жинақталған материалдар да бар. «AI-QazMedia» журналистерге мәтінмен жұмыс істеудің үш тәсілін ұсынады. Платформа көлемді мақаланың мазмұнын қысқаша түйіндейді, негізгі тұжырымдары мен қорытындыларын тізім түрінде береді және пайдаланушыға қажет деректерді мәтіннен іріктеп, кестеге түсіреді.
- Жобаны әзірлеуге ҚазҰУ-дың бес ғалымы қатысқан. Жобаға қатысқан ҚазҰУ доценті Әсел Оспанның айтуынша, команда платформаны сұхбатқа дайындалуға және оның аудиожазбасын өңдеуге бейімдеуді жоспарлап отыр. «Болашақта платформаға аудио тану мүмкіндігін қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл журналистерге сұхбат алу кезінде көмектеседі, – деді Әсел Оспан.
Жоспар бойынша жасанды интеллект көмекшісі сұхбат алдында сұрақтар әзірлеуге көмектеседі, ал сұхбаттан кейін аудиожазбаны мәтінге айналдырып, сұрақтар мен жауаптарды дерекқорға сақтайды.