Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, Мемлекет басшысының әділетті қоғам құру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Ол өз үндеуінде бірнеше мәселені қозғап, құқық бұзушылықтарға қатысты деректерді баяндап, заңсыздықтармен күресу қажеттігін атап өтті, - деп хабарлайды aqshamnews.kz
Мұхамедиұлы өз хатында 2016 жылы министр болған кезінде күмәнді компанияға 3 миллион доллар аударуға қарсы болғанын, оның орнына бұл қаражатты Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісімен түсірілген «Алмас қылыш» тарихи фильміне бағыттағанын атап өтті. «Мен бұл шешімді әділеттілік пен мемлекеттік ресурстарды қорғау мақсатында қабылдадым», – деді ол.
Экс-министр сот және мемлекеттік құрылымдардағы кейбір мәселелерді айта келе, әділетсіздік пен заңсыздықты мысалдармен келтірді. Соның бірі – Алматы қаласының Алатау аудандық сотының судьясы Д.С. Айқұловтың 2024 жылы криптовалюта арқылы мүлікке төлем жасаған Арман Байқадамның пайдасына шешім шығаруы. Мұхамедиұлының айтуынша, бұл шешім заңсыз әрі әділетсіз, себебі Қазақстанда криптовалютаның айналымына тыйым салынған болатын.
Сондай-ақ, ол Астана қаласының судьясы А. Қарымова үш рет азаматтық-процессуалдық кодексті бұзып, бір істі Серік Қарымсақовтың пайдасына шешкенін айтып өтті. Мұхамедиұлы бұл әрекеттерді заңға қайшы деп бағалап, сот жүйесінің әділдігі мен тәуелсіздігіне күмән келтірді.
Экс-министр елге активтерді қайтару бастамасы аясында болған жағдайды да мысалға келтірді. 2024 жылдың ақпан айында «Nomad Land’s» ЖШС Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін мемлекетке қайтаруды ұсынғанымен, сот бұл келісімді жарамсыз деп таныған. Кейін Жоғарғы сот бұл мүлікті жеке меншікке беру туралы шешім шығарып, оны қылмыстық топтың мүддесіне қызмет ететін тұлғаға тапсырған.
Мұхамедиұлы, сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды бақылау мәселесін қозғап, Президент Жарлығымен құрылған Жоғарғы аудиторлық палата жұмысына кейбір соттардың бағынбайтынын алға тартты.
Соңында экс-министр Мемлекет басшысынан заңсыздықтарға тосқауыл қоюды сұрап: «Сізден заңсыздық пен сіздің саясатыңызға қарсы әрекеттерді тоқтатуды өтінемін», – деп жазды.
Еске салайық, Мұхамедиұлы 2022 жылы халықаралық көрме үшін бөлінген 221 миллион теңгені жымқыру ісі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін оның жазасы пара алуға оқталу дерегі үшін 11 жылға дейін ұзартылды.