Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні.
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев бұл жай ғана кәсіби мереке емес, өз өмірін адам игілігіне қызмет етуге арнаған жандарға шынайы алғыс білдіретін күн дейді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Операциялық бөлмелер мен жансақтау бөлімдерінде, ғылыми зертханалар мен консультациялық кабинеттерде еңбек етіп, күрделі шешімдер қабылдап, науқастың сауығу жолында жанынан табылатын мамандарға құрмет көрсететін ерекше мейрам.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты – бүгінде еліміздің жетекші ғылыми-клиникалық орталықтарының бірі. Мұнда ғылыми мектептер қалыптасып, диагностика мен емдеудің озық технологиялары енгізіліп, жүздеген жоғары білікті мамандар даярланды.
Біз қарқынды өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Медицина технологиялық, жекелендірілген және ғылыми дәлелдерге негізделген салаға айналуда. Цифрлық шешімдер, жасанды интеллект пен жоғары технологиялық араласулар маңызды болғанымен, табыстың басты факторы адам болып қала береді. Ол – шешім қабылдайтын, пациентке жанашырлық танытатын және нәтижеге жауап беретін кәсіби маман.
Сондықтан біз кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Қызметкерлеріміз біліктілігін тұрақты түрде арттырып, әлемнің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтеді, халықаралық ғылыми жобаларға қатысады және үздік әлемдік тәжірибелерді отандық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуде.
Біздің жұмысымыздың нәтижелерінің ұлттық деңгейде мойындалуы ерекше мақтаныш сезімін тудырады. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы рейтингінің қорытындысы бойынша Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты ғылыми-инновациялық қызметі жөнінен Қазақстандағы клиникалық бейіндегі ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар арасында бірінші орынға ие болды.
Бұл жетістіктің артында үлкен ұжымдық еңбек жатыр. Бүгінде институттағы ғылым практикалық медицинамен қатар жүреді. Әрбір зерттеу денсаулық сақтау саласының нақты міндеттерін шешуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Институт ғылыми жобаларды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен, сондай-ақ өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Бұл жұмыстың нәтижелері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан да жоғары бағалануда. Институттың Хирш индексі 31-ге жетіп, ғылыми дәйексөздер саны 19 мыңнан асты. Бұл көрсеткіштердің артында Лаура Даньярова, Зауре Душимова, Айсұлу Мұсағалиева, Эльмира Кұлтанова сияқты ғалымдарымыздың және басқа да зерттеушілердің көп жылғы қажырлы еңбегі жатыр.
Басқарма төрағасының ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жәмилә Қайбуллаеваға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ол практикалық медицина, ғылым, білім беру және қоғамдық қызметті табысты ұштастырып, Ішек ауруларын зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамы ұйымын басқарады. Оның кәсібилігінің арқасында институтымыздың гастроэнтерология ғылыми мектебі халықаралық деңгейде кеңінен танылды.
Заманауи медицинаны дамытудың маңызды бағыттарының бірі – клиникалық зерттеулер. Дәрілік заттарды клиникалық сынау бөлімінің басшысы Елена Ибраева және оның командасы халықаралық және отандық зерттеулердің сапа мен қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарына сай жүргізілуін қамтамасыз етеді. Олардың еңбегінің арқасында пациенттер инновациялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп, қазақстандық медицина жаһандық ғылыми кеңістіктегі өз орнын нығайтуда. Бұл қызметтің жоғары деңгейінің маңызды дәлелі ретінде Жергілікті биоэтика комиссиясының GCP стандарттарына сәйкестік сертификатын алуын атап өткен жөн.
Әрине, Институттың жүрегі – біздің дәрігерлеріміз. Олар күн сайын мыңдаған жүрек пен адам тағдыры үшін күреседі.
Біз кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Әсемгүл Амантаеваны, кардиолог Ойбек Мамадалиевті, күндізгі стационар меңгерушісі Бағдат Құттыбаеваны, консультациялық-диагностикалық орталықтың кардиологтары Гүлнар Удербаева мен Мұхабатхан Тохтасунованы, қабылдау бөлімінің кардиологы Диляра Эюбованы, кардиология және оңалту бөлімшесінің кардиологы Әйгерім Нағиматуллаеваны мақтан тұтамыз.
Интервенциялық кардиолог Нұржан Төменов ерекше құрметке лайық. Оның кәсіби қызметі коронарография, коронарлық артериялардың күрделі зақымдануларын стенттеу, жүректің оң жақ бөлімдерін катетерлеу және қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау (TAVI) сияқты ең күрделі жоғары технологиялық араласуларды жүргізумен байланысты. Осындай мамандар бүгінде отандық кардиологияның болашағын қалыптастырып, әлемдік деңгейдегі технологияларды Қазақстанда енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Барлық лайықты жандарды атап шығу мүмкін емес. Институттың жетістіктерінің артында жүздеген қызметкердің еңбегі тұр: дәрігерлер, мейіргерлер, зертхана мамандары, инженерлер, зерттеушілер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер. Олардың әрқайсысы халық денсаулығын сақтау жолындағы ортақ іске күн сайын өз үлесін қосуда.
Медицина ешқашан жеңіл мамандық болған емес. Ол тек білім мен тәжірибені ғана емес, мінездің беріктігін, жан жомарттығын, сабырлылықты және әрдайым көмек көрсетуге дайын болуды талап етеді. Сондықтан қоғам медицина қызметкерлеріне әрдайым ерекше құрметпен қарайды.
Мамандығыңызға деген адалдығыңыз, ұйқысыз кезекшілігіңіз, құтқарылған талай өмір, пациенттер мен олардың отбасына көрсеткен қолдауыңыз және санмен де, есеппен де өлшеуге келмейтін күнделікті еңбегіңіз үшін рақмет айтамын, құрметті әріптес!