1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – əр қазақтың жүрегінде. Әсіресе, сол тұста елім, жерім деп соққан аппақ жүрегін қолына ұстай алаңға шыққан жастардың һәм бүгінгі аға буынның мәңгі көкейінде.
Иә, Желтоқсан – қазақ жастарының жүрегімен, тегеурінді күш-қайратымен жасалған ұлы ерлік. Оған қатысқан жастардың тағдыры да оңай болмады. Түрменің азабын тартқандары да аз емес, жұмыстан, оқудан қуылып, денсаулығынан айрылғандары қаншама!
Қаладағы А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада жастар Жүрсін Тастекеев, Нұрлан Мейрамов, Ахмет Махатов, Дина Нәлтаева, Нағима Далабаева, Багизат Әмірханова сынды желтоқсаншы аға-апайларымен кездесті. Аға буын мен жас буын арасында диалог орнамас бұрын, сонау ызғарлы Желтоқсан оқиғасында қыршынынан қиылған боздақтарға бір минут үнсіздік жарияланды. Сосын меймандар еске алу қаншалықты ауыр болса да, өткен күндерге шегініс жасап, жасөспірімдердің сұрақтарына орай, Желтоқсан оқиғасының шын мәнінде қалай болғанын, жастар не үшін алаңға шыққанын әңгімелеп берді.
Сол тұстағы алаңға шыққан жастардың дені ауылдың қара домалақ балалары еді. Олар арман қуып ару Алмтыға келген. Оқуға түскені түсті, түсе алмағандары жұмысқа тұрды. Ауылдан, қалың қазақтың арасынан келген қыз-жігіттер орыс тілін қайдан білсін, міне, тіл білмегеннің зардабын осы тұста тартты. Ең ауыр, қара жұмысқа де жегілген қазақ жастары. Ал оқуда жүргендері сабақтан кейін вокзалға барып көмір түсіретін. Көшеде бір-бірімен сөйлесіп тұрса, «Неге біз түсінбейтін тілде сөйлесіп тұрсыңдар? Орыс тілінде әңгімелесіңдер, бізге түсінікті болсын!» деп, орыстың кемпір-шалына дейін өктемдік танытатын Алматы көшесінде.
– Желтоқсан оқиғасының басталуына Мәскеудің біздің елдің басшысын ауыстыру жөніндегі әміршілдік әрекеті ғана себеп болған жоқ. Жаңа басшылыққа Қазақстан халқына мүлдем таныс емес Колбиннің келуі жылдар бойы жинақталған ашу-ыза мен наразылықтың сыртқа атылып шығуына түрткі болды. Жетпіс жылдай үстемдік құрған тоталитарлық жүйе қанша әрекеттенгенімен, біздің ой-пікір бостандығымызды тұншықтыра алмады. Біз алаңға қазақ еліне өз ұлтына басшы сайлансын деген ұранмен шықтық, – деді желтоқсандық ардагер Жүрсін Тастекеев.
Ал замандасының сөзін жалғаған Ахмет Махатов:
– Біз ешкімге жамандық жасаған жоқпыз. Ешқандай бұзақылыққа барған жоқпыз. Біз «Қазаққа қазақ басшылық етсін!» деген патриоттық ұранмен бейбіт шеруге шықтық. Бізді тыңдайды, құлақ асады деп сендік. Өкінішке орай олай болмады. Бізді бір кеште бұзақыларға айналдырып шығарды да, әскери күштерді жауып келіп жіберіп, ұрып, тоқпақтап, мұз қатқан желтосқанда су шашып, итке талатып, басып, жаншып, үш күннің ішінде қаланы тазартып тастады. Осынау ызғарлы сәттерде қазақ жігіттерімен бірге қорықпай алаңға шыққан, қансырап жатқан азаматтарды аман алып қалу үшін оларды нәп-нәзік қолдарымен мұз үстімен сүйрелеген жүректі, қайсар қазақ қыздарын әлі күнге құрмет тұтамын! – деді тебірене.
Кештің тағы бір мейманы - Нұрлан Мейрамов жастарды Тәуелсіздіктің қадірін білуге, білімді, білікті, елжанды болуға шақырды.
Иә, алаңға тек ер-жігіттер ғана емес, нәзік жанды, қайсар мінезді қаракөздеріміздің де қатысқаны мәлім. Алматы инновациялық-техникалық колледжінің студенті Ерасыл Жұмаш: «Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ қыздарының басынан сапер күрекпен ұрғаны рас па?», – деген сұрақ қойды. Қыздарға қол көтеруге болмайды деген тәрбиемен өскен қайран тап-таза бала, ол кездегі қатыгездікті көрген жоқ қой! Көрмей-ақ қосын, әрине! Бірақ бұл Тәуелсіздіктің бізге қалай келгені, қандай жолмен жеткені туралы біліп жүрсінші!
Бозбаланың осы сауалынан кейін залда біразға дейін үнсіздік орнады. Дина Нәлтаева мен Багизат Әмірханова «нағыз қиындық көрген замандасымыз Нағима апайларың» деп ортаға шығарды. Осы сәтте кейіпкерлермен бірге тебіренбеген, көзіне жас алмаған адам қалмады десек болар.
Нағима ДАЛАБАЕВА, желтоқсанға қатысушы:
– Мен ол кезде 17 жас болатынмын. Колледж студенті едім. Оған қоса, «АДК»-да құрылыста жұмыс істеп жүреген кезіміз. Көбіміздің орысшаға шорқақпыз. Орыстар бізді менсінбей «калбиттер» дейтін. Өзіміздің ақ, адал еңбегімізбен тапқан жалақымызды алу үшін де орыстарға жалынатынбыз.
Кеш қарайған, сағат сегіз, жұмыстан келіп жатқан сәтіміз еді. Жастардың алаңға шығып жатқанын естіп, біз де қарап отыра алмадық, «билікке өзге ұлт емес, өзіміздің қазақ келсін, осы қорланғанымыз жетер» деп, желтосқанның аязына қарамай шығып кеттік алаңға. Бес қыз едік.
Алаңда небір сорақылықты көзіміз көрді. Қыздарды дубинкамен ұрып құлатып, мұзға отырғызып қойғанын, шаштан сүйреп, итке талатып, мұздай су шашқанын, тіпті бір қызды басынан сапер күрекпен салып кеп қалғанда қақ айрылған басын да, қан жуған бетін де көз көрді. Бізді қақап тұрған аязда машинаға тиеп алып, қаладан 19 шақырымдай болатын жердегі айдаладағы көлге апарып төгіп кетті.
Желтоқсанның мұзы қатқан пальтомызбен бізді судан өзіміздің жігіттер шығарып алды. Сол маңдағы бір саяжайдың терезесін сындырып кіріп, сонда түнедік. Ертеңіне жарықта бізді көрген бейтаныс түріктер жылы үйіне кіргізіп, мұз болып қатып қалған киімдерімізді ауыстырып, ыстық шәйін беріп, «Москвич» көліктерімен жатақханамызға жеткізіп салды. Сол түріктер кейін өз еліне көшіп кеткен екен, биыл бізге іздеу салып жатыр деп естідік жақында. Біздің кейінгі тағдырымызға алаңдап, хабар білгісі келіп жатқан түрік бауырларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бес қыздың екеуі қазір із-түзсіз жоғалып кетті. Кенже деген құрбымызды «жастарды ұйымдастырушы, бүлікке себепкер» деген желеумен елден жыраққа, Мәскеуге бес жылға жер аударып жіберді. Бес жыл бойына жат жерде, ағайын-туыстан алыста, кірген-шыққаны аңдулы қатаң күзетпен күндер кешті. Міне, біздің қазақ қыздарының да бүгінгі Тәуелсіздік жолында жүріп өткен ізі сайрап жатыр.
P.S.
Намысты, елжанды, рухты қазақ жастарының табанды тегеурінімен, алапат күш-қайратымен келген бүгінгі Тәуелсіздікті біз сендерге, жастар, аманаттаймыз! Кеш қонақтарының айтқан тілегі осындай.