Эпидемиялық маусым кезінде үй ішіндегі ауаны тазартып, бөлмелерді жиі желдету және жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Бұл тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралу қаупін азайтуға көмектеседі. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі үй жағдайында алдын алу шараларын ұсынды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бөлмелерді желдету
Министрлік мамандарының кеңесіне сәйкес, ең алдымен бөлмелерді күн сайын бірнеше рет 10–15 минуттан желдетіп тұру қажет. Әсіресе жатын бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын орындарға таза ауаның тұрақты келуін қамтамасыз еткен жөн. Сонымен қатар бөлмедегі температура мен ылғалдылықты қалыпты деңгейде ұстау керек. Жағдайы нашарлаған, әсіресе егде жастағы адамдарды тоңдырып алмауға көңіл бөлген абзал.
Тазалық шаралары
Үй ішін таза ұстау да – маңызды талаптардың бірі. Бөлмелерді күнделікті ылғалды тазалап, есік тұтқалары, жарық қосқыштары, үстелдер мен телефон сияқты жиі ұсталатын заттардың бетін сүртіп отыру ұсынылады. Жуынатын бөлме мен асүйде тазалық сақтап, қоқысты уақытылы шығару қажет. Тұрмыстық жуғыш және дезинфекциялау құралдарын нұсқаулығына сәйкес қолданған дұрыс.
Жеке бас гигиенасы
Жеке бас гигиенасына да ерекше мән берген жөн. Қолды сабынмен кемінде 20 секунд жуу, әсіресе үйге келгеннен кейін, тамақ ішер алдында және дәретханадан соң қолды тазалау маңызды. Қолды жуу мүмкін болмаған жағдайда антисептик қолдануға болады. Сондай-ақ жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен не шынтақтың бүгілген тұсымен жабу керек.
Жеке заттарды пайдалану
Бұдан бөлек, жеке сүлгі, тіс щеткасы және басқа да жеке заттарды ортақ пайдаланбау ұсынылады. Отбасы мүшелерінің бірі ауырған жағдайда онымен жақын қарым-қатынасты шектеп, жеке гигиена талаптарын күшейткен жөн.
Медициналық көмек
Министрлік ауру белгілері пайда болған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың саулығын сақтау үшін қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдырған маңызды.