Бүгін, 23 наурыз – «Наурызнама онкүндігі» аясындағы «Тазару күні». Сонымен қатар, әр айдың осы күні республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізіліп келеді. Бұл күн тазалық пен жаңаруға бастайтын Әз-Наурызбен астасып, ауқымды экологиялық шаралардың маңызын арттыра түсті.
Қала бойынша ұйымдастырылған эко-шараға «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы да атсалысып, тұрғындарды тазалық жұмыстарына ынталандырды. Олар жол жиектерін, серуен аймақтарын, көгалдар мен жүргіншілер жолдарын тазалап, өздерін жылы қабылдайтын өнерсүйер қауымды, сондай-ақ барлық қала тұрғындарын экологиялық шараға белсене қатысуға шақырды.
Өнерпаздар үндеуі
Алматылықтарды сенбілікке шақырған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артисі, актриса Лаура Мырзахметова қаланы таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Ол қала көркі мен тазалығы үшін қоғамдық орындардың, саябақтар мен серуен аймақтарының тазалығы ерекше маңызды екенін жеткізді. Театрдың әншісі Айсұлу Қайырғазина көктем – жаңару кезеңі екенін айтып, жұртшылықты осы кезде айналаны таза ұстап, көгалдандыруға шақырды.
Өнерпаз Нариман Қажымұратұлы жыл сайын сенбіліктерге қатысуды дәстүрге айналдырғанын айтты. Оның пікірінше, «Тазалық – саулық негізі. Бізге таза әлем керек». Оның әріптесі Елбол Қуанбек қала тазалығына әр азаматтың үлесі маңызды екенін айтып, барша тұрғындарды сенбілікке қатысуға үндеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының» тағы бір артисі Ермек Меденов қоғамдық шарадан қалыс қалмай, Алматыны таза ұстауға атсалысқанын айтты. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өткен театр артисі Ерғали Ағайдаров:
«Тәрбие – тал бесіктен басталатындықтан, мұндай іс-шаралардың жас буын үшін орны ерекше», – дейді.
Өнер адамдарының пікірі
Бибігүл Орынбасар, артист:
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы – өте маңызды шара. Қазір экологиялық мәселелер бүкіл әлемде өзекті болып тұр. Сондықтан мұндай сенбіліктердің пайдасы зор. Әрине, қаланы толық тазартып үлгермесек те, өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Себебі тазалық – саулық негізі».
Саттар Ерубаев, артист:
«Тазалық жұмыстарына жауапты арнайы мекемелер бар, бірақ бұл көпшіліктің жұмыла кірісуімен ғана нәтижелі болмақ. Мұндай ұжымдық еңбекті халқымыз «асар» деп атаған. Қала тазалығына үлес қосу – әр азаматтың парызы. Бұл тек сенбілік емес, халықтық мерекеге айналуы керек. Ең бастысы – бұл келешек ұрпаққа өнеге. Балаларға тазалықтың маңызын көрсетіп, оларды табиғатты аялауға үйрету қажет».
Оңдасын Бесікбасов, актер:
«Егер тұратын жеріміз таза болса, ауамыз да таза болады. Бұл – біздің немере-шөберелеріміздің денсаулығы үшін маңызды. Мұндай сенбіліктер ай сайын ұйымдастырылып, тұрақты түрде өткізіліп тұруы керек деп есептеймін. Бірақ арнайы іс-шараны күтпей-ақ, әр адам күнделікті жүрген жерін таза ұстаса, қаламыз көркейе түсер еді».
Қала тұрғындарын сенбілікке шақыру
«Алматы – біздің ортақ үйіміз!» ұраны аясындағы «Тазару күні» акциясы қаланың барлық аудандарын қамтыды. Шараның басты мақсаты – қаланы таза ұстау, қала тұрғындарының экологияны қорғауға деген ынтасын арттыру және жоғары тазалық мәдениетін қалыптастыру. Кезекті экологиялық акцияға «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымынан өзге де өнерпаздар қатысып, тұрғындарды игі іске үлес қосуға шақырды.
Өктем Алтаев, әнші:
«Алматыда өтіп жатқан экологиялық науқанға қатысып, ерекше көтеріңкі көңіл-күйге бөлендім. Наурыз бен Рамазан айының осындай шарамен тұспа-тұс келуі ерекше әсер сыйлады. Бұл акция жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алматыны сүйейік, таза ұстайық! Біздің сүйікті қаламыз әрдайым жүрегімізде!»
Асхат Тарғын, әнші:
«Алматы – біздің ортақ үйіміз», сондықтан әр тұрғын оның тазалығына үлес қосуы керек. Өнер адамдары да бұл бастамадан қалыс қалмай, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосып жатыр. Сенбілікке шығып, қағаз, пластик бөтелкелер мен өзге де қоқыстарды жинауды әдетке айналдырғанымыз жөн. Қала – бәрімізге ортақ, сондықтан тазалықты әркім өзінен бастауы тиіс. Егер әр тұрғын тазалыққа жауапкершілікпен қараса, табиғатымыз таза, қаламыз әсем әрі жайлы болары сөзсіз».