Жақында әншілердің фонограмма қолдануына қатысты жаңа талаптар талқыланып, қоғамда "әншілер енді мүлде фонограммаға сүйене алмайды" деген сыңайдағы алып-қашпа әңгімелер біраз айтылды. Фонограммаға тыйым салу керектігін депутаттар жыл басынан бері көтеріп келді. Мәжіліс фонограммамен ән айтуды "тыятын" заң жобасын қыркүйекте екінші оқылымда қабылдаған еді. Ал қарашаның басында Сенат тиісті құжатты жетілдіріп, Мәжіліске қайтарды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықовтың түсіндіруінше:
"Осы күнге дейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес фонограммаға тыйым салынбады. Алайда фонограмманы пайдаланған жағдайда алдын ала хабарлау керек деген норма болған. Қазіргі таңда мәдени бұқаралық іс-шараларды өткізген жағдайда дауыстық-вокалдық фонограммаға тыйым салыну көзделіп отыр".
Бірнеше түзетулерден кейін ақыры Мәжіліс дауыс фонограммасын пайдаланғаны үшін айыппұл көлемін бекітіп, алдағы уақытта 200 адамнан көп жиналатын іс-шараларда фонограммаға толық тыйым салынатынын айтты. Aqshamnews.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауал жолдап, нақты түсіндірме алды.
Ведомство түсіндіргендей, жаңа норма тек дауыс (вокал) фонограммасын пайдалануға қатысты. Яғни, 200 адамнан көп көрермен жиналған мәдени-бұқаралық іс-шараларда әншінің алдын ала жазылған вокалмен өнер көрсетуіне тыйым салынады.
Бұл - әншінің музыкалық сүйемелдеуді емес, дәл өзінің дауысын жазып алып, соны сахнада пайдалануына шектеу қойылатындығын білдіреді.
"Сонда қандай жағдайда фонограммаға рұқсат етіледі?" деген нақтылау сауалымызға министрлік бірнеше ерекшелікті атап көрсетті:
1. Арнайы техникалық жабдықталмаған ашық алаңдарда фонорамма қолдануға рұқсат. Олар
- ипподромдар;
- саябақтар;
- демалыс аймақтары;
- скверлер;
- алаңдар;
- көшелер.
Мұндай орындарда сапалы "жанды" дауысты қамтамасыз ету қиын болғандықтан, фонограмманы пайдалану заңды болып қала береді.
2. Телевизиялық контент түсіру кезінде де фонограммаға рұқсат етілетін жағдайлар бар:
- концерттердің тележазбалары
- телебағдарламалар түсірілімі
- жоба жасау кезінде
Яғни, дыбыстың сапалы жазылуына бағытталған кәсіби студиялық түсірілімдерге тыйым салынбайды.
3. Мейрамханалар, кафелер, клубтар және тойлар
Заң нормасы жеке кәсіпкерлікке араласуға тыйым салатын Кәсіпкерлік кодексіне байланысты:
- мейрамханалар
- түнгі клубтар
- музыкалық кафелер
- пабтар, барлар
- тойлар мен отбасылық шаралар бұл талаптан босатылады.
Яғни, мерекелік, той-думан форматындағы шараларда фонограмма қолдануға рұқсат.
4. Ойын-сауық орталықтарындағы әртістер
Ойын-сауыққа бағытталған орындар музыкалық-эстетикалық мақсатқа жатпайтындықтан, мұндағы әртістерге де шектеу қойылмайды.
Фонограмма қолдануға толық тыйым салынатын жағдайлар
- 200 адамнан көп көрермен жиналған кәсіби концерттер
- театр-концерт ұйымдарының ресми мәдени іс-шаралары
- отандық және шетелдік эстрада әртістерінің коммерциялық концерттері
Бұл талап бұзылған жағдайда, 1000 АЕК мөлшерінде(3 млн 700 мың теңге) айыппұл төлеу қарастырылған.
Ал айыппұлды өтеу ивент-ұйымдарға, жеке кәсіпкерлерге (өнер көрсетуді ұйымдастырушылар), орындаушыларға, шығармашылық ұжымдарға қолданылмақ.
Министрлік бұл шара елдегі концерттердің сапасын арттыруға, орындаушылардың кәсіби шеберлігін көтеруге және көрерменмен ашық әрі әділ қарым-қатынас орнатуға бағытталғанын атап өтті.
Бақылауды кім жүргізеді?
Ведомство өкілінің жауабына қарағанда:
"Заң нормаларының орындалуына бақылау жүргізу тетігі жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады, себебі әкімдіктер облыстар, қалалар, аудандар мен ауылдық округтер деңгейінде мемлекеттік басқаруды әкімшілік-аумақтық бөлініс шегінде жүзеге асырады".
Сонымен қатар, концерт ұйымдастырушылармен жасалатын келісімшарттарға "Фонограмма қолдануға тыйым" деген арнайы тармақ енгізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, әкімдіктер жанында ойын-сауық, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге өтінімдерді қарау жөніндегі ұйымдастыру комитеттері жұмыс істейді. Аталған комитеттер аясында ивент-ұйымдарға тиісті ұсынымдар берілмек.
Сонымен қатар, мемлекеттік театр-концерттік ұйымдарда көркемдік кеңестер жұмыс істейді, сондай-ақ әкімдіктер жанында өңірлік көркемдік кеңестер қызмет атқарады. Осы кеңестердің аясында театр-концерттік ұйымдардың және отандық шоу-бизнес өкілдерінің концерттік бағдарламалары қаралады.
Фонограмма қолданылуын жауапты концерттік мекеменің басшылығы мен тиісті жергілікті атқарушы органдар қадағалайтын болады.
Жаңа талаптар кәсіби концерттердегі фонограммаға шектеу қою арқылы концерттердің деңгейін көтеруді, жанды дауысты насихаттауды, отандық эстрада сапасын жақсартуды, көрермен алдындағы әділдікті қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Ал тойлар, мейрамханалар, клубтар, ашық алаңдар және телевизиялық түсірілімдер бұл талаптан тыс қалады.