Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында егін шаруашылығының өнімділігін арттыру, отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту және суармалы жерлердің көлемін кеңейту мәселелеріне тоқталды. Президент аграрлық секторда жерді тиімді пайдалану мен заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтіп, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне де назар аударды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Азық-түлік қауіпсіздігі мен өнімнің өзіндік құны
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі егін шаруашылығының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан мол өнім жинаумен қатар, әр гектардан алынатын өнімнің өзіндік құнын төмендету қажет. Бұған егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру, сапалы тұқым пайдалану, тыңайтқышпен қамтамасыз ету, ғылыми негізделген егіншілік пен суды үнемдеу арқылы қол жеткізуге болады.
Бидайға тәуелділікті азайту
Президент 2023 жылдан бері бидайға тәуелділікті азайтып, табыстылығы жоғары дақылдардың үлесін арттыру бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Енді топырақ пен климат жағдайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру қажет.
– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды, – деді Президент.
Тыңайтқыш өндірісін дамыту
Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту қажеттігін айтты. Қазір елде пайдаланылатын тыңайтқыштың жартысына жуығы шетелден жеткізіледі. Осы тәуелділікті азайту үшін Түркістан облысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр. Ал Маңғыстау облысында Қазақстандағы алғашқы аммиак-карбамид кешенін салу жоспарланған.
Президент Үкімет осындай жобаларды қолдауы керек екенін атап өтті.
Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру
Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру да форумда көтерілген негізгі мәселелердің бірі болды. Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылады. Алайда бұл жалпы аумақтың жартысына да жетпейді. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін мұндай технологиялар енгізілетін жер көлемін кемінде 1 миллион 300 мың гектарға жеткізуді міндеттеді.
– Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қазір 4,6 мың шақырым суару арнасын реконструкциялау және жөндеу жұмыстары басталған. Оның мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады.
Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігі
Президент Үкімет пен әкімдіктерге суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен байланыстыра әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу қажеттігін айтты.
Форумда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне де тоқталды. Оның пікірінше, туған жерінің дамуына үлес қосып, ауылдастарының игілігін ойлайтын фермерлер мен шаруаларға мемлекет әрдайым қолдау көрсетеді. Ал жерден пайда тапқанымен, шаруашылығына бармайтын, ауыл тұрғындарының мәселесіне көңіл бөлмейтін кәсіпкерлерге қатысты заң жүзінде шаралар қабылдау қажет.
– Бұл салада кәсіппен айналысатындардың бәрі, ең алдымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы аграрлық сектор елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Әсіресе тұрақсыз кезеңде бұл саланың маңызы арта түсетінін айтты.