Желтоқсанның соңы, қаңтардың басында байланыс операторлары тариф құнын қымбаттады деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Қолданушылардың көбі сапасы сын көтермейтін байланыстың бағасы шарықтай беретініне наразы. Аqshamnews.kz тілшісі осы ақпаратқа байланысты Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сұрау салған.
Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес 207 жылғы 1 қаңтардан бастап бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтеріне тарифтерді мемлекеттік реттеу жойылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік Кодекстің 116-бабына және "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес байланыс қызметтеріне тарифтерді байланыс операторлары негізделген шығындар негізінде дербес белгілейді.
Соңғы 3 жылда (2023-2025 жж.) байланыс операторлары салаға 769 млрд. теңгеден астам инвестиция салды. Сонымен қатар, шығындардың өсуінің негізгі факторлары электр энергиясының құнын арттыру, базалық станциялар алаңдары үшін жалдау төлемдерінің өсуі, техникалық қызмет көрсету шығындарының ұлғаюы және радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемді қоса алғанда, реттеуші төлемдердің өсуі болып табылады.
Байланыс қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланыс саласында (ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 144-бабының негізінде тексеру ашу), сондай-ақ байланыс саласындағы тексеру парағымен бекітілген фактілер бойынша (Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 4 маусымдағы № 114/НҚ және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің «Ақпараттандыру, байланыс саласындағы, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» 2019 жылғы 6 маусымдағы № 52 бірлескен бұйрығына сәйкес тұрақты негізде мемлекеттік бақылау жүргізеді).
Сондай-ақ, "Байланыс туралы" заңға сәйкес облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігі 10-баптың 1-тармағының 3-2-тармақшасына сәйкес байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратынын хабарлаймыз. Демек, жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасының сақталуын бақылаудағы құзыреттері айқындалды. 2025 жылғы 17 қарашада ЖАО өкілдеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқық беретін "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Заңнамалық нормалар оған қол қойылған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде күшіне енеді.
Тарифті құнын көтереміз деген байланыс операторының бірі - Билайнға сұрау салғанымызда, олар компанияның сайтта тұрған түсініктемесін нұсқады.
Біз сіздің сезімдеріңізді түсінеміз, өйткені компания да осындай жағдайларды басынан кешеді. Телекоммуникациялық жабдық сатып алғанда, электр энергиясына, салық төлегенде шоттарды жаңа тарифтермен төлейді (былтыр 6,5 млрд теңге төледік). Айтпақшы, ҚҚС-тың жаңа мөлшерлемесі шығындарымызды 35 млрд теңгеге арттырады.
11,9 млн қазақстандық Beeline-ді байланыс операторы ретінде таңдауда және біз сіздердің ниеттестіктеріңізді бағалаймыз. Сондықтан байланыс құнына не әсер ететінін, бағалардың неге өзгеріссіз қала алмайтынын түсіндіріп, жаңа шарттар сізге қолайсыз болса, не істеу керегін ашық әрі түсінікті түрде айтып берсек дейміз.
Бүгінгі күні ұялы байланыс — күнделікті қажетті қызметтердің бірі екенін, оның қолжетімділігі мен тұрақтылығы әрбір пайдаланушы үшін аса маңызды екенін айқын түсінеміз. 21 қазандағы Үкімет отырысы осы мәселеге арналды. Отырыстан кейінгі брифингте Beeline Қазақстан холдингінің президенті журналистердің байланыс бағалары туралы сұрақтарына жауап берді:
Телекоммуникация – тұрақты инвестицияны қажет ететін сала. Саланың негізгі қозғаушы күші – тұтынудың өсуі. Соңғы 9 жылда біздің желіде тұтынылатын трафиктің жиынтық көлемі 36 есе артты. Біз халықаралық деңгейде белсенді пайдаланушылар қатарына кіреміз - бір мобильді интернет пайдаланушысы айына шамамен 20–30 ГБ жұмсайды.
Осы трафикті өткізу үшін біз мобильді желімізді үнемі жетілдіріп, өткізу мүмкіндігін арттыруымыз және қамту аумағын кеңейтуіміз қажет. Биыл жаңа 500 базалық станция орнаттық (240 ауылда кеңжолақты мобильді интернет пайда болды) және 1500-ден астам жабдықты жаңғырттық.
Бір базалық станцияның құны, жабдықтарды, антенна-діңгек құрылысын және биікте монтаждау жұмыстарын қоса алғанда, 110 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Желінің сыйымдылығын (яғни өткізу мүмкіндігін) қатарынан екінші жыл 40%-ға арттырып келеміз. Massive MIMO сияқты жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз. Электр қуаты жоқ жерлерде күн панельдерімен жұмыс істейтін жабдық орнатамыз. Желі таралмаған аумақтарды азайту үшін қос мақсатты бағандар санын көбейтудеміз. Starlink-тің Direct to Cell технологиясын сынап, енгізуді жоспарлап отырмыз. 2025 жылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша біздің күрделі шығындарымыз 65 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 30%-ға артық. Ал соңғы 5 жылдағы жиынтық көлем 370 млрд теңгеден асады.
Бұдан бөлек, шығындарымызға әсер ететін тағы бірқатар экономикалық фактор бар. Мысалы, соңғы 5 жылдағы жиынтық инфляция деңгейі 70%-дан асады. Бұл бірдей ақшаға қазір бұрынғыдан әлдеқайда аз тауар келетінін білдіреді. Бес жыл бұрын шартты түрде 1000 теңге тұрған тауарлар бүгінде 1700 теңге тұрады. Нәтижесінде жабдықтан бастап шығын материалдарына дейінгі барлық бағытта шығындардың артуына алып келді.
Желіні дамытуға арналған жабдықтың басым бөлігі Қазақстаннан тыс жерде өндірілетіндіктен шетел валютасына сатып алынады. 2024 жылы валюта бағамының ауытқуына байланысты шығындардың өсімі шамамен 3,7 млрд теңгені құрады.
Байланыс бағасын бекітіп қойса не болады? Салаға құятын инвестицияларымыз едәуір қысқарады, қажетті көлемде жаңа жабдық орнатуға және қолданыстағысын жаңғыртуға мүмкіндік ала алмаймыз. Ол байланыс сапасына әсер етеді, өйткені желі жүктемені көтере алмай қалады. Телекоммуникация саласындағы жалпы тоқырау цифрландырумен байланысты басқа салаларға да ықпал етеді. Қолжетімді әрі тұрақты интернет – мобильді қосымшаларды, финтех және басқа да цифрлы өнімдерді дамытудың негізі. Сондықтан бағаны өзгерту — тек байланыс саласында ғана емес, кез келген басқа салада да қажетті үдеріс.
Бағаны көтеруге өте байыппен әрі жауапкершілікпен қарайтынымызға сеніңіз. Тек нарықтағы орташа деңгейден едәуір төмен тариф жоспарларын ғана біртіндеп өзгертеміз және абоненттерде шешім қабылдауға уақыт болуы үшін өзгерістер туралы 30 күн бұрын хабарлаймыз.