Алматы қаласының тәжірибесі оң бағаланып, жүйелі жұмыстың нәтижелері мен табысты тәжірибелерді одан әрі кеңейту перспективалары атап өтілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 19 қарашада Алматы қаласына ЮНИСЕФ-тің өңірлік директорының орынбасары Абдул Азиз Фофана ресми сапармен келді. Сапар аясында ол Алматы қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ-не барып, Орталықтың қызметімен, сондай-ақ қала мектептері мен колледждеріндегі психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысымен танысты.
Кездесу барысында «Кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығын нығайту және балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» пилоттық бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бағдарлама 2026–2027 оқу жылында Алматы қаласының білім беру ұйымдарында ЮНИСЕФ бастамасымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.
Бағдарламаны «Сенімді дос» және «ЖЕҢІЛ» компоненттері арқылы кезең-кезеңімен енгізу психологиялық көмектің кешенді, көпдеңгейлі моделін қалыптастыруға, сондай-ақ психологиялық қолдауды қажет ететін балаларды уақтылы анықтап, оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Қол жеткізілген нәтижелер білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетті. Диагностиканы цифрландырумен ұштастырылған бұл жұмыс білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың психологиялық саулығын нығайтудың тиімді тетігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында Алматы қаласының тәжірибесі оң бағаланып, жүйелі жұмыстың нәтижелері мен табысты тәжірибелерді одан әрі кеңейту перспективалары атап өтілді.
Аталған кездесу ЮНИСЕФ-пен әріптестікті нығайтуға, ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасында дамуына бағытталған жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.