Жасөспірімдер арасында кездесетін ұрлық, бұзақылық, төбелес, денсаулыққа зиян келтіру, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне баса назар аударылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруды, жастардың құқықтық мәдениетін арттыруды және құқық бұзушылықтың алдын алуды мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындады.
Осы бағытта білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып, жас ұрпақтың бойында заңға құрмет, адалдық, жауапкершілік және азаматтық сана құндылықтарын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
Аталған міндеттер аясында Алматы қаласының білім беру ұйымдарында құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Соның бірі – Алматы технология және флористика колледжінде өткен «Қылмыстық жауапкершілік: нені білу қажет?» тақырыбындағы кездесу.
Іс-шараға Алмалы ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мәулен Қапабаев бастаған құқық қорғау органдарының өкілдері, колледж әкімшілігі, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жас мөлшері, заң талаптарын бұзудың салдары және құқықтық жауапкершіліктің маңызы туралы жан-жақты түсіндірді.
Әсіресе, жасөспірімдер арасында кездесетін ұрлық, бұзақылық, төбелес, денсаулыққа зиян келтіру, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне баса назар аударылды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын, әрбір әрекеттің құқықтық салдары болатынын және заң талаптарын сақтау қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі екенін түсіндірді.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және жалпы қоғамның ортақ міндеті.
Осы орайда Алматы қаласының Білім басқармасы білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тәрбие жұмыстарына ерекше мән береді.
Мұндай кездесулер жастардың заң алдындағы жауапкершілігін терең түсінуіне, құқықтық мәдениетін қалыптастыруына және саналы азамат болып өсуіне ықпал етеді.
Заңға құрмет – жауапты азаматтың басты қасиеті. Ал құқық бұзушылықтың алдын алу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.