AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Білім және ғылым / Зарап Темірбеков мұрасы – ұрпақ жадында

Зарап Темірбеков мұрасы – ұрпақ жадында

Білім және ғылым Бүгін 16:07 31
Зарап Темірбеков мұрасы – ұрпақ жадында
Әдебиет және өнер институты

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» РМК ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, журналист Зарап Мұсаұлы Темірбековтің туғанына 120 жыл толуына орай «Зарап Темірбеков: дәуір шындығы және тұлға тағдыры» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара аясында «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының қорынан Зарап Темірбековтің өмірі мен қоғамдық қызметіне, шығармашылық мұрасына қатысты кітаптар мен баспасөз материалдарынан жасақталған арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Алқалы жиынды жүргізген «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Бақытжанұлы Сейдін құттықтау сөзінде: «Қоғам қайраткері, журналист, қаламгер Зарап Мұсаұлы Темірбековтің туғанына 120 жыл толуына арналған басқосу – ел өміріне белсене араласып, баспасөз бен әдебиетке еңбек сіңірген тұлғаның рухына тағзым етіп, мұрасын жаңаша зерделеуге мүмкіндік беретін тағылымды жиын. Зарап Темірбековтің өмір жолы арқылы біз бір азаматтың тағдырын ғана емес, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамының күрделі кезеңдерін де танимыз», – деді.

Іс-шараға Зарап Темірбеков еңбек еткен негізгі сала – баспасөздің белді өкілдері арнайы қатысты. Бұл – қалам мен сөздің қадірін білген қайраткердің рухына көрсетілген зор құрмет әрі оның өнегелі жолын жалғап келе жатқан ізбасарларының тағзымы. Олардың қатарында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының және Қазақстан Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Өміржанұлы Жақып, «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Жүмажанұлы Төлебаевқа және «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Жақсылық Қазымұратұлы бас редактор Ерік Рахымның атынан құттықтау сөз сөйледі.

Тағылымды басқосуға тарихшылар, әдебиеттанушылар, музыкатанушылар, өнер қайраткерлері, жас зерттеушілер және Темірбековтер әулетінің өкілдері қатысты. Жиында Зарап Темірбековтің қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін зардаптары, қайраткердің замандастары мен отбасы мүшелерінің тағдыры жан-жақты сөз болды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD Еркін Стамшалов «ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: механизмі, ерекшеліктері, салдары» тақырыбында баяндама жасап, кеңестік кезеңдегі саяси жазалау жүйесінің қалыптасу тетіктері мен тарихи салдарына тоқталды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Ақлима Омарова «А.З.Темірбекова: “Ардақтап өтем атыңды”» атты баяндамасында Алма Темірбекованың әке есімін ақтау және оның мұрасын жаңғырту жолындағы еңбегін саралады. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Жайдаргүл Қазыбекова Алма Темірбекованың қазақ музыкасының этнографиясын, тарихы мен теориясын зерттеуге арналған өмір жолын қарастырды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова «Замандас зердесі: Ахмет Жұбанов естелігіндегі Зарап Темірбековтің тұлғасы» тақырыбында баяндама жасап, академик естелігінде сақталған деректер негізінде қайраткер тұлғасының көпшілікке беймәлім қырларын саралады.

Жиында жас зерттеушілер де белсенділік танытты. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Гаухар Мукашева ашық дереккөздердегі мәліметтер негізінде Сақып-Қамал Назарованың тағдырына тоқталды. Республикалық прозалық байқаулардың жеңімпазы Ерден Нұрахмет «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты баяндамасында Зарап Темірбековтің қысқа ғұмырына қарамастан, елдің қоғамдық-саяси және рухани өмірінде өзіндік із қалдырғанын баяндады.

Іс-шара барысында ғылыми баяндамалар музыкалық бағдарламамен сабақтасты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, композитор, күйші-домбырашы Шәміл Әбілтаев Мағжан Жұмабаевтың «Тұран» өлеңінің идеясына негізделген «Тұран» күйін күмбірлетті. Ақын өз шығармасында Тұранды түркі өркениетінің алтын бесігі, ал түркі жұртын асқақ рух пен қайсарлықтың символы ретінде бейнелесе, бұл идея күйдің көркемдік мазмұнынан да айқын көрініс тапты. Одан кейін Шәміл Әбілтаев дәстүр сабақтастығының жарқын белгісі ретінде домбырасын «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаевқа ұсынып, ол өзінің төл туындысы – «Қобыландының Тайбұрылы» күйін орындады.

Дөңгелек үстелде Зарап Темірбековтің өнерге жақын болғаны, оның актерлік және әншілік қыры туралы да құнды деректер айтылды. Солардың бірі – белгілі этнограф Александр Затаевичтің Ақан серінің «Құлагер» әнін Зарап Темірбековтің орындауынан нотаға түсіріп алғаны жөніндегі мәлімет. Осы тарихи сабақтастықты жалғастыра отырып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының студенті Ернұр Лес Арқа әншілік дәстүрінің көрнекті өкілі Ақан серінің «Құлагер» әнін шырқады. Ал аталған академияның магистранты Жасұлан Өтемұратов Жетісудегі Сүйінбай мен Жамбылдың ізбасары Кенен Әзірбаевтың «Гигигай» әнін әуелетті.

Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы Динара Нұрбаеваның шәкірттері Өтесін Пазылбеков, Алмат Балтабеков және Расул Әміржан күй шашуын тарту етті. Ғылыми мазмұн мен музыкалық мұраны ұштастырған бұл орындаулар дөңгелек үстелдің тағылымдық мәнін арттырып, жиынға ерекше рухани реңк берді.

Жиынға Зарап Темірбековтің Жаңарт (Орақ) есімді ұлынан тараған ұрпақтары – Жаңарттың ұл-қыздары мен немере-шөберелері Талғат, Шайгүл, Жаңыл, Зейнеб (Фатима), Жұмақыз, Зүлфия және Қайраттың ұлы, мерейтой иесінің шөбересі Зарап, сондай-ақ қайраткердің жақын туысы Алмат Жанәбілұлы Темірбеков пен күйеу баласы Қанат Ескелдіұлы Есмұратов қатысты. Темірбековтер әулетінің атынан сөз сөйлеген Жаңыл Темірбекова қайраткердің есімін жаңғыртуға, рухани мұрасын зерттеп, насихаттауға атсалысып жүрген ғалымдар мен іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді.

Зарап Темірбековтің ғұмыры қысқа болғанымен, оның қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы ұлт тарихында өшпес із қалдырды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» РМК ұйымдастырған, қайраткердің есімі мен мұрасын жаңғыртуға бағытталған бұл тағылымды жиын – осы жолдағы игі бастамалардың бірі. Алдағы уақытта оның өмірі мен қызметі мемлекеттік деңгейде жүйелі зерттеліп, мұрасы жинақталып, жеке еңбек ретінде жарыққа шығарылса, сондай-ақ есімі көшеге берілсе, бұл тарихи тұлғаның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам болар еді.

Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Ғылым #Музыка
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды

Бүгін 16:23

Эпидемиялық маусымдағы сақтық шаралары

Бүгін 15:20

«Жыр аққуы – Марфуға»: ақын Марфуға Айтқожаның 90 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді

Бүгін 14:58

Әлеуметтік жарна уақытылы аударылмаса, қайда шағымдану керек?

Бүгін 14:10

Жер бетінде Kp5+ деңгейіндегі магниттік дауыл тіркелді

Бүгін 12:24
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);