ffin.kz

Түйе сүті – жанға шипа, дертке дауа

Түйе сүті – жанға шипа, дертке дауа almaty-akshamy.kz

Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде, әрине, ұлттық сусындарды тасада қалдыруға болмайды. Нақ осы ұлтымыздың сусындарына қатысты отандық ғалымдар бір ғана шұбаттың жүзге тарта қасиетін дәлелдеп отыр. Ғылыми дәйектерге жүгінсек, қазақтың шұбаты әлемнің шөлін қандыруға қауқарлы, халықаралық нарықта бәсекеге бәс тігуге қабілетті, сондай-ақ талай дертке дауа болар қасиеттері де баршылық.


 


Әрі сусын, әрі тамақ


Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Түйе сүтінің маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем. Әсіресе, асқазан жарасына шипалы. Шұбаттың арқасында осындай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, шұбат адамның иммунитетін көтереді.


Жақында ғана ғалым-профессор Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады. Сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып жатқанда, шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов дауасын түйе сүтінен тапты. Қазір дүниені рак ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онкологиялық институтының профессоры Р.И. Якубовская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруының алдын алатын лапрот деген препаратты өндіріске енгізбекші. Профессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ ғылыми жаңалықтың өзіндік қиындықтары аз емес. Мәселен, 1 грамм лактоферринді алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзіндік құны 2500–3000 АҚШ доллары. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек. Ғалымның дәлелдеуінше, түйе сүтінен де лактоферрин алуға болады. Сонымен қатар, түйе сүті сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда, құрт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде.


 


Бауыр, бүйрек жұмысын жақсартады


Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде. Ғалымдардың айтуынша, сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол екенін анықтады. Оған дәлел бiр литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін бере алады екен. Қымыран қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда шұбаттың тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары.


 


Шұбатпен емдейтін шипажай ашу керек


Түйе сүтінің адам ағзасына тигізер шипасы орасан. Біріншіден, адамның асқазаны мен ішегіне көмегі көп. Екіншіден, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Адам ағзасын орнына келтіруге пайдасы зор. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.


Осыдан біраз бұрын қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов «Қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек» деп Үкіметке депутаттық сауал жолдаған да болатын. Қымыз-шұбат мәселесінің Парламент мінберінде көтерілуі бұл бірінші рет емес. Барды бағалай білу керек емес пе? Қымыздың патенті немісте. Көжеге қырғыздар иелік еткен. Біз әлі ойланып жүргенде ұлттық сусындарымыз өзгенің иелігіне өтіп жатыр. Қазақ қашан қозғалмақ?


Керек десеңіз, шұбат – қырық түрлі ауруға ем. Кезінде елімізде өкпе ауруларын тек шұбат-қымызбен емдейтін 15 шипажай болса, бүгінде олардың жұмысы тоқтап қалған. Керісінше, Ресей 80-нен астам шұбат өндіретін агрофирма ашып, осы елде қымыз бен шұбат арқылы емдейтін 48 шипажайдың жұмысын жолға қойған. Шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығушылық таныта бастаған. Мәселен, Германия біздің ұлттық сусынымызды дайындап, оның ұнтағынан түрлі тағамдар мен косметикалық заттар алуды игерген.



Иә, қазақ шұбат ішуден қалып бара жатқандай. Бүгінде дүкендердегі қымыз-шұбат сусындары мүлдем талапқа сай келмейді деген де пікір бар. Бәлкім, шұбатты ғылыми тұрғыда зерттеу орталығы ашылса, біраз мәселе шешімін табар... Мұнан бөлек, қазақтың ұлттық тағамдары деген республикалық ұлттық орталық ашуымыз керек-ақ. Кезінде ұлттық сусындарды түбегейлі зерттеп, қымыз бен шұбатты баптап, әзірлеудің, он айға дейін алғашқы дәмі мен сапасын сақтайтындай технологиясын, оларды ұнтақ түрінде дайындаудың әдістерін де ойлап тапқан қазақ ғалымы профессор Зұлхайнар Сейітұлы еді. Қайткен күнде де шұбаттың қасиетін насихаттауды бір сәтке де тоқтатпаған жөн. Сонда жастарымыз арақ-шарапқа құмар болмай, ұлттық сусынымызға бет бұратын еді. Ел арасында маскүнемдер азайып, түрлі аурулар мен өлім-жітімнің алдын алар едік. Әйтпесе, қазақтың қымызы мен шұбатын да, ұлттық ойындарын да шетелдіктер иемденіп барады. Осының бәрін салыстырып қарағанда, ұлттық сусынымыз шұбатты әлі күнге дейін дамыта алмай отырғанымыз бойкүйездік пен немқұрайлылық емес пе?


Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусындарын ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбат жөнінде арнайы заң қабылдауымыз керек. Сонымен бірге, ұлттық сусындар өндіргісі келетін фермерлерді ынталандыратын жеңілдіктер қарастырылуы қажет шығар...


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
6
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45